Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала әкімі №3 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті

0 292
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №3 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті. Ең әуелі округтің бас инспекторы Әмірхан Қанаев атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Өткен жылы округте тындырылған ілкімді істер жетерлік. Айталық, Ярошбаев көшесі бұрылыстарымен, Абай даңғылының 1-бұрылысы, Сәтпаев көшесі, Көшеней көшесінің 4-бұрылысы, Қапал көшесінің 2-бұрылысы, Жамбыл даңғылынан Автобекет аумағына дейін күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Жігер» тұрғын алқабы аумағындағы Шона Смаханұлы көшесінің бойында жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сондай-ақ Пирогова, Құлжабаев, 2-ші Степная және «Жігер», «Проектировщик», «Рассвет», тұрғын алқаптарындағы Жетісу, Медеу, Ақбастау, Барыс, Байтақ, Жихангер, Шона Смақанұлы көшелері жарықтандырылды. Сонымен қатар «Телецентр» аумағындағы №1, №3, №7, №9, №6, «Төңкеріс» аумағындағы №7 көпқабатты үйлер күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, Сүлейменов №10, Қапал көшесінің 4-бұрылысы және «Телецентр» аумағындағы №1 тұрғын үйлердің ауласына футбол мен балалар ойын алаңдары орнатылды, – деген Әмірхан Тоқтасынұлы биылғы межеленген жоба-жоспарларын да баян етті.
Нақтырақ тоқталсақ, ағымдағы жылы Қашағанов көшесінің 2-бұрылысы, Көшек батыр, Қапал көшесінің 1-4-5 бұрылыстары, Степная көшесінің 2-бұрылысы, Пирогова көшесінің бұрылыстары, Пушкин, Бектұрғанов, 8 – март, Тахир-Шасаидов және Жас дәурен көшелеріне асфальт төселу жоспарланса, Тахир-Шасаидов, Көшеней көшесінің 3-бұрылысы, Сыпатай батыр көшесінің соңына дейін, Сухамбаев көшесінен Жамбыл даңғылына дейін, Мәмбет батыр және Көшеней көшелері (Шахристан, Төле би көшесіне дейін) самаладай жарқырайтын болады. Бұлардан да өзге бірқатар жүйелі жұмыстар қолға алынады.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы жұртшылықты жолдарды жөндеу, қоқыстарды тазалау, қаңғыбас иттерді аулау, аялдамалар орнату сынды өзекті мәселелер толғандырады.
Барлық сауалды мұқият тыңдаған шаһар басшысы әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын баса айтты.
– Округте шешімін таппай отырған мәселелер маған жақсы таныс. Олардың барлығы қаланың 2023-2025 жылдарға арналған даму жоспарында нақты көрсетілген. Мәселен, алдымызда 2025 жылға дейін шаһардың барлық көшесін асфальттау міндеті тұр. Қаңғыбас иттермен күресу мәселесіне келсек, бұл бойынша да нақты жұмыстар жүргізілуде. Бұл тұрғыда тұрғындар да өз жауапкершілігін сезінуі тиіс. Сонда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Басқосудан кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.