Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала тіршілігі қатаң бақылауда

0 216

Қала әкімі Ержан Жылқыбаев шаһардағы он бір аумақтық округ инспекторларының есепті кездесуіне қатысып, тұрғындардың мәселесін өз бақылауына алды.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Ержан Жылқыбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған кездесулерге Қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар, құқық қорғау органдарының өкілдері, қала әкімдігінің бөлім қызметкерлері және тұрғындар қатысқан болатын. Онда округтің бас инспекторлары аумақта былтыр атқарылған жұмыстардың жайын баяндап, күрмеуі қиын мәселелердің түйінін тарқатса, учаскелік инс-пекторлар қылмыстың деңгейі бойынша есеп берді. Мәселен, №1 аумақтық округтегі кездесуде тұрғындар жол жөндеу, қоғамдық көлік және аялдама, арық жүйесін жүргізу бойынша талап-тілектерін жеткізді. Оған қала әкімдігі бөлімдерінің мамандары жауап берді. Дегенмен зерделеуді қажет ететін сұрақтарға алдағы уақытта жазбаша түрде жауап қайтарылатыны қосымша ескертілді.

Есеп беруді ары қарай учаскелік полиция қызметкері жалғап, аймақтың тыныштығына тұрғындар «жақсы» деген баға берді. Ал №2 аумақтық округтегі кездесуде тұрғындар алты жылдан бері айтып келген жарықтандырудан бөлек, асфальт жол төсеу, ауыз су тарту және арық жүйелерін жүргізу секілді күрделі мәселелерді көтерді. Жергілікті жұртшылықтың өтініш-ұсыныстарын мұқият тыңдаған қала әкімі барлық мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

№3 аумақтық округтің құрамында «Жігер», «Проектировщик», «Рассвет» саяжай алқаптары, «Төңкеріс», «Телеорталық» тұрғын аймақтары, сонымен қатар 49 көше (жалпы ұзындығы – 57 шақырым), 41 бұрылыс, 33 контейнер алаңдары, 3900 жеке тұрғын үй және 76 көпқабатты тұрғын жай орналасқан. Жалпы тұрғындар саны 20500 адамды құрайды. Былтыр мемлекеттік бағдарламалар бойынша автомобиль жолдары орташа жөндеуден өткізіліп, су құбырлары, көшедегі лоток жүйелері ауыстырылған. Алаңшалар абаттандырылып, бірқатар аялдама жаңартылған, сондай-ақ «street workout» алаңдары пайдалануға берілген. Бұл округте атқарылған жұмыстардың тек бір бөлігі ғана. Дегенмен аймақта шешімін күткен жол жөндеу, жылу жүйелерін ауыстыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, арық жүйелерін механикалық тазалау, жарықтандыру секілді мәселелер бар екен. Мұның барлығын ескерген қала әкімі Ержан Жылқыбаев тұрғындарға кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстардың жемісін көретін күн алыс емес екенін жеткізді.

Кезекті есеп беру жиыны №4 округте жалғасты. Кездесуде округ инспекторы былтыр атқарылған жұмыстардың негізгілеріне тоқталып, алдағы жобалар жайында да баяндады. Сонымен округте өткен жылы «Даңқ» аллеясы толығымен жаңартылып, «Кірпіш зауыты» тұрғын алқабының су құбыры желілері күрделі жөндеуден өткен. Аумақта су сорғы станциясы салынып, «Барысхан», «Тектұрмас» алқаптарынан кіші футбол алаңшалары пайдалануға берілген. Ал биыл мұнда «Көне-Қамал» нысанының және Әулие-Ата ескерткішінің аумағын абаттандыру, «Қарасай», «Қант зауыты» тұрғын алқаптарының арық желілерін және «Төрегелді» каналын тазалаумен қатар, «Кірпіш зауыты» алқабы, Хмелевский көшесінің 2-бұрылысындағы, Жауғаш батыр көшесінің бойындағы спорт алаңшаларына жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұдан бөлек, «Ана мен бала» сквері абаттандырылып, 600 оқушыға арналған №22 орта мектептің құрылысы толығымен аяқталады деп жоспарланған.

Округ басшыларының кезекті кездесуі №5 аумақтық округте жалғасты. Белгілі болғандай, биыл ондағы Шостакович, Қ.Тұрысов, Б.Момышұлы көшесінің 4-ші өткеліндегі су құбырларына және Т.Рысқұлов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Балаларға арналған 59 ойын ауласы абаттандырылған. Сондай-ақ 20 көпқабатты тұрғын үй модернизацияланып, аялдамалар жаңартылған. Былтыр «Қарасу» мөлтек ауданында спорт кешені тұрғындар игілігіне беріліп, бүгінде балалар мен жасөспірімдердің дзюдо, грек-рим күресі, таэквондо, кикбоксинг, қол күресі секілді спорттың 5 түрімен тегін жаттығуына жағдай жасалған. Онда арықтардың тазаланбауы, аулалардағы қоқыс алаңдарын көшіру, жол жөндеу, жарықтандыру, заңсыз құрылыс, кәсіппен айналысуға қолдау көрсету мәселелері көтерілді. Аталған аумақта күрмеуі күрделі мәселелер аз болмады. Сәйкесінше бұған Ержан Жұматұлы заң аясында қарастырылмаған, қала бюджеті көтере алмайтын арыз-талаптардың жақын арада шешілмейтінін ескертті.

Ағымдағы жылы №6 округте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Әйтиев көшесі №29 үйдің шатыры, кіреберісі мен инженерлік жүйелері жөндеуден өткен. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 5,6 шақырым автомобиль жолдарына (Еспаев 1-бұр., Трудовой 3-бұр., Әйтиев, Желтоқсан, Қойгелді, Байзақ батыр көшелері) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Глинка көшесінің су құбыры, Попов көшесінің кәріз жүйесі ауыстырылып, 7 көшеде (Абай, Жамбыл даңғылдары, Қонаев, Комратов, Қойгелді, Желтоқсан, Әйтиев) лоток желілері орнатылған. 29 көпқабатты тұрғын үйге қарасты 13 аула алаңша абаттандырылған. Мектептерге бейнебақылау камерасы қойылып, жылу жүйесі жөндеуден өткен. Ал биыл екі бірдей көппәтерлі тұрғын үйге (Жамбыл даңғылы №123, Ниетқалиев көшесі №9) күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Таразға тарту» жобасы бойынша «Үшбұлақ» жағажайы, Д.Қонаев көшесінен «Зербұлақ» демалыс орнына дейін, Қазыбек би көшесі №131, 133 тұрғын үйлердің маңындағы және Жамбыл даңғылындағы скверлер, Ы.Сүлейменов, Қойгелді, Қазыбек би көшесінің бұрылысында абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Жалпы есепті кездесулер басқа округтерде осы бағытта жалғасты. Қала әкімі Ержан Жылқыбаев атап айтқандай, барлық аумақтарда ең бірінші кезекте ауыз су, жол және жарықтандыру мәселесін оңынан шешу басты орында болмақ. Сонымен қатар шаһар басшысының үндеуінде ескерілген қала тазалығын сақтау, аллеялар, демалыс орындарын көгалдандыру, ғимараттардың сыртқы қасбеті мен жарнама құралдарын біркелкі үлгіде орналастыру және жаңадан салынып жатқан нысандардың көріксіз қоршауларын ретке келтірумен қатар «Қақпасыз қала» қағидасы негізге алынады.

Жалпы аумақтық округ инспекторларының есепті кездесулерінде қаладағы бірқатар маңызды шаруаның басы ашылды. Енді кезекте түйінді мәселенің шешімі бола ма, әлде келер жылға қала ма, оны уақыт көрсетеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.