Апаттың жағдайдың айтып келмейтіні белгілі. Сол себепті оған әрдайым дайын болу аса маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде төтенше жағдайлармен күрес саласы қызметкерлерінің еңбегі ерен. Олар күн сайын оқыс оқиғалардың алдын алу және залалын жоюға бағытталған түрлі шараларға атсалысады.
Бір сәтке де кідіруге болмайтын мұндай кезде құтқарушыларға тез арада шешім қабылдау басты мақсат саналады. Өйткені олардың әр әрекеті адам өмірін құтқару, төтенше жағдайдың алдын алу, оның өршіп кетуіне жол бермеу секілді маңызды жұмыстар барысында аса бағалы уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондықтан да өрт сөндіруші қызметі әлемдегі күрделі әрі қауіпті мамандықтардың бірі болып есептеледі. Бұл – жай ғана жұмыс емес, жан-тәнімен қызмет жолына ғұмырын арнау.
Адам өмірін құтқару – жауапты миссия. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болған жанға жәрдем беру кез келгеннің қолынан келе бермесі анық. Сондықтан өзгенің өмірін сақтау үшін өз жандарын қиюға даяр азаматтар қандай құрметке де лайық. Күн сайын өз өмірлерін өзге жандарды құтқару мақсатында тәуекел ететіндердің арасында Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Арман Сартаев та бар.
Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан ауылында туған ол бала кезінен осы салада қызмет етуді армандаған екен. Мектептен кейін екі мамандандырылған училищені бітіріп, 1995 жылы азаматтық қорғау органдарында қызметін бастайды.
– Суворов училищесінің түлегімін. 1992 жылы оқуымды аяқтағаннан кейін Алматы өрт-техникалық училищесіне жолдама алдым. Үш жыл оқып, азаматтық қорғау органдарындағы қызметімді 1995 жылы Алматы гарнизонында бастадым. Отбасы жағдайына байланысты 2004 жылы Таразға ауыстым. Биыл төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп жүргеніме 30 жыл толып отыр, – дейді Арман Молдатайұлы.
Табаны күректей 30 жылдық қызметі барысында Арман Сартаев сенімділік пен кәсібиліктің үлгісіне айналды. Ол тұрмыстық өрттерден бастап ауқымды апаттарға дейінгі көптеген шақыртуларға шыққан. Ең есте қалғандарының қатарында «Мыңбұлак» сауда орталығындағы алапат өртті сөндіру оқиғасы бар. Сонымен қатар ол химиялық қауіпсіздік бойынша халықаралық жаттығуларға қатысқан және жанып жатқан жатақханадан 50-ден астам адамды құтқарып қалған сәтін ерекше еске алады.
– 2022 жылдың мамыр айында, таңғы сағат 8:00 шамасында өрт сөндіру орталық пунктіне «Ауыл-Береке» базарының өртеніп жатқаны жөнінде хабар түсті. Хабар алысымен дереу азаматтық қорғау старшинасы Ш.Базарбаевпен бірге жолға шықтық. Оқиға орнына бізден бұрын жеткен қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Д.Шәріпбаев барлау жасап, №2 шақыртуды жариялапты. Бұл кезде түрлі тауарлар сақталған 20-ға жуық контейнер отқа оранып жатқан еді. Контейнердің ішінде маталар, киімдер, ойыншықтар да бар екен. Мен бірден №3 шақыртуды жарияладым. Себебі өрттің көлемі ауқымды еді. Содан контейнерлерді шетінен бастап өшіріп, оқпанмен су шаша бастадық. Алайда өрттің ұлғайғаны сонша аумағы 700 шаршы метрді құрады. Жүргізілген электр қуатының бойымен әр жерден контейнерлер тұтанып, өрт одан әрі күшейе бастады. Өрт сөндірушілер тоқты қай жерінен ажыратарларын білмей біраз әуре-сарсаңға түсті. Сол сәтте электрик мамандар келіп, біздің кедергісіз жұмыс істеуімізге жағдай жасады. Нәтижесінде, өрт сөндіргіш автоцистерналарды ішке кіргізіп, контейнерлердегі жалынның бәрін өшірдік. Бас-аяғы 3 сағаттың ішінде қызыл алауды толық сөндіріп, контейнердің ішіндегі тауарларды қауіпсіз жерге орналастырдық, – дейді сала маманы.
Сонымен қатар 2023 жылы шаһар төріндегі «Қарасу» (5) шағынауданында орналасқан №24 жатақханада тұтанған өрттен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіргені кейіпкеріміздің әлі күнге жадында екен.
– Бұл 2023 жылдың күз айы болатын. Таңғы сағат 4:00 шамасында Тараз қаласындағы №5 ықшамауданда орналасқан №24 жатақхананың өртеніп жатқаны туралы хабар түсті. Бірден сол жерге аттандық. Барсақ, 4-қабаттан қою түтін шығып жатыр. Екі адам балконнан секіргелі тұр екен. Қара түтіннен ештеңе анық көрінбейді. Тұрғындардың көбі шырт ұйқыда. Оянып кеткендердің жан дауыстары естілді. Әрине, ең әуелі адам өмірін аман сақтауымыз керек. Сондықтан бірінші балконда тұрған екі ересек азамат пен екі кішкентай баланы құтқардық. Кіреберісті қара түтін басқаны соншалық, ештеңе көрінбейді. Сонда да түтінге тұншықпасын деп тұрғындардың есіктерін қағып оятып, қауіпсіз жерге шығардық. Тілсіз жау қаупі төнген кезде адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, олардың өмірін сақтап қалу – біз үшін бұлжымас қағида, – дейді А.Сартаев.
Кейіпкеріміз – сабырлы, өзіне сенімді жан. Қимылдары – нақ, шешімдері – батыл. Жылдар бойы ол өз ісінің шеберіне айналып, талай сын сәттерде кәсібилігімен көзге түсті. Әрбір тапсырманы жауапкершілікпен орындап, өзгелерге үлгі бола білді. Уақыт өте келе ол тек тәжірибелі құтқарушы ғана емес, жас әріптестеріне бағыт-бағдар беретін тәлімгер дәрежесіне көтерілді. Оның сабырлы мінезі, табандылығы мен батылдығын әріптестері де жоғары бағалайды.
– Арман Молдатайұлымен бірге қызмет атқарып жүргеніме шамамен 10 жыл болды. Мен бөлімге келгенімде ол менің ауысымымда жедел кезекші болатын. Сол кезден бері 10 жыл бойы өрт сөндіруді басқарып келеді. Ол – гарнизондағы ең үздік басшылардың бірі, өте тәжірибелі тәлімгер, – дейді Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Шухрат Муртаев.
Осылайша өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген азамат I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталған. Сонымен бірге Арман жақында ғана Астана төрінде Төтенше жағдайлар министрлігінде Ұлттық мереке – Республика күнін мерекелеуге және егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына орай өткен салтанатты жиында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Салтанатты шарада Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов сала қызметкерлері мен құтқарушылар әрқашан ел қамын ойлап, азаматтардың қауіпсіздігін күзететінін айырықша атап өтті.
Арман Сартаев – тек тәжірибелі өрт сөндіруші ғана емес, сонымен қатар мықты тәлімгер. Ол өзінің білімі мен тәжірибесін жас мамандардың бойына сіңіріп, олардың одан әрі қызмет жолында өсуіне ықпал етеді. Әріптестері арасында кәсіби шеберлігі мен адамгершілігі әрдайым жоғары бағалануда.
Ал қызметтен тыс уақытта Арман Сартаев – отбасында абыройлы жұбай әрі қамқор әке. Зайыбы Айсұлумен бірге ұлы Мадияр мен қызы Дананы үлкен махаббатпен тәрбиелеуде. Әкесінің тәрбиесінен шабыт алған ұлы да бүгінде өзінің болашағын өрт сөндіруші мамандығымен байланыстырады.
Отан алдындағы, халыққа берген анты мен борышын абыроймен атқарып жүрген батыл жан – Арман Молдатайұлының өмірі ерлікке толы. Оның қызметіне деген адалдығы мен өз ісіне деген шынайы сүйіспеншілігі өзгелер үшін үлгі болып қала бермек.
Жұматай КӨКСУБАЙ