Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алғыс арқалаған Ұлболсын

0 2  396

«Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде, біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі тіпті артық. Әсіресе медицина – жүгі ауыр салалардың бірі. Оның ерекшелігі сол – жауапты да қиын мамандық иесі дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді.

«Дерт меңдеп, дауа іздегенде де, ең әуелі дәрігерге жүгінетініміз анық. Иә, ауру азабын тартқан сәтте ажалға араша болатын ақ халатты жандардың еңбегі өлшеусіз ғой. Мұндайда уайым кешкен жүрекке сабыр сыйлайтын, күдікті сейілтіп, үмітті қайта жандырып, аурудан айықтыру үшін бар күш-жігерін аямайтын қолы алтын, жүрегі нұрлы ақ желеңді абзал жандарға қандай мақтау сөз айтсаңыз да артық етпейді.
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Сол аталы сөзге лайық, өз ісінің білікті маманы – №2 қалалық емхананың бас дәрігерінің ана мен баланы қорғау ісі жөніндегі орынбасары Ұлболсын Жұмағалиева.
Ұлболсын Бауыржанқызы – талмай еңбек етіп, еліне зор пайдасын тигізіп жүрген білікті дәрігер, жастарға үлгі етуге әбден лайықты еңбек адамы. Мамандығына жан дүниесімен берілген ол үшін «ақ халатты абзал жан» деген халықтың құрметті атағынан асқан қасиетті ұғым жоқ. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген ол бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнағысы келеді. Осы мақсатта «Денсаулық – басты байлық» тәмсілін өмірлік ұстанымға айналдырып, емдеу саласында жемісті еңбек етуде. Ем іздеп алдына келген әрбір науқастың дертіне шипа дарытып қана қоймай, жүрегіне жылу ұялата біледі. Қарапайымдылық пен кішіпейілділік секілді асыл қасиеттер Ұлболсын Бауыржанқызының бір бойынан табылады. Әрбір науқаспен тікелей қарым-қатынас орнатып, ақыл-кеңесін айтудан тартынған емес. Осының өзі – оның өз ісіне қаншалықты берілгендігінің айқын айғағы.
Ұлболсын Жұмағалиеваға айтар алғысым шексіз. Медицинамыздың көкжиегін дәл осындай білікті мамандар көркейтеді. Ауырған тәнді қалпына келтіріп, кейде өмір мен өлімнің арпалысқан қатерлі сәттерінде бар білімі мен білігін аямайтын мамандық иелерін қалай дәріптесек те жарасады. Дәрігерлердің шипалы қолдарының көмегімен өмірден күдер үзгелі жатқан науқас та аман-есен жарық дүниеге қайта оралып жатады. Сондай білікті мамандардың сапынан Ұлболсын Бауыржанқызының да табылуы – өзіне де, өзгеге де мақтаныш. Осы сәтті пайдалана отырып, Ұлболсын Жұмағалиеваны Медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрқашан адамдардың алғысына бөленіп, еңбегінің жемісін көруге тілекшімін.

Жансая Базарбаева,
№2 қалалық емхананың ем алушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.