Бүгінде Тараз қаласының көкжиегі кеңейіп, тұрғындарының саны да жылдан-жылға артып келеді. Айталық, қазіргі таңда облыс орталығында 434 мыңнан аса адам тұрмыс кешуде. Ал «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңында «Облыс орталығындағы қала тұрғындарының саны 400 мыңнан асқан кезде қалада аудандар құрылады» деп нақты жазылған. Осының аясында қала дамуының жаңа Бас жоспары әзірленіп, шаһарда екі аудан құру қарастырылған болатын.
Бас жоспарға сәйкес, көне шаһарға Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 12,9 мың гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекен мен 2 саяжайды қосу нәтижесінде тараздықтардың саны 479 мыңнан асады деп жоспарлануда. Әрине, бұл жергілікті басқаруды едәуір оңтайлы етері анық. Алайда әр ауылдың әлі де шешілмей тұрған маңызды мәселелері бар екені белгілі. Сондықтан түйткілдің түйінін дер кезінде тарқату аса маңызды. Соған байланысты Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар құрамына енетін елді мекендерді аралап, тұрғындарымен жүздесуде.
Әуелі шаһар басшысы Байзақ ауданындағы Қызыл жұлдыз ауылына ат басын бұрды. Басқосуда қала әкімі алда тұрған ауқымды жоба-жоспарларды тілге тиек етті.
– Бүгінде облыс орталығының құрамына енетін елді мекендерде түйіні тарқамай тұрған түйткілді мәселелер баршылық. Оларды шешу мақсатымен алдын ала жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бірлескен жоба-жоспар әзірленуде. Енді сол бойынша тиісті жұмыстар қолға алынады. Әрине, ауылдар қалаға қосылғаннан кейін олардың инфрақұрылымы да соған сай болуға тиіс. Сондықтан ең әуелі ауылдардағы жолдардың жағдайын жақсарту, қоғамдық көлік санын көбейту, әлеуметтік нысандарды жаңғырту, спорт алаңшаларын салу ісіне басымдық беріледі. Біз үшін әрбір тұрғынның жайлы тұрмысы маңызды, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы жұртшылықты бүгінде 3 көше бұрылысын орташа жөндеу, 16 көшеге жарық шамдарын орнату, ауылдық клубтың ғимаратын жаңғырту және тағы да басқа мәселелер толғандырады екен. Барлық сауалды мұқият тыңдаған шаһар басшысы әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын баса айтты.
Бұдан кейін Бақытжан Әмірбекұлы аталмыш ауданға қарасты Талас ауылына аялдады. Таластықтар өз кезегінде көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, қоғамдық көлік мәселесі, ауызсумен қамтамасыз ету, ауылдық клуб ғимаратын жаңғырту, көшелерді жарықтандыру, шағын футбол алаңшаларын салу секілді маңызды мәселелерді көтерді.
Сонымен қатар қала әкімі шаһар құрамына енетін Жамбыл ауданының Қаратөбе ауылдық округіне арнайы барып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Бектөбе және Қызылшарық елді мекендерінен құралған аталмыш округте қазіргі таңда 4,3 мыңнан астам адам тұрмыс кешуде.
Шаһар басшысы өз сөзінде мұндағы әрбір мәселемен жете таныс екенін ерекше атап өтті.
– Біз бұған дейін аудан басшыларымен, ауыл әкімдерімен бірнеше рет жүздесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мәселелердің шешілу жолдарын жан-жақты қарастырдық. Сол бойынша қазір арнайы Жол картасы әзірленуде. Демек, осындағы жұртшылықты не толғандыратынын жақсы білемін десем, артық емес. Расында, бүгінге дейін аудан әкімдігі тарапынан ауылдарды көркейту бағытында ілкімді істер жүзеге асырылғаны өздеріңізге мәлім. Одан өзге де алда тұрған жоба-жоспарлар жетерлік. Біздің міндетіміз – соларды орта жолда қалдырмай, аяғына дейін жеткізу. Елді мекен облыс орталығының құрамына енгеннен кейін оның тұрмысы да соған сай болуы керек. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Сондықтан, келешекте бәріміз осы аумақты өркендету жолында бірлесе жұмыс істейміз деп сенемін, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Бұдан соң тұрғындардың сауалдарына кезек берілді. Айталық, қаратөбеліктер Бектөбе ауылындағы – 36, Қызылшарық елді мекеніндегі 7 көшені жөндеу, ауыз су жүйесін жүргізу секілді маңызды мәселелерді алға тартты. Сондай-ақ 5 көшені жарықтандыру, электр желісі мен қосалқы станцияны жөндеу, мәдениет үйін жаңғырту, аталмыш нысанның материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша өтініш-тілектерін жеткізді.
Көне шаһар құрамына енетін елді мекендердің қатарында Жамбыл ауданының Жамбыл ауылдық округі де бар. Бүгінде тұрғындарының саны 5 605 адамды құрайтын округ Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе ауылдары мен Шайқорық станциясынан құралған. Аталған округ тұрғындарымен кездескен шаһар басшысы әуелі алда тұрған ауқымды міндеттерге кеңінен тоқталды.
– Көне шаһарды көркейту бағытында атқарылған ілкімді істер аз емес. Енді қаланың көкжиегі бұрынғыдан да кеңейіп, жаңа елді мекендердің қосылуы жауапкершілікті одан әрі арттыра түседі. Осы мақсатта әуелі облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көліктердің санын көбейтуге басымдық беріліп отыр. Сондықтан, менің тапсырмаммен 2025 жылдың алғашқы жұмыс күнінен бастап елді мекендердің аумағына кіретін автобустардың бағыттарына қосымша өзгерістер енгізіліп, олардың саны артады. Ауылдардағы зираттарға қатысты мәселелер де бар. Бұл мәселе қазір қалада толығымен өз шешімін тапты. Енді келер жылдан бастап елді мекендердегі мазараттарды да қоршау жұмыстарын қолға аламыз. Қазір жер кезегіне байланысты да бірқатар сұрақ туындап отыр. Әрине, ұзақ жылдан бері жер кезегінде тұрған азаматтардың құқығы бұзылмайды. Бұл бойынша құзырлы органдарға арнайы сұрау жолданды. Олардың берген жауабына орай нақты шешім қабылданады. Ерекше екпін түсіре кетерлігі, арамызда ауыл шаруашылығы мақсатында бірнеше сотық жерді иеленіп отырған жандар жетерлік. Алдағы уақытта тұрғылықты мекенжайы қаланың шекарасына өткеннен кейін де олар жердің нысаналы мақсатын тұрғын үй салу үшін өзгерте алады немесе бұрынғыдай өз жер телімін пайдалануын жалғастыра береді. Сондықтан, «Кейін жеріміздің бір бөлігін мемлекет мұқтажына алып қояды» деп алаңдауға еш негіз жоқ, – деген Бақытжан Әмірбекұлы тұрғындарды толғандырған маңызды сауалдарға тұшымды жауап қайтарды.
Бақытжан Әмірбекұлы Жамбыл ауданындағы 10,5 мыңға жуық тұрғыны бар Жалпақтөбе ауылына да арнайы барды. Кездесу барысында қала әкімі округтегі мәселелер жіті зерделенгенін тағы да еске салды.
– Мұнда шешімі табылмай тұрған маңызды мәселелер баршылық. Бұған аудан басшыларымен бірлесе жүргізген зерделеу жұмыстары кезінде толығымен көз жеткізілді. Айталық, осындағы 18 көше орташа жөндеуді қажет етеді. Жоба құны – 247,6 млн теңге. Бұл жұмыстарды біз 2026 жылға жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ ауылға ауызсу жүйесі жүргізілгенімен, 445 аула әлі күнге тіршілік нәрінің желісіне қосылмаған. Тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру арқылы осы үйлерді ауыз су жүйесіне қосу қажет. Бұдан бөлек, 50 көшеге жарық шамдары орнатылмаған. Жалпы жоба құны 760,0 млн теңгені құрайды. Әрине, барлығын бір-ақ сәтте шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан, бұл жұмыстар кезең-кезеңімен өз шешімін табады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы көпшілік көкейіндегі сан сауалға нақты жауап берді.
– Қазір көпшілікті «Қалаға қосылғаннан кейін жұмыссыз қалмаймыз ба, қысқартулар жүре ме?» деген түрлі ойлар мазалап жүргені жасырын емес. Әлбетте, мұндай мәселелердің көтерілуі орынды. Осы ретте ешбір салада қысқарту болмайтынын ашық айтуымыз керек. Себебі, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес, бекітілген жаңа Бас жоспардың аясында шаһарда екі аудан құрылады. Тиісінше, қос ауданда екі бірдей әкімдік жасақталады. Олардың әрқайсысына елді мекендерде халықпен тығыз жұмыс істеген, сол аумақтың жағдайын жақсы білетін білікті мамандарды тартуды көздеп отырмыз. Сондықтан, ешбір маман назардан тыс қалмайды. Сол секілді білім саласында да осы оқу жылы аяқталғанша ешқандай өзгеріс болмайды. Ал келер оқу жылының қарсаңында сынып жинақтары қала мектептеріне заңмен белгіленген талаптарға сәйкес қайта құрылады. Алайда бұл педагогтар мен олардың сағат саны қысқарады деген сөз емес. Барлық қызметкер бұрынғыдай өз жұмыстарын жалғастыра береді. Дегенмен, ауыл мұғалімдеріне төленетін 25 пайыздық қосымша үстемеақы қаңтар айынан бастап берілмейді. Бұл – заңда белгіленген норма. Сондықтан бұған түсіністікпен қарайсыздар деген ойдамын, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Тұрғындар өз кезегінде елді мекендердегі өзекті мәселелерді көтеріп, қаланың өркендеуі жолында бірге жұмыс істеуге даяр екендіктерін жеткізді.
Айта кетерлігі, Тараз қаласының шекарасын (сызығын) өзгерту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №1014 қаулысы қабылданған болатын. Енді бірер күннің бедерінде Тараз қаласында 2 аудан құру туралы мәслихаттың шешімі қабылданады.