Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қала күні кең көлемде аталып өтті

Айшықты шара көптің көңілінен шықты

0 180

Екі мыңжылдық тарихы бар көне Тараз бүгінде сұлулық пен әсемдіктің ордасына айналып келеді. Күннен-күнге құлпырып, жаңарып келе жатқан шаһардың туған күнін атап өту жыл сайынғы дәстүрге айналған. Сол дәстүр биыл да жалғасын тауып, әулиеаталықтар айшықты шаралардың куәсі болды.

Желмен жарысқан желаяқтар бәсекесі

Мерекелік шаралардың шымылдығы «Тараз – спорт қаласы» атты күзгі кросспен түрілді. Халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау және барлық жастағы азаматтарды дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тартуды мақсат еткен кросстың қашықтығы 2400 метрді құрады.
Шараның ашылуында қала әкімі Бақытжан Орынбеков сөз сөйлеп, көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Бұқаралық спортты дамыту – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Сол үшін осы жарыстың мәні бөлек, маңызы жоғары. Осы орайда бүгінгі спорт бәсекесіне белсене қатысқан қала тұрғындарына шынайы алғысымды білдіремін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы саны 2000-ға жуық адам Орталық алаңнан Тұңғыш Президент саябағына дейін жүгіріп өтті. Нәтижесінде мәре сызығын бірінші болып №932 қатысушы Андрей Калюжный кесті.
Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Кәсіпкерлер өнімдерінің көрмесі

Осы күні «Жастар» аллеясында мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, кәсібін ашқан азаматтардың өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 100-ден адам қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында 30 жас кәсіпкер, 47 көпбалалы отбасы өкілдері және 11 ерекше қажеттілікті талап ететін тұлғалар бар. Жәрмеңкені аралаған қала әкімі Бақытжан Орынбеков «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында ұсынылған бизнес-идеялармен танысты.
– Еліміз қашанда өз ісін бастаймын азаматтарға қолдау көрсетуге әзір. Бұл бағытта өңірімізде де көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесіне бүгін куә болып отырмыз. Баршаңыздың еңбектеріңізге тек қана табыс тілеймін, – деді шаһар басшысы.

Шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.

Жастар арасындағы пікірсайыс

Мерекеге орай Халықаралық Тараз инновациялық институтының бас ғимаратында «Әділетті Қазақстанның жаңашыл жастары» атты жастар арасында ашық пікірсайыс турнирі өтті.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, студенттер арасында білімді, ұшқыр ойлы, өз ойын жақсы дәлелдей білетін азаматтар даярлау, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуге ықпал ету, студенттердiң өзара тәжiрибе алмастыруына, оларды жаңа ұсыныстар мен идеялар қалыптастыруға баулу мақсатында ұйымдастырылған турнирге Шымкент, Алматы, Тараз, Түркістан, Астана қалаларынан келген 20 спикер қатысты.
Олар белгіленген тақырып төңірегінде пікір алмасып, орамды ойларын ортаға салды.

«Көне Тараздағы» керемет кеш

Айтулы мереке «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі гала-концертпен түйінделді. Шараның ашылуында сөз алған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов көпшілікті мерекемен құттықтады.
– 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз – тек еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі.
Жуырда ғана Киелі Әулиеата жерінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» халықаралық қолөнершілер көрмесі өтіп, Тараз қаласының Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне ресми түрде енуінің куәсі болдық.
Тарихи Тараз – бұл тізімге енген еліміздегі алғашқы қала.

Сүйікті қаламыз күн өткен сайын көз алдымызда көркейіп, үйлер, жолдар салынып, аллеялар мен демалыс орындары көбейіп келеді. Айталық, ағымдағы жыл соңына дейін 40 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жыл сайын жаңа әлеуметтік нысандар ашылып жатқандығы – соның айғағы.

Баршаңызды Қала күнімен құттықтай отырып, денсаулық, бақыт, бейбіт тіршілік тілеймін. Шырайлы шаһарымыздың ажары арта берсін!, – деген Нұржан Молдиярұлы көпбалалы аналарға «Алтын алқа» медалін табыстап, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматты Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапаттады.

Шара бұдан кейін Төреғали Төреәлі, Садраддин сынды белгілі эстрада жұлдыздарымен қоса, жергілікті өнерпаздардың әсем әндерімен жалғасты.

P.S. Осылайша айтулы мереке ауқымы кең осындай шаралармен айшықталды. Сондай-ақ осы күні қоғамдық көліктер тегін қатынағанын да айта кеткен абзал. Бұл іске тұрғындар да дән риза болды.

«Jambyl-Taraz» тілшілер тобы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.