Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алаш арысы ардақталды

0 115

Биыл Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толды.

Осыған орай қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен М.Жұмабаев атындағы №21 орта мектепте 7-11 сынып оқушылары арасында «Мағжан оқулары» байқауы өткізілді.

Әуелі сөз алған аталған оқу ордасының директоры Салтанат Ботамқұлова Мағжан Жұмабаевтың қазақ руханиятына сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталды.

– Қазақтың бірлігі, Алаштың азаттығы мен халқымыздың болашағы үшін бар ғұмырын күреспен өткізген зиялыларымыздың бірі, қазақтың ұлы тұлғасы Мағжан Жұмабаевтың тіл кестесі, лирикасындағы нәзік сезім мен терең толғанысы оқырманды айрықша күйге бөлейді. Ол сыршыл да өршіл маржан жырларының құдіреті арқылы өзінің бүкіл болмысы мен поэзиясының ерекшелігін танытып кеткен халқының дара перзенті. Сонау кеңестік кезеңнің өзінде халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Қазақтың рухын көтеру жолында жазылған әрбір өлеңі оқырман жүрегіне жол тапты. Оның еселі еңбегі мен ғибратты ғұмыры – өскелең ұрпаққа таусылмас тағылым, – деді Салтанат Батырбекқызы.

Байқауға қатысушылар «Өлең – менің шолпаным, айым, күнім», «Жасынан оқу оқып, өнер қуған» және «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» кезеңдері бойынша бақ сынады. Бірінші бөлімде оқушылар Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыса, екінші кезеңде ғылыми жобаларын қорғады. А л соңғы бөлімде ақынға арнаған жырларын паш етті.

Қазылар алқасының шешімімен топжарған оқушылар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.