Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала әкімінің алдында қандай міндеттер тұр?

0 313

Тараз қаласына жаңа әкім Бақытжан Орынбековтің тағайындалғанына аптадан асты. Тәуелсіздік таңынан бергі уақытта бұл облыс орталығын басқарған 15-ші әкім. Бір жылдан аса мерзімде қала әкімі болған Ержан Жылқыбаев қызметінен кеткеннен кейін жаңа әкімнің алдында қандай міндеттер тұр?

Жалпы шаһардың жаңа басшысын қала активіне таныстыру кезінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов біраз мәселені ашып айтып, талапты тапсырмаларын жүктеді.

– Ашып айтуымыз керек, қалада 1388 көше болса, соның 40 пайызында жол жоқ. Сондай-ақ көшелердің 20 пайызында ғана жарықтандыру бар. 800 көпқабатты үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Оған 3 миллиард 400 миллион теңге бөлінеді деп күтілуде.
Облыс бойынша үй кезегінде 37 мың адам тұрса, соның 22 мыңы тараздықтар. Жерге 108 мың адам кезекте тұрса, оның да дені – қала тұрғындары.

«Сақалды» және қызыл сызық үстіне салынып кеткен нысандар да аз емес. Сондықтан бізге қаланың Бас жоспарын егжей-тегжейлі зерделеу керек. Аталған «сақалды» және қызыл сызық үстіндегі құрылыстарға кім рұқсат бергенін анықтауымыз қажет. Егер жауапты мамандар мұндай заңсыздықтарға көз жұма қараған болса, онда мұнда жемқорлық сипатындағы әрекеттер көрініс беруі мүмкін, – деген Нұржан Молдиярұлы құрылысқа қатысты көптеген шешімдер халықпен санаспай қабылданғанын да жасырмады.

– Құрылыс жүргізер кезде халықтың пікірі ескерілмегеніне көз жетті. Нәтижесінде бірнеше құрылыс нысандарында жұмыс тоқтатылып, бірқатар серіктестіктер сотқа берілді.

№15 ықшамауданда да тұрғын үйлер жөнсіз салынып кеткен. Бірнеше мөлтекауданның тұрғындары тұруы керек аймаққа халықты тығыз орналастырып тастаған. Кейбір үйлердің сапасы сын көтермейтіндігі соншалық қарапайым су жоқ. Қыста үй тұрғындары жертөлеге орнатылған қондырғының көмегімен жылынып шықты. Бұдан бөлек, ықшамаудандағы жол мен абаттандыру мәселесі де өзекті болып тұр, – деді Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімі қалада қоғамдық көлік саласында да көп түйткіл барын айтты. Сондай-ақ «Көлтоған», «Шөлдала», «Шалғай Қарасу», «28 саяжай» алқаптары мүлдем қараусыз қалғанын сынға алды. Нұржан Молдиярұлының сөзіне сүйенсек, аталған алқаптарда жол, ауыз су, жарық сынды инфрақұрылым мәселелері әлі күнге өзекті екен.
Аймақ басшысы білім саласында да «бауын тапса, байлауын таппаған» тірліктің көп екенін тізіп көрсетті. Мәселен, жаңа оқу жылы басталып кетсе де, мектеп оқушыларын тасымалдау жолға қойылмаған. Нәтижесінде балалар қашық орналасқан мектептерге жаяу баруға мәжбүр. Сондай-ақ шаһардағы 60 мектептің 17-сі күрделі жөндеуді қажет етуде. Бір мектепте тіпті асхана мен спорт залы қарастырылмаған.

Ағымдағы жылы шаһарда құқық бұзушылық 14 пайызға өсіп кеткен. Облыс әкімі бұл мәселені де баса айтып, тәртіп сақшыларынан жүйелі жұмыс күтетіндігін жеткізді.

«Жасыл ел-Тараз» мекемесінің мүшкіл жағдайы да биыл биліктегілердің бас ауруына айналып отыр. Мекеме жұмысын тиімсіз пайдаланудың кесірінен 2 миллиард теңге көлемінде қарызға кіріп кеткен. Мекемені 126 кәсіпкер сотқа берсе, бүгінде оларға беретін берешек 1 миллиард 200 миллион теңгені құраған. Бұл қарыз сот шешімімен 3 жылда қайтарылады деп күтілуде. Сондықтан қазір «Жасыл ел-Тараз» жұмысшыларының айлық жалақысының өзін әзер беруде. «Жамбыл Су» мекемесінің де қарызы 700 миллион теңгені құрап тұр.

Нұржан Молдиярұлы қалалық кәріз жүйесін реттеу үшін 300 миллион теңге бөлініп, қазір Жамбыл ауданы маңындағы 20 гектар жерге сүзгі орнату жұмыстары басталып кеткенінен құлағдар етті. Алайда каналдарды тазалау кезінде жекеменшік үй тұрғындары кәріз құбырларын каналға шығарып тастағанын қынжыла жеткізді. Сондықтан облыс әкімі тұрғындарды осындай келеңсіздіктерге барып, құрылыс жұмыстарына кедергі туғызбауға шақырды.

Қала әкімдігінің актив жиынында осындай шындықтар бүкпесіз айтылды. Аймақ басшысы қарапайым тал егілгеннен кейін ол қараусыз қалып, қурап жатқанын ашына жеткізіп, әкімдік қызметкерлерін қандай мәселе болса да, оны жасырмай айтуға шақырды.

Әрине, аттан ауған адамның артынан сөз айтудан аулақпыз. Алайда Ержан Жылқыбаевтан қалған күрмеуі қиын мәселелердің түйінін енді Бақытжан Орынбековке тарқатуға тура келіп тұр. Жаңа әкімнің бұл міндет пен меженің үдесінен қаншалықты шығатынын уақыт көрсетеді…

Айдар Айнабала

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.