Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алаш ардақтысына арналған ескерткіш

0 554

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың дүниеге келгеніне 110 жыл толды. Тау тұлғаның мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде аталып өтуде. Бұған жамбылдықтар да шет қалмай, белсене атсалысуда. Айталық, таяу күндері облыс орталығында ұлт мақтанышының еңселі ескерткіші бой көтереді. Д.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының алдында орын тебетін мүсіннің бүгінде айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде екен.

– Әр ғасырдың өзінің біртуар перзенттері болады. Солардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Ол ел басқарған жылдары Қазақстанның өнері, әдебиеті, мәдениеті, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы жоғары деңгейде дамыды. Сондықтан ол әр қазақтың жүрегінде ерекше орын алды. Оның есімі қазақ тарихының алтын қорына енді. Ұлы адамның рухына тағзым ету, оның өмірлік ұстанымына, аманатына адал болу – парызымыз. Сол үшін Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесі аңыз адамның еңселі ескерткішін орнату жөнінде бастама көтеріп, жұртшылыққа үндеу тастады. Қордың құрметті мүшесі 94 жасқа келген абыз ақсақал Баттал Жаңабайұлы да облыс азаматтарынан өз үлесін қосуды сұрап, зейнетақысынан бірінші болып қаржы аударды. Тіпті тұрақты жұмысы жоқ бір азамат азын-аулақ ақшасын алып келіп: «Аз деп азырқанбай менің үлесімді алыңыздар, балаларымның несібесінен бөліп, арнайы беріп тұрмын. Игі істен әрбір азамат тыс қалмауы керек. Ертең алып ескерткіштің қасынан отбасыммен өткенде «біздің де үлесіміз болған» деп кеудемді көтеріп жүруім қажет», – деп ағынан жарылды. Осындай жандарды көргенде қалайша сүйсінбейсің?! Осылайша жалпы саны 460 адам қолдан келгенінше демеу көрсетті. Осы орайда сол жандардың барлығына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың кеңесшісі Жапар Күздеубеков.
Қажетті қаражат жиналған соң тас мүсіннің жобасына байқау жарияланып, нәтижесінде Дулат Үсенбаевтың жұмысы үздік деп танылған. 22 жобаның ішінен суырылып шыққан ескерткіштің биіктігі 4, тұғыры 3,8 метрді құрап, қоладан құйылған. Тағы бір айта кетерлігі, бұған дейін Д.Қонаев атындағы қордың облыстық бөлімшесі болып келген ғимарат облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының балансына беріліп, Қонаевтану орталығына айналмақ. Сондай-ақ мерейтойға орай «Айналайын ақ пейіл жұртым» атты кітаптың тұсауы кесілмек. Туындыда Дінмұхамед Ахметұлының фотосуреттері мен тағылымды тәмсілдері, көкейге түйген ойлары топтастырылған.
Ендеше, халықтың қолдауымен Алатаудай алып тұлғаның өр бейнесі Тараздың төрінде алыстан менмұндалап тұратын күн алыс емес.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.