Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қала аумағына өткен аудандардың жер учаскелері қалай рәсімделеді?

0 373

Тараз қаласының шекарасын ұлғайту жұмыстары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылы 29 қарашадағы № 1014 «Жамбыл облысы, Тараз қаласының шекарасын (шегін) өзгерту туралы» қаулысына сәйкес, Байзақ және Жамбыл аудандарынан бірқатар елді мекендер Тараз қаласының аумағына кірді.

Атап айтқанда, Байзақ ауданынан – Қызылжұлдыз, Талас ауылдары мен Талаc станциясы, ал Жамбыл ауданынан Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе, Ақбұлым, Кемел, Түрксіб, Сұлутөр, Жалпақтөбе, Қызылшарық, Бектөбе ауылдары мен Шайқорық станциясы облыс орталығының құрамына енді.
Байзақ ауданынан қосылған аумақ 1 761,2 гектарды құрайды. Оның ішінде, елді мекендер аумағы – 806,5, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 796,2, өндірістік жерлер – 46,6, су қоры жерлері – 21,7288, қорық жерлері 90,1 гектар аумақты алып жатыр.
Сол секілді Жамбыл ауданынан қосылатын аумақ 11 145,5 гектарды алып жатыр. Оның 3 180,8 гектары елді мекендердің аумағы болса, 5 734,2 га – ауыл шаруашылығы, 128,6 га – өндірістік мақсаттағы жерлер. Сонымен қатар су қоры жерлері – 163,9, қорық жерлері – 1 937,7, ал саяжайлар («Дорожник», «Новоджамбулец») аумағы – 86,8 гектарды құрайды.
Аталған аудандардың қала аумағына өтуіне байланысты жер учаскелерінің құжаттарын рәсімдеу үшін төмендегідей әрекеттер жасалады:
1. «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының Тараз қаласы бойынша жер кадастры филиалынан жер учаскесіне кадастрлық нөмірін беру (белгілеу) анықтамасын алу керек;
2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет арқылы eGov.kz порталымен немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан «Жылжымайтын мүлік объектісінің мекенжайын беру/жою» анықтамасын алу керек;
– егер ауданның құжаттары өзіндік қосалқы шаруашылығы үшін немесе бағбандық және саяжай құрылысы және бақша үшін рәсімделген болса, онда өтінішті eGov.kz порталы арқылы «е-Лицензиялау» жүйесіндегі «жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту» мемлекеттік қызметі арқылы беріледі.
– егер ауданның құжаттары кәсіпкерлік мақсатқа, яғни үй-жайларға (құрылыстар мен ғимараттарға) құрылыс жүргізу және қызмет көрсету үшін рәсімделсе, онда өтінішті қалалық әкімнің атына немесе «е-Өтініш» жүйесі арқылы беруге болады.
– егер ауданның құжаттары шаруа қожалығына рәсімделген болса, ол өтінішті де қала әкімінің атына немесе «е-Өтініш» жүйесімен беруге болады.
Жоғарыда аталған мемлекеттік қызметтердің барлығы тегін жүргізіледі.

Нұржан Бекежанов,
Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.