Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен «Тараз – қауіпсіз қала» жобасын іске асыру бойынша уәкілетті органдармен қабылданған шаралардың тиімділігі» тақырыбында мекемеаралық мәжіліс өтті.
Басқосу барысында әуелі Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталмыш жоба аясында атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.
– Жоба шеңберінде қалалық құқыққорғау және мүдделі мемлекетік органдармен бірлесе тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтардың саны 2024 жылдың өткен кезеңімен салыстырғанда 32 пайызға төмендеді. Сонымен қатар есепті мерзімде жасалған ұрлық қылмыстардың саны – 26,3, ұялы телефон ұрлау бойынша қылмыстар – 33,3, қоғамдық жерлерде жасалған қылмыстар – 27,1, алынбаған және өтелмеген соттылығы бар тұлғалардың тарапынан қайталама орын алған қылмыстар саны – 25,2 пайызға азайған.
Қоғамдық көлікте жасалған қалта ұрлығының алдын алу мақсатында 2024 жылы сатып алынған жаңа 155 автобус және осы жылы жеткізілген 35 қоғамдық көлік бейнебақылау камералармен қамтамасыз етілген. Жалпы, шаһар аумағында тасымалдаумен айналысатын 457 автобустың 280-і камералармен жабдықталған.
Бұдан бөлек, қала көшелерінде 62 мың шаршы метр жол таңбалау және 400 метр жасанды кедергі орнату жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімдігі тарапынан тиісті инфрақұрылымды жақсарту бойынша да кешенді шаралар қабылдануда. Осыған орай жыл басынан жергілікті бюджеттің есебінен істен шыққан 158 өрт гидранты ауыстырылып, 5 дабылдама (сирена) сатып алынды. Ал, техногендік апаттарын алдын алу мақсатында шаһар көшелерінде 5 сыртқы көрнекі материалдар ілінді, – деген шаһар басшысы жоба өз тиімділігін көрсетіп отырғанын тілге тиек етті.
– Жалпы, 2020 жылы прокуратураның бастамасымен басталған жоба қылмысқа қарсы күресте өзінің тиімділігін көрсетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды құралға айналып отыр. Бұл жұмысқа құқық тәртібін өлшеу индикаторларын анықтаған мәслихат депутаттары, өзекті мәселелерді шешуге көмектескен қоғамдық ұйымдар тартылды. Жоба аясында 7 тиімділік индикаторы белгіленсе, олардың 4-еуі орындалып, қалғандары іске асырылу сатысында. Наркобизнеспен күрес бағытында іске қосылған «NarcoShekteuTaraz» платформасы арқылы 3000-нан астам есірткі сайттары бұғатталып, 500-ден астам граффити өшірілді. Сондай-ақ туыстарының келісімінсіз нашақорларды мәжбүрлі түрде емдеу тәжірибесі енгізіліп, 156 адам есепке қойылып, ішімдікке тәуелділікпен күрес аясында 50 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Шағынаудандардан 22 жасөспірім профилактикалық есепке алынды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы бірқатар қылмыстар бойынша өсімнің бар екенін де жасырмады.
– Ағымдағы жылы 6 айының қорытындысы бойынша қала аумағында жалпы алаяқтық қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 79,1 пайызға өскен. Интернет-алаяқтық біздің қаламызда ғана емес, елімізде болып жатқан өзекті проблемалардың бірі. Менің ойымша, жағдайды жақсартудың ең тиімді механизмі – ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар да біздің жіті назарымызда. Осы санаттағы қылмыстардың өсуі, ең әуелі Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты болып отыр. Себебі, бұрын әкімшілік құқық бұзушылықтар санатына жататын әрекеттер қазіргі уақытта қылмыстық істер ретінде есепке алынады. Мысалы, ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1 бабымен 2024 жылдың 6 айында 3 қылмыс тіркелсе, ағымдағы жылдың есепті кезеңінде 30 қылмыс анықталған. Бұл ретте, Тараз қаласы әкімдігінің қаулысымен «Отбасын қолдау орталығы» құрылды. Қазіргі уақытта орталық тарапынан 309 азаматқа ақпараттық-консультациялық жұмыстар жүргізіліп, 435 түрлі заңдылық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетілді.
Жыл басынан бері облыстық полиция департаменті тарапынан «Отбасын қолдау» орталығына зорлық-зомбылық құрбаны болған 92 ана мен отбасынан хабарламалар келіп түскен. Олардың 81-не тиісті әлеуметтік көмектер көрсетілді. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 25 маусым – 5 шілде аралығында шаһар аумағында «Тұрмыс» профилактикалық акциясы өтті. Өкінішке қарай, есірткімен байланысты қылмыстар бойынша да біршама өсіп байқалып отыр. Дегенмен, қалада криминогендік ахуал тұрақты, – деген қала әкімі бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғаса беретінін жеткізді.
Жиында Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай, қалалық полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Әзімов күн тәртібіндегі мәселе бойынша ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Мәжілісті қорытындылаған Нұрғалым Мәжитұлы қалада қылмыс мен құқық бұзушылықтарды төмендетуде оң динамика қалыптасқанын атап өтіп, шаһар аумағына жаңадан қосылған елді мекендерде полиция пунктерін көбейту, тұрмыстық зорлық-зомбылық, интернет-алаяқтық, жасөспірімдер құқықбұзушылығы, есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөнінде қосымша нұсқаулар берді.
Құрбанәлі Шахабай