Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Алқаптар ауызсумен толығымен қамтамасыз етілуде

0 98

Алқаптар ауызсумен толығымен қамтамасыз етілуде. Мәселен, 2023 жылы 6,2  млрд теңгеге 9 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 42 410 тұрғын ауызсумен қамтылды. «Шалғай Қарасу» алқаптарына ауызсу желісінің құрылысы 2024 жылы басталып, ағымдағы жылы аяқталды. Жобаны құны – 1,2  млрд теңге. Қазіргі таңда 8 475 тұрғын ауызсумен қамтылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясын өткізіп жатқан Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, осылайша орталықтандырылған ауызсумен қамту үлесі 100 пайызға жетпек.

– «Родничок», «Қайнар», «Мичуринец» және «Ақжол» тұрғын алқаптарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үшін мердігермен 859,0  млн теңгеге келісім-шарт жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде 5 405 тұрғын жыл соңына дейін ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар «Шапағат» (16) шағынауданын ауызсумен қамтамасыз етудің 2-ші кезеңі аяқталып, пайдалануға қабылданды.

Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.

Бұдан бөлек, 2023 жылы – 13 көшеде, 2024 жылы – 10, 2025 жылы 8 көшеде тозығы жеткен су құбырлары ағымды жөндеуден өтті. Сондай-ақ магистралды су құбырларының тозығы жетуіне байланысты Абай даңғылы, Қолбасшы Қойгелді, А.Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан және Е.Ниетқалиев көшелеріндегі магистральды су құбырларын қайта жаңғырту бойынша сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім берілді, – дейді Б.Орынбеков.

Сонымен қатар «Алматы-теміржол су» мекемесінен қабылданған М.Тынышбаев, Б.Пірманов, Локомотив және С.Шаумян көшелері мен Песочный алқабындағы су құбыры желілері мен ұңғымаларын қайта жаңғырту бойынша бюджетке өтінім ұсынылған.

Ал мүлдем ауыз су желісі жүргізілмеген, ағымдағы жылы Жамбыл және Байзақ аудандарынан қала аумағына жаңадан қосылған «Новоджамбулец», «Дорожник» және «Талас» алқаптарын сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алыныпты. Құрылыс жұмыстары 2026 жылға жоспарланып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.