Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала көркін ашқан акция

Айшықты науқан аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда

0 699

Тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштікті, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылғы жылдың сәуір айынан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған болатын. Сауапты шараға шаһар тұрғындары да белсене атсалысуда.

Тарихтың даму барысында өзіндік ерекшелігі бар көне қалалардың бірі болған Тараз бүгінде ел арасында «Қазақстанның ең жасыл қаласы» атанып кеткен. Қала көшелерінде саялы ағаштардың көптігі бірден көзге түседі. Мұнда 32 миллион шаршы метр жасыл желек бар. Демек, бір адамға 27 шаршы метр ағаштан келеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында да мәуелі мекенді гүлдендіріп, тазалығын сақтап тұруға кеңінен көңіл бөлініп келеді.
Айталық, өскелең ұрпаққа игілігі мол іс-шараға аймақтағы атқамінер азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен жастар да белсене атсалысып келеді. Әуелі сәуірдің он үшіне дейінгі апта «Таза өлке», одан кейін «Киелі мекен» апталығында тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары қолға алынса, «Жасыл аймақ» апталығында көшеттер отырғызылып, «Өнегелі ұрпақ» апталығында ардагерлер мен қарттар үйінің аумақтары тазаланды. Ал соңғы бесінші «Мөлдір бұлақ» апталығында өңірдегі өзен-бұлақтар мен арық-атыз, каналдар тазаланады. Игі іс-шараның алғашқы күнін аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев, қоғам белсенділері мен қайраткерлері, спорт майталмандары, ұйымдар мен кəсіпорындардың қызметкерлері, жергілікті тұрғындар аулаларды тазалап, тал-дарақ отырғызудан бастаған болатын.
– Бүгінде қасиетті Әулиеата өңірімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталып отыр. Оның бастапқы мақсаты – өлкелерімізді, аудандарымызды, Тараз қаласын тазартып, «Әулиеата – жасыл өлке» деген бағамызды сақтап, ауылдарымызды абаттандырып, ажарын арттырып, ел болып бірігіп, тазалық жолында жұмылу. Сол себептен барлық жамбылдықтарды аталған акцияға белсенді қатысуға шақырамын. Әрбіріміз ел болып атсалысамыз деген сенімдемін,– деген Ербол Шырақпайұлы көшелерді тазалау, жолдарды жөндеу жұмыстары да жоспарлы түрде атқарылып келе жатқанын атап өткен еді.
Сонымен қатар науқандық іс-шараға өңірден шыққан өнер иелері, спорт саңлақтары, ел мақтаныштары да атсалысып, жастарды қоршаған ортаны қорғауға шақырған болатын. Бұл қатарда Афина Олимпиадасының чемпионы, әйгілі боксшы Бақтияр Артаев та бар.

– «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді дана халқымыз. Өзге өңірлерде немесе шетелде жүргенде туған өлкемізді үнемі еске алып, табиғатын іштей салыстырып, сағынып жүреміз. Шынымен, дәл біздің туған өлкеміз секілді сұлу өлке еш жерде жоқ. Оған ұқсайтын жерді де таба алмайсың. Сондықтан осы бар қазынамызды бағалай білейік. Егілген ағаш ел ұрпағына қызмет ете берсін. Табиғаты қолайлы ортада өмір сапасы артады, себебі тазалық – денсаулықтың басты кепілі. Туған өлкеміз гүлдене берсін, – дейді Бақтияр Ғарифоллаұлы.
Науқанның алғашқы аптасында 27 мыңға жуық адам қатысып, 683 кәсіпорын мен ұйымдар да атсалысқан болатын. Іс-шараға жалпы 296 бірлік техника жұмылдырылып, 1 369 көше мен аула, саябақтар мен демалыс орындарын тазалау, 700 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылу көзделген. Игі бастама аясында қайырымдылық жəне мəдени іс-шаралар ұйымдастырылған болатын.
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің маманы Медет Нұрділлаұлының айтуынша, «Таза Қазақстан» атты 5 апталық республикалық экологиялық акциясын өткізу бойынша желілік кесте әзірленіп, 10 сәуірі мен 12 мамыр аралығында тазалық жұмыстарын жүргізу, тал балақтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру бағытында 50 іс-шараның тізбесі әзірленген екен.
– Кестеден бөлек, әр аптаға тақырыптық жоспарлар бекітілуде. Жоспар бойынша 10 сәуір мен 12 мамыр аралығында жалпы 153 іс-шара ұйымдастырылып, оған 17 151 адам қатысты. Атап айтқанда, 10-14 сәуір аралығында «Таза өлке» апталығы аясында қала аумағында 29 тазалық іс-шара ұйымдастырылып, көпқабатты үйлердің аулаларына, қала көшелеріне санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 2 175 ағаш
көшеті отырғызылды. Сонымен бірге 16-21 сәуір аралығында «Киелі мекен» екінші апталығы аясында тарихи-мәдени ескерткіштердің маңын абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, 5 146 ағаш көшеті мен 500 раушан гүлі отырғызылса, 22-28 сәуір аралығында «Жасыл аймақ» үшінші апталығында скверлер, қала көшелеріне, саябақтар мен шалғай аумақтарға 2 453 ағаш көшеті отырғызылды. Ал 29 сәуір мен 5 мамыр аралығында «Өнегелі ұрпақ» төртінші апталығында қаланың белсенді жастары, «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері, зиялы қауым өкілдері мен қарттар үйіне санитарлық-тазалық, ағаш бұтау, сырлау жұмыстарын жүргізіп, зиялы қауым өкілдерімен TEDx форматта еркін сұхбаттасу ұйымдастырылды, – дейді маман.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 6-12 мамыр аралығында «Мөлдір бұлақ» бесінші апталығында су қоймаларының айналасы, өзен-көлдерді күл-қоқыстан, жабайы шөптерден тазалау жұмыстары жүргізілген екен. Сонымен бірге 28 мамыр күні «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1,2», «Төрегелді» каналдарының механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді және 10 маусым күні «Мамыр» тоғайында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, радио-концерт ұйымдастырылыпты. Сондай-ақ осы күні «Ұлы дала» ықшамауданында «Біздің аула» атты тұрғындардың қатысуымен ағаш отырғызу, тазалық жұмыстары ұйымдастырылыпты. Әрі 10 шілде күні Талас өзенінің бойында Ассамблея жастарының, спорт, мәдениет салаларының және «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізіліп, «Көктем» алқабында өрттің алдын алу мақсатында қураған шөптерді ору жұмыстары жүргізіліпті.
Айта кетейік, қаланың қатты тұрмыстық қалдықтары «Жасыл ел-Тараз» ЖШС қоқыс полигонына жіберіледі. Онда шыны, металл, қағаз секілді жарамды материалдар қолмен сұрыпталады және қалған қоқыс жерге көміледі. Қазіргі уақытта полигон 60 пайызға толған. Сонымен бірге қаладан 8 шақырым жерде «Махмудов» кәсіпкерлігінің жеке полигоны бар. Байзақ ауданында орналасқан «Алди и К» компаниясы да қаладан шыққан қалдықтарды өңдеумен айналысады. Сонымен бірге «Тектұрмас» кесенесінде санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп тұрады. Тазалық апталығында кесене ауласына 3 600 түп ағаш көшеті егілген. Шараға шаһардың белсенді жастары мен «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің қызметкерлері атсалысады. Бүгінгі күні егілген ағаштарды және егілетін көгалды автоматты түрде тамшылатып суару жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта суару жүйесіне арналған 16 мың метр су құбырлары алынған екен.
Ал Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркеповтің айтуынша, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, қала өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосуда.
– Еңбек жасақтары қаладағы саябақтарда, «Жастар» аллеясы, Қ.Рысқұлбеков саябағында жұмыстар жүргізіп, Ы.Сүлейменов, Желтоқсан, Б.Майлин, Қ.Тұрысов көшелеріндегі ағаштардың жабайы бұтақтарын кесіп, арықтарын қоқыстан тазартуда. Атап айтқанда, 19 наурыз – Жаңару күніне орай Қ.Рысқұлбеков саябағына «Жасыл желек – жердің көркі» атты акция аясында зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары 700-ге жуық тал көшетін отырғызды. «Әулие бұлақ» каналының бойында волонтерлар тазалық жұмыстарын өткізіп, «Үздік волонтер» анықталып, ынталандыру мақсатында сыйлық табыс етілді. Жастар өзен аумағындағы ағаш діңдерін әктеп, артық шөптерден арылтты. Жалпы тазалық жұмыстарына белсене атсалысқан жастар қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосып қана қоймай, туған жерімізді таза ұстауға шақырды, – дейді Абзал Есенұлы.
Сондай-ақ «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары және өңірлік жастар ұйымының жетекшісі Хамида Тұрдыеваның бастамасымен этнос жастары тазалау жұмыстарын жүргізді. Бірлік пен бірегейлікті көздейтін жастар бұл жолы бір ауыздан келісіп, Таразды бойлай аққан Таластың жағасын тазалады. Жастар өзен аумағындағы ағаш діңдерін әктеп, артық шөптерден арылтты. Әрі шаһар жастар экологиялық акциясы аясында «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай, Тараз қаласындағы тыл ардагері, ғасыр жасаған ана Улсоной Авалованың үйінде тал егу және абаттандыру жұмыстарына «Ассамблея жастары» қос ғасырдың куәгерінің ақ батасын алды.
Сонымен бірге «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы және «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдері бауырластық пен татулықтың қайнар көзі саналатын Достық үйінің ауласына тал көшеттерін отырғызды. Азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыруға үндейтін атаулы мереке жыл сайын өз жоралғысымен жүзеге асуда. Мәселен, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аймақта «Таза аула! Таза өлке! Таза ел!» атауымен ұйымдастырылған акцияға 30 Ассамблея өкілі қатысып, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің аумағына қарағаш, ерен (ясень), бүрлі (туя) ағаштарын отырғызды.
Таразды түрлендіріп, шаһарды гүлдендіруге тек жастар ғана емес, үлкен буын да белсене атсалысуда. Солардың бірі – 66 жастағы Гүлжәмилә Рахимова апай.
– Ауламызды гүлге толтыру ұзақ жылдық арманым еді. Мінекей, 8 жылдан бергі ермегім – осы. Әр зейнетақы алғанда, қажетті тұқымдарды сатып аламын. Интернетте барлық ақпарат дайын тұр. Асықпай, әндетіп жүріп бәрін істеймін. Ауылға баратын көршілерден малдың қиын сұраймын. Бұл – гүлді күйдіріп жібермейтін табиғи тыңайтқыш. Барлық зейнеткер осылай белсенді болса, көп нәрсе түзелер еді. Қазір де біздің көршілер еңбегімді көріп, артық қоқыс тастауға ұялады, – дейді қала тұрғыны.
Әрине, жасыратыны жоқ, кейбір шаһар тұрғындары қоқысты кез келген жерге тастап кететіні жасырын емес. Тараз қалалық мәслихатының депутаты Кенжағали Шилібек мәселенің алдын алу үшін бейнекамераларды қаланың қоғамдық орындары мен орталық маңызды аумақтарына ғана емес, сонымен қатар бірінші кезекте тазалық тәртібі сақталмайтын аудандарға да орнатып, соған жауапты мобильдік топтардың камералардың көмегіне жүгіну жұмыстарын жолға қою қажет деп санайды.
– Мен депутаттыққа сайланған №15 округте қоқысты тасымалдауға жауапты мекемелер арнайы техниканың көмегімен қоқыс тастайтын орындарды белгіленген мерзімде тазалап тұратынын байқадым. Тұрғындар қоқыс жәшіктерін белсенді, мақсатты пайдалану керек. Қала тұрғындары үшін арналған кейбір қоқыс жәшіктері сол маңдағы ірі супермаркеттердің, дүкендердің қоқысымен толып отыр. Кейбір жәшіктердің қолайсыз жерде орналастырылуына тұрғындар наразы. Бұл қисынсыз әрекеттердің бәрі өзгенің емес, өз қолымызбен жасалып жатыр. Шаһардың тазалығына тек қала әкімі емес, біз де жауапты екенімізді ұмытпауымыз қажет. Сол үшін жұмысты бірлесе атқарып, шаһар тазалығына өз үлесімізді қосқанымыз жөн. Себебі бұл мәселеде босаңситын болсақ, еш жұмыс нәтиже бермейді. Осы орайда қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, тазалық мәселесін табалдырықтан бастау керек, – дейді халық қалаулысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ауқымды экологиялық акцияға белсене қатысқандарға өз алғысын жеткізді.
– Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын.
«Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясына бүгінге дейін жүздеген мың адам қатысып, ондаған мың тонна қоқыс жиналды. Мен оларға ризашалығымды білдіремін. Бұл акция тұрақты түрде жалғасады. Аулаларымыз бен көшелеріміздегі, саябақтар мен қорықтардағы, өзен-көлдердегі тазалық пен тәртіптің сақталуы барша азаматқа тікелей байланысты. Біз қоғам ретінде айналамыздағы тазалықтың қадірін біліп, басқа адамдардың еңбегін құрметтеуді үйренуіміз керек, – деді Президент.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, еліміздің оңтүстік пен батыс өңірлерінде сенбілік жұмыстарын тіпті наурыз айының аяғында бастап кеткен екен. «Ұлыстың ұлы күні» мерекесі аясында, 23 наурызда, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Атырау, Жетісу облыстарында және Алматы қаласында «Тазалық эстафетасы» атты экологиялық акция өткен. Акцияға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, еріктілер, кәсіпорындар және тағы басқаларды қосқанда, барлығы 90 мыңнан астам адам қатысқан. Нәтижесінде, 18 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 600-ден астам жасыл желек отырғызылыпты. Осылайша осы уақытқа дейін республика бойынша 40 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 100 мыңға жуық жасыл желек отырғызылды. Бұл ауқымды акцияның жалпыхалықтық сипат алғанын анық көрсетеді. Өйткені көше тазалығына атсалысамын деген ұжымдар мен еріктілердің қатары күннен-күнге көбеймесе, азаймай тұр. Тіпті халықтық екпінмен жылдарға жалғасқандай сыңайы бар. Тіпті белгілі спортшылар, өнер жұлдыздары, танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, депутаттар, әкімдіктер мен министрліктердің қызметкерлері, кәсіпорындар мен ұйымдардың ұжымдары және тағы да басқа ел өміріне бейжай қарай алмайтын замандастарымыздың ынтасы жоғары. Ал солардың барлығынан да жастардың арыны басым. Бұл болашақ саналы ұрпақ қалыптасып келе жатқанын білдірсе керек. Солардың қатарында тараздық жастардың да болғаны көңіл қуантады.
Әрине, қаламыздың тазалығы – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Тіршілігіміздің өзі осы тазалыққа байланысты екені де рас. Қаламыздағы әр ауланың тазалығын сақтау және осындай керағар әдеттерге тосқауыл қою үшін шаһар тұрғындары тазалыққа белсене атсалысса екен.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.