Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала әкімінің шыршасы балғындарға шаттық сыйлады

0 567
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков балғындардың дәстүрлі жаңажылдық мерекесіне қатысты. «Самұрық құсының құпиясы» тақырыбымен өткен салтанатты шараға шаһардағы 150 бала куә болды.
Жаңа жыл мерекесіне арналған шырша кешін балалар керемет көңіл күймен қарсы алды. Ән де айтты, би де биледі. Тараз қаласы білім бөлімі мен қалалық Оқушылар сарайының шәкірттері мерекеге арнайы қойылымдар көрсетіп, балдырғандарды ертегілер әлеміне саяхат жасатты. Түрлі ертегі кейіпкерлерінің айшықты көріністері кеш қатысушыларын тәнті етті. Сондай-ақ «Домбыра үні», «Көңілді аққалалар», «Алтын құмдар елі», «Сиқырлы бояулар елі», «Жайна, Қазақстан!», «Жаңа жылдың сиқырлары» атты хореографиялық композициялар жеткіншектерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Салтанатты кеште бүлдіршіндер Аяз Ата мен Ақшақарды қарсы алып, әсем шыршаның шамын жақты. Мерекелік кешке арнайы қатысқан Бақытжан Әмірбекұлы ақжарма тілегін жеткізді.
– Санаулы күндерден соң біз Қоян жылымен қоштасып, Ұлу жылына қадам басамыз. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бұл – өткенге есеп беріп, келер күнге жоспар құратын жарқын мейрам.
Тарих қойнауына еніп бара жатқан Қоян жылында айшықты өзгерістер орын алып, жарқын жетістіктерге қол жеткіздік. Әсіресе, бұл жыл – білім саласы үшін толағай табыстарға толы болды. Айталық, бірқатар білім беру нысаны ашылып, оқу ордаларының материалдық-техникалық жағдайы жақсарды. Сондай-ақ республикалық, халықаралық ғылыми жоба мен пән олимпиадаларында 50 жүлделі орын алып, алдыңғы жылмен салыстырғанда жүлдегерлер саны 14 медальға артты. Сонымен қатар, қаланың 6 мектебі Қазақстан Республикасы олимпиада мектептері рейтингісіне енгізіліп, оның ішінде Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы мен №40 гимназия республика көлеміндегі «Үздік олимпиада мектептері» тізімінен көрінді. Мұның барлығы ұлағатты ұстаздарымыз бен білімді өрендеріміздің бір жыл бойғы тынымсыз еңбектерінің жемісі. Осы ретте ұстаздар мен ата-аналарға өз ризашылығымды білдіргім келеді, – деді шаһар басшысы.
Әрі қарай Аяз Ата мен Ақшақар балаларға арналған сыйлықтарын үлестіріп, мереке көңілді ойындармен, ән-бимен жалғасын тапты.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.