Биыл егемен еліміздің Конституциясына 30 жыл толып отыр. Осы тарихи құжат тәуелсіздігіміздің ең басты тірегі, мемлекеттілігіміздің берік тұғыры болды. Бұл уақыт ішінде Конституция еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық даму бағыттарын айқындап, халықтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің кепіліне айналды.
Тарихқа жүгінсек, «Қасым ханның қасқа жолы» сонау қазақ халқының хандық дәуірінде шыққан заң ережелері саналады. Қасым хан 1511-1518 жылдары билік құрған. Ол осы аралықта халықтың этникалық көріністерін көрсетіп, әдет-ғұрыптық заңдардың жиынтығын жасады. Осы жарғыларға байланысты халық арасында «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталып кеткен.
Аталған жарғы 17 ғасырға дейін жетіп, Есім хан тұсында «Есім ханның ескі жолы» деген жаңа атауға ие болды. Бұл құқықтық актіде ханның, билер мен батырлардың өкілеттігі, сондай-ақ олардың өзара міндеттері мен құқықтары айқындалды. Шын мәнінде хан ақсүйектердің саясаттағы рөлін шектеп, билерге арқа сүйей бастады. Мәслихат әлі де жоғары заң шығарушы билік болып қала берді. Оның құрамына қазақ қауымдарының барлық өкілдері және тек ең ықпалды сұлтандары кірді. Мәслихат жылына бір рет, негізінен күзде Ұлытауда, Түркістан қаласында немесе Ташкент маңында жиналатын болған.
Ал 1680-1718 жылдары билік құрған Тәуке хан тұсында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, дәстүрлі әдеп-ғұрыптары жайлы «Жеті жарғы» заңдар жинағы қалыптасты. Оған хандық билікті нығайту үшін жаңа қағидалар енгізілді. Нәтижесінде «Тәуке ханның жеті жарғысы» арқылы ел ішіндегі даулы мәселелер өз шешімін тапты.
Басынан аумалы-төкпелі заманды өткізген жұртымыз хандық кезеңнен айырылып, патша үкіметінің құрамына енді. Атап айтқанда, 1867-68 жылдары патша үкіметі Қазақстан аумағында әкімшілік реформа жүргізді. Оның негізгі мақсаты сұлтан билігін түпкілікті жоюға және жалпы империялық басқаруды енгізуге бағытталды.
Содан кейін Кеңестік Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1937 жылы 26 наурызда өткен Х Бүкілқазақтық Кеңестер съезінде қабылданды. 11 тарау мен 125 баптан тұратын құжатта азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттері айқындалды. Атап айтқанда, еңбек ету құқығы, демалу, қартайған шағында, ауырған және еңбекке жарамсыз болған жағдайда материалдық қамтамасыз ету, денсаулықты сақтау, сөз бостандығына кепілдік, баспасөз, жеке басына қол сұғылмаушылық секілді маңызды мәселелер көрініс тапты.
Сондай-ақ араға жылдар салып 1978 жылы 20 сәуірде Алматы қаласында республика Жоғарғы Кеңесінің IX шақырылымының кезектен тыс VII сессиясында Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Конституциясы қабылданды. Республиканың негізгі заңы 10 бөлімнен, 19 тараудан және 172 баптан тұрды.
Аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіздік таңы атқан алғашқы жылдары, яғни 1993 жылы 28 қаңтарда еліміз тұңғыш Конституциясын қабылдады. Ал 1995 жылы 30 тамызда Қазақстан жалпыхалықтық референдум арқылы еліміз өз Ата заңын жаңғыртып, қазіргі Конституция қолданысқа енді. Бүкілхалықтық референдум барысында азаматтық құқықтық нормалар бекітіліп, Президенттік саяси жүйенің ықпалдылығы, басқару жүйесінің мемлекетке сай келуі, билік тармақтарының жоғары тұруы мен конституциялық бөлімге байланысты өзгерістер енді.
Әлемге назар салып қарасақ, Конституция күні әр елде өзгеше тойланады. Мәселен, Норвегияда мектеп оқушылары ұлттық киімдерін киіп, туларын көтеріп, мерекелік шерулер өткізеді. Балалардан кейін шеруге ересектер, саяси, спорттық, діни және басқа да ұйымдардың өкілдері қосылады. Ресми бөлімнен кейін мереке отбасылық ортада немесе жаппай мерекелік шараларда жалғасады. Жапонияда демократиялық және пацифистік Конституцияның маңыздылығы туралы дәрістер өткізіледі. Ал теріскейдегі көршіміз Ресейде Конституция күні 2004 жылдан бері мереке болып саналмайды екен.
Бүгінде ішкі және сыртқы саясатымыз тұрақталып, еліміз демократиялық даму жолына түсті. Халықаралық аренадағы беделіміз артып, экономика мен әлеуметтік-тұрмыстық салада жеткен жетістіктеріміз – тәуелсіздіктің жемісі. Бұл табыстардың барлығы мемлекетіміздің ең басты құжаты – Қазақстан Республикасының Конституциясынан бастау алады. Сол себепті де Ата Заң – елдік мүддемізді айқындап, халық бірлігін бекемдеген, дамудың даңғыл жолына бастаған құжат.
Қорыта айтқанда, Конституция Қазақстан халқына таңдау құқығын берді. Осы арқылы зайырлы мемлекет азаматтарының ерік-жігерін шыңдайтын жағдайлар мен республиканы әлеуметтік-демократиялық ел ретінде құруға мүмкіндік жасалды. Басты құжат аясында тегін орта білім беру, азаматтардың денсаулығын сақтау, ана мен балаға, мүгедектер мен қарт адамдарға қамқорлық мемлекет тарапынан көрсетілуде. Сондай-ақ қазақстандықтардың өсіп-дамуы, адам өмірі мен оның құқығы, бостандығы қамтамасыз етілді. Сондықтан, барлық заңдардың бастауы саналатын Конституцияны құрметтеу, оны ұлықтау – біздің басты парызымыз.
Жұматай КӨКСУБАЙ