Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алаш арысы ардақталды

0 2  099

Саналы ғұмырын республикамыздың басшылық қызметтеріне арнап, еліміздің дамуына зор үлес қосқан аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Саяси бюро мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еселі еңбегі жұрт жадында сайрап тұр.

Еліміздің ғылымы, мәдениеті мен өнері және экономикасының қай салаларын алып қарасақ та, өсіп-өркендеу барысында Дінмұхамед Ахметұлының басшылығы кезіндегі атқарылған істердің өшпес іздері жатыр.
Келешегіміз үмітті болуы үшін, жас ұрпақ өткенді, ата-баба мұрасын білуі қажет. Ұлтым деп өткен ұлы тұлға Димаш Ахметұлының өмірі мен қызметі арқылы жастардың санасында елін, жерін сүю мен қорғау, жеке тұлғаның қалыптасуындағы ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі тәлім-тәрбиені, ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру керек.
Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына орай 2022 жылы 13 тамызда Тараз қаласының орталығында қоладан құйылған 40 метрлік ескерткіш бой көтеріп, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Д.А.Қонаев орталығы ашылған еді. Сол уақыттан бері орталық халқының болашағы мен тәуелсіздігі үшін күрескен, мемлекетімізді, мәдениетіміз бен өнерімізді, ғылым мен білімімізді өркендету үшін тер төккен Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өнегесіне тәрбиелеу, жас ұрпақты сол арқылы тұлға деңгейіне көтеру, жастар арасында ұлы тұлғаның еңбегін насихаттау мақсатында әртүрлі іс-шаралар мен байқаулар ұйымдастырып отырады.
Соның бір мысалы – «Қазақтың біртуар ұлы – Дінмұхамед Қонаев» атты облыстық шығармашылық байқауы. Білім бәйгесіне аудандық, қалалық білім беру ұйымдарынан және облыстық білім басқармасына қарасты мекемелерден 44 оқушы қатысты.
Байқау 3 кезеңнен тұрды. Айталық, «Қазақ халқының кемеңгер ұлы – Дінмұхамед Қонаев» атты 1-кезеңде ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғаса, екінші «Дара тұлға ізімен» атты кезеңде қазылар алқасы тарапынан ұсынылған тақырыпқа эссе жазды. Ал соңғы «Дана тұлға, дара тұлға – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» атты 3-бөлімде әр қатысушы өз шығармашылығынан өлеңді қазылар алқасына ұсынып, бір өлеңді жатқа оқыды.
Байқау қорытындысы бойынша 1-орынды Т.Рысқұлов ауданы, Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Бекзада Муслимқызы, А.Пушкин атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Мөлдір Ергашева, Тараз қаласы, №36 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айқын Белгібай иеленді. 2-орынды Байзақ ауданы, Сарыкемер мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Арайлым Джубай, облыстық «Дарын» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Ербол Ұлықбек, Мойынқұм ауданы, Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Ақниет Беден, Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ ИННОВАЦИЯ» мицей-интернатының 9-сынып оқушысы Зере Сұлтанбекқызы, Талас ауданы, Б.Тоқтықожаұлы атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Нұрайым Боранбай, Мойынқұм ауданы, Ақбақай орта мектебінің 8-сынып оқушысы Жаннұр Әли олжалады. Сондай-ақ 11 оқушы 3-орынға лайық деп танылды. Бұған қоса байқауға қатысып, терең білімімен ерекшеленгені үшін 24 оқушы Алғыс хаттармен марапатталып, ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Осы ретте жыл сайын дәстүрлі түрде республикалық деңгейде өткізілетін іс-шаралар қатарына қосу мақсатында ұйымдастырылып отырған бұл байқау Жамбыл облысы бойынша екінші рет өткенін атап өтейік.

Гауһар Қырқымбаева,
Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің Д.А.Қонаев орталығының экскурсоводы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.