Жуырда Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил, қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев және Қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімовтің қатысуымен жетінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс XVI сессиясы өтті. Жиынның күн тәртібінде 2022-2024 жылдарға қалалық бюджет туралы шешімге өзгерістер енгізу, шаһар басшысының тұрғындармен кездесуінің 2022 жылға арналған икемді күнтізбелік кестесін келісу, әлеуметтік мәселелер жөнінде қалалық консультативтік-кеңесші ведомствоаралық комиссия құрамын бекіту, Тараз қаласы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы шешімге өзгерістер енгізу және жер учаскесін мемлекет мұқтажына алып қоюға байланысты шарт жобасына келісу мәселелері қаралды.
Әуелі сөз алған қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев бюджетке енгізілген өзгерістер жөнінде кеңінен баяндады. Ол бұл өзгерістердің «100 аула» жобасына бөлінетін қаржыға байланысты туындап отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, 100 ауланың әзірге тек 23-і ғана абаттандырылмақ екен.
Басқосуда шетелдік студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмады. Әрбір ұсынысты мұқият тыңдаған Қайрат Әбілханұлы барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін баса айтты.
Құрмаш Қаптағай