Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алғашқы көмек көрсету орталығы ашылды

0 613

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында №2 қалалық емхана базасынан алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы ашылды.

Орталықтың ашылуында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев жаңа медициналық ұйымның жұмысына сәттілік тіледі.
– Жаңа орталық халықтың денсаулығына көңіл бөліп, алғашқы көмек көрсетіп, көпшіліктің тән мен жан саулығы үшін аянбай қызмет етеді деп сенемін. Жұртшылықтың амандығы – еліміздің болашағының кепілі. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді дана қазақ. Сондықтан жаңа медициналық ұйымның ашылуымен баршаңызды құттықтай отырып, жұмысына сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.

Алғашқы көмекке тән барлық қажеттілікті қамтыған орталық дәрігердің жұмысын жеңілдету, жүкті әйелдер мен балалар денсаулығының сапасын бақылау және жағдайын жақсартып, сондай-ақ психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетумен айналысатын болады. Орталықта дәрігердің қабылдауына кезекті азайту, әрбір пациенттің денсаулығын нығайту, жеке және жалпы отбасылық медициналық қолдау үшін барлық жағдай қарастырылған. Сондай- ақ мұнда СӨС (салауатты өмір салты), физиотерапия мен массаж, күндізгі стационар, егу, ем-шара, зертхана, дәрігерге дейінгі және шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған ТРИАЖ жүйе, ерлер мен әйелдерді қарау, скрининг, сүзгі кабинеттері бар.
– Осы «Ақбұлақ» мөлтекауданының тұрғынымын. Қазір медицинаға жүгінсең, соңы жоқ кезек күтіп, одан қалса дәрігер жетіспей немесе аппараттары ескіріп тұрғанын көріп, көңілің құлазиды. Ал мынандай жарық, жаңарған орталықта ем алу бір рақат болмақ. Ақ халатты абзал жандар қарапайым халықтың саулығы үшін тер төгіп жүргендіктен, бұл орталық оларға да өз пайдасын тигізеді деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Нарша Исламова.
Иә, жан мен тәннің саулығын сақтап, дертке дауа болар орталықтың ертеңі баянды болсын деп тілейміз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.