Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалада құрылыс жұмысы қарқынды

0 692

Жол – қала тіршілігінің күретамыры. Халқымызда «Жол қадірін жүрген біледі» деген қанатты сөз де бар. Сонымен қатар шаһар төрінде бой көтеріп жатқан еңселі құрылыстар көне қаланың шырайын ашуда.

Күні кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының «Шалғай Қарасу» тұрғын алқабын аралап, бірқатар нысандармен танысты.
Ең әуелі аймақ басшысы тұрғын алқаптағы екі жыл бұрын пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды.
Нұржан Молдиярұлы кешеннің айналасын көгалдандыру бойынша сенбіліктер ұйымдастыру керектігін айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Ал №52 бастауыш мектеп ғимаратының жағдайын көрген облыс әкімі нысанды 2025 жылы күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін атап өтті.
Бұдан соң облыс әкімі Целиноград көшесі, 1,2,3,4-бұрылыстарындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда жергілікті бір топ тұрғындармен кездесіп, өтініштерін тыңдаған аймақ басшысы бүгінде қала бойынша 200-ден аса көшеде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді.
Келесі кезекте аймақ басшысы облыс орталығындағы Саңырақ батыр, Шостакович көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарын тексерді.
Аймақ басшысы жауаптыларға барлық құрылыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алу керектігін баса айтты.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.