Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаламгерден қалған құнды мұра

0 224

Күнделік жазу тарихын зерделейтін болсақ, тамыры сонау Х ғасырға дейін созылады. Мүмкін, одан да тереңде шығар. Бізге белгілісі – алғашқы әдеби жанрдағы күнделік жазбалар алғаш жапондарда, кейінірек ХІІ ғасырда Қытайда, ал Еуропада ХV ғасырда ғана танымал бола бастаған. Оның өзіндік ерекшеліктері де бар.

Әлемдік деңгейде танылған алыптардың қай-қайсысын қарасаңыз да, оның өмір тарихымен таныса отырып, күнделік жазғанын білеміз. Ол өзіндік өмір салты болды дерсіз. Сондай алыптардың бірі – Уинстон Черчилль.
Ал түркі халықтарында күнделікті «жылнама» деген және оны ханның қасындағы уәзірлері жүргізіп, ресми құжатқа да айналған. Ғалымдар әлемде сақталған күнделіктерді зерттей келе, оларды бірнеше топқа да бөлген. Әдеби жанрдың бір бөлігі ретінде, саяси сахнадағы ресми құжат және жеке адамдардың күнделіктері. Тіпті жалған күнделіктердің де бірсыпырасын топтастырған екен. Ондай жалған күнделіктер тізіміне Гитлер мен Муссолинидің күнделіктерін жатқызған. Яғни ол күнделіктерді «қолдан жасаған» деп топшылаған.
Біздің елде де күнделік жазудың өз үлгісі бар. Алғашында еліктеумен жазылатын күнделіктер әдетте балалық шақпен бірге келмеске кетіп жатады. Ал оны жалғап, жан дүниесін қағаз бетіне түсіргендер туралы айтқанда, жеке өзіме, алдымен Шерхан Мұртаза ойыма түседі. Себебі оның күнделіктерін көзбен көріп, қолмен ұстау бағы бұйырыпты. Ал Шер-аға жазбаларын оқи отырып, еліміздің тағы бір дара перзенті Асанәлі Әшімов те күнделік жазатынын білдім. Күнделік жазу өзіме де жат емес. Бірақ өткен ғасырда туған тау тұлғалардың стиліндей дей алмаймыз. Бүгінгі заманның күнделігі – әлемжелі. Онда суретімен бірге өзің ғана білетін шағын ақпарды жазасың. Бірақ ондай күнделіктерде терең сезім, жан бар деп айта алмайсың.
Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның жеке архивінің бір бөлігі – күнделіктері. 1949 жылы Жамбыл қаласындағы Жамбыл мектебінің соңғы сыныбында оқып жүрген Шерхан Мұртаза жұқа ғана оқушы дәптеріне күнделік жазуды бастаған. Содан кейін өмірінің соңына дейін жүрегінің түкпірінде жатқан өзіне ғана мәлім сырлары мен құпияларын қағаз бетіне түсіруден жалықпаған.
Бүгінде Шерхан Мұртазаның 100-ден аса қойын дәптері барын шамалап білеміз. Соның 65-і Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында сақталған. Олар орталыққа 2021 жылы жазушының Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Талапты ауылындағы үйінен жеткізілді. Орталық қызметкерлері өз үйінде қатталып, рет-ретімен жинақталған бұл құнды архивті саралап, жазбаларының бір бөлігін автордың 90 жылдық мерейтойына орай кітап етіп басып шығаруды қолға алды.
Шерхан Мұртазаның үйіндегі «алтын көмбеге» қол жеткізуді мұрат еткендер көп болғанымен, құжаттар негізгі сақтаушысын тапты. Олай дейтін себебіміз де бар. Өйткені алғаш 2020 жылы мұнда Шер-ағаның заңды мұрагерінің бірі Әлижан Мұртазамен кездесіп, ол кісімен сұхбаттаса отырып, үйді мемлекет меншігіне берердегі түпкі ойын білген болатынбыз. Сол ойын жүзеге асыруда жоспарларымызбен бөлісіп, жобаларымызды ұсындық. Соның нәтижесінде Әлижан Мұртаза үйді пайдалану құқығын және онда сақтаулы құжаттары мен кітаптарын Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тапсыруды жөн деп тапты.
Жазушының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында бұл үй Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды үйі болып ашылмақ. Яғни тарихи жәдігерлер сақталатын музей емес, халық игілігі үшін жасақталған әдеби зерттеу орталығы болады. Осы кітапқа енген күнделік жазбалардың түпнұсқалары да сонда сақталмақ.
Шерхан Мұртаза алғашқы күнделік жазбасын 1949 жылдың 2 ақпаны мен 31 наурыз аралығында жүргізіп, оны Мәскеу қаласында оқуда жүрген Шер-аға 1952 жылы жалғастырған. Ол жайында Шерхан Мұртазаның өзі былай деп баяндайды: «Бұдан 3 жыл бұрын, әлі балалық мінездерден арылмаған пансиондық кезеңдерде 2-3 ай көрген-білгенді жазып жүрген күндерім болған еді. Содан бері біраз сапар шегіп, соқпақтардан өтіп, өмірді шамалы түсінген сияқтымын. Жазда ауылға барғанымда, сол пансиондық жазбаларымды оқып отырып, небір жылдардың ырқына беріліп, өткен күндерді көзге елестетіп, енді қайтып оралмас, өмір бақи менімен қоштасқан жастық-балалық шақ өте ыстық көрініп еді. Рас, осы уақытқа дейін көптеген оқиғаларды бастан кешіріп, оқушылық-пансиондық халден студенттікке жеткенге дейін артқа онша көз жібермей, сол бір тәтті мезгілді онша еске алмай келіппін. Енді сол 2-3 айлық өміріме айғақ жыртық-жыртық дәптерді қолыма алып оқып көргеннен кейін, оның бағасының бар екенін біліп, өмірдің ең жауапты, ең қызықты белесі осы бір күндерді де аздап-аздап жазып қойып жүруді жөн көрдім. Әрине, бұл басқа ешкімді қызықтырмас. Өзім үшін.
Шерхан Мұртазаұлы, Москва, 9 сентябрь, 1952 жыл», – деп жазба соңында қолтаңбасын да қойған.
Расында, содан бергі аралықта күнделік жазбалалары үзілмеген. Іссапарға барған кезінде, тіпті кейінгі жылдары Парламент төрінде отырғанда да елдік мәселелер бойынша елге шыққанда, ол жазбаларын бөлек сақтап, оны нөмірлеп, сол күнгі жазбаларына тіркеп қойып отырған.
Көрген түсін, айналасын бақылап, байқап қорытқан ойын, тіпті «Қызыл жебесін» жазарда архивтен жасаған көшірмелерін… – бәрін-бәрін қойын дәптеріне түртіп қойыпты. Мұндай жазбалар жазушының шығарма жазардағы «шпаргалкасы» болғанын да анық аңғаруға болады. Соның бір мысалы – «Бір кем дүние» философиялық ой толғамдары. «Дүниенің кем тұстары» туралы жазбалар – бір күннің емес, ғұмырлық тәжірибемен көрген-баққаннан түйілген ойдың жемісі. Күнделігіне сол сәтте өзіне тән стильмен жазып қойып, 2006-2007 жылдары қайта қарап, жинақтап, халыққа ыңғайлы форматта ұсынған.
«Ай мен Айша», «Сталинге хат», «41-ші жылғы келіншек», «Алапар мен Динго» сынды шығармаларындағы кей толғамдарын да осы күнделік беттерінен кезіктіруге болады.
«Ай мен Айша» романынан кейін біраз адам Шерхан Мұртазаның шын есімі «Барысхан» деп те ойлады. Ондай ойды ортаға салған да – автордың өзі. Тіпті 2010 жылғы 1 қаңтардағы жазбасында: «Жолбарыс жылы келді. Менің жазу үстелімнің үстіне теңбіл барыс пайда болды», – дей келе: «…Барыс – батыр. Барыс – күшті. Барыс – әділ… Барыстың мекені қарлы биік шыңдарда. Оның қоре-гі – тауешкілер. Досы – ұлар құс. Қарауы-лы – сауысқан. Менің атым Барысхан. Бірақ Тәңіртаудағы барыстай емеспін. Бір кем дүние», – деген өкініші мен үмітін бір жапырақ қағазға сыйдырған.
Көктегі Құдай, әділдік, өмірдің заңы, тәртіп – бұл Шер-аға күнделіктеріндегі негізгі тақырыптар. Сонау 1951 жылдың өзінде есімі туралы толғанып жазған жазбасында да Шерхан есімін азан шақырып, құраннан қойылғанын жазыпты. Есімін әркімнің әртүрлі атайтынын, соның ішінде бар мейірін төгіп «Шертай» дейтін Зиба апасы туралы да жазады.
Ал беріректе, ауылдағы мешітті салардағы толғанысы, оған қажетті жабдықтардың біртіндеп келу сәттері, отбасылық қуаныштар мен мұң кезеңдері де күнделік беттеріне қалың ойдың орамы болып көк сиямен бұйраланып жазылыпты.
Мәжіліс залында депутат болғанында Қаратай Тұрысов, Фариза Оңғарсынова үшеуі қатар отырып, бұрынғы сыныптасы балалығын еске алып Шерханға тиіскен сәтін де тебірене жазған. Кіммен кездесті, кімнің сөзі көңілге қонды, ашуына тиді, нені оқыды, нені көрді, нені байқап, неге көңіл бөлмегенін де жазған. Оның бәрі – адам жанының бір бөлшегі.
Күнделік жазу турасында Шерхан Мұртазаның өзі 2007 жылдың 21 қарашасында былай деп толғапты: «Күнделік – адамның ең жақын досы. Басқаға айтпаған сырыңды соған сеніп тапсырасың. Мейлі, көркем шығарма болмай-ақ қойсын. Бір заманда ол сыйлық алған шығармадан да құнды болар, кім білер…».
Бүгінде жазушының күнделіктері құнды мұраға айналып отыр. Әсіресе олар – өткен күннің елесін айшықтайтын дәйекті құжат. Сондықтан да күнделік жазбаларды оқығанда, сол тарихи кезең атмосферасын елестете отырып, оған автордың көзімен қараған жөн деп білеміз.

Назым ҚОЖАМАРОВА, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.