«Мейірімділік – жүректен», – дейді халық даналығы. Жабыққанға сүйеу, жоқ-жітікке демеу болу қазақ халқының бойында ежелден қалыптасқан қасиет. Табиғатынан қайырымды жұртымыз қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақта да бір-біріне көмектесіп қолдау көрсетіп отырған. Мұндай сауапты шараларға Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да белсенді түрде қатысып келеді.
Мәселен, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі бағыттарының бірі қайырымдылық болғандықтан өткен жылы 294 млн 170 мың теңгеге 26 380 адамға көмек көрсеткен болатын.
Есептік кезеңде облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында «Ерікті донор», «Жылу», Алғыс айту күніне орай «Қоржын», Наурыз мерекесіне орай облыстық ассамблеяның «Мейірімді жүрек», «Бар жақсымыз – балаға», «Ізгілік айы» акциялары және су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек, Құрбан айт мейрамы, «Мектепке жол» акциялары бойынша игі шаралар жүзеге асырылды. Оның ішінде 56 миллион 700 мың теңге су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жіберілді.
Сонымен қатар өткен жылдың қаңтар айында Шу аудандық түрік этномәдени бірлестігі Қонаев ауылының 5 жасар тұрғынының операциясына 100 мың теңгеге көмек көрсетіп, Тараз қаласындағы өзбек мәдени орталығы әлеуметтік жағдайы аз қамтылған 25 отбасына және Т. Рысқұлов аудандық этномәдени бірлестіктері аз қамтылған 10 отбасына 300 мың теңгеге азық-түлік себеттерін сыйлады. Бұдан өзге ақпан айында Шу аудандық түрік этномәдени бірлестігі Қонаев ауылының аз қамтылған 5 отбасына 400 мың теңгеге қайырымдылық жасады. Сонымен қатар былтыр Алғыс айту күніне орай «Қоржын» акциясы аясында облыстық және аудандық этномәдени бірлестіктер әлеуметтік осал топтағы 200 отбасына 4 млн 500 мың теңге көлемінде жәрдем берілді.
Сондай-ақ облыстық ҚХА «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі «Ерікті донор» қайырымдылық акциясы аясында Тараз қалалық Қан орталығына барып, қан тапсырды. Аналар мерекесіне орай, өзбек этномәдени бірлестігі әлеуметтік жағдайы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және І-ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі қолөнер шеберлеріне көмек ретінде 200 мың теңгеге 10 азық-түлік 10 себетін таратты.
2024 жылы Наурыз мейрамының жаңа тұжырымдамасына сәйкес 15 наурыз – қайырымдылық күніне орай, облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени қоғамдық бірлестігі Қордай ауданындағы аз қамтылған, көпбалалы 200 отбасына 4 млн 400 мың теңгеге ұн және 90 отбасының балаларына 2 млн 700 мың теңгеге киім-кешектер және «Ахыска» түріктер этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, қазіргі «Жомарт жан» қайырымдылық орталығының төрағасы Жалил Аббосов әлеуметтік осал топтағы 40 отбасына 500 мың теңгеден аса азық-түлік қорабын, ұн қаптарын таратты.
Бәрімізге мәлім, өткен жылы батыс өңірде алапат су тасқыны болып, өңірлер орасан зор шығынға батқаны белгілі. Қарғын судың каупінде қалған қараша халыққа еліміздің жер-жерінен айтарлықтай көмектер көрсетілді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанынан арнайы штаб құрылып, ҚХА мүшелері, ҚХА меценаттары, облыстық этномәдени бірлестік өкілдері, Аналар кеңесінің, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен су басқан аймақтарға гуманитарлық көмек екі жүк көлігіне тиеліп, су басқан аймақтарға жөнелтілді. Атап айтқанда, «Ахыска» облыстық түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облысындағы филиалынан 2 жүк көлiгiнің бару-қайту шығындары (600 мың теңге) берiлдi және 4 150 000 теңге сомасына гуманитарлық көмек (азық-түлiк өнiмдерi, төсек жабдықтары) «DATUB» республикалық қорының шотына 5 млн. теңге аударды. Облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Ғұлам Умаров 200 мың теңгеге көкөністер, Махмұт Қашқари атындағы облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігі 1 млн. 500 мың теңгеге азық-түлік, республикалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі 50 мың теңгеге 20 дана жаңа көрпе, облыстық қарашай-балқар этномәдени бірлестігі 150 мың теңгеге азық-түлік, грек этномәдени бірлестігі 400 мың теңгеге азық-түлік, дәрі-дәрмек, гигиеналық құралдар, киім-кешек, еврей этномәдени бірлестігі 250 мың теңгеге азық-түлік, «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлестігі 3 млн. теңгеге азық-түлік өнімдері, жаңа киім-кешек, тұрмыстық керек-жарақтар, «Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестігі 300 мың теңгеге азық-түлікпен көмек көрсетті.
Өңірлік «Ассамблея жастары» ҚБ жалпы көлемі 7 млн 900 мың теңгеге гуманитарлық көмек жинады. Сонымен қатар, өзбек этномәдени орталығы 750 мың теңге, тәжік этномәдени бірлестігі 50 мың теңге және облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқар Сейілхан 30 мың теңге көлемінде ҚХА қорына қаржылай қаражат аударды. Бұған қоса, республикалық дүнгендер мәдени орталығы және облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің өкілдері бірлесе Ақтөбе қаласы 2 жүк көлігімен 9 млн. 500 теңгеге гуманитарлық көмек жөнелтті. Шу аудандық ұйғыр этномәдени орталығы жастар қанаты 10 млн. теңгеге гуманитарлық көмек жөнелтті.
Қордай аудандық дүнген этносының өкілдері 10 млн. теңгеге су басқан аймақтарға азық-түлік, тұрмыстық заттар, гигиеналық құралдар, еңбекке қажетті құрал-саймандар (күрек, арба, қап) және тағы басқа да қажетті заттарды жіберді.
Сонымен қатар, өткен жылы Қордай ауданы «Әлжан ана» тарихи музейінде еліміздің даңқты перзенті, қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа, Қордай ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі Эйвас Замановқа арналған еске алу бұрышы ашылып, ҚХА мүшесі, меценат Татьяна Апаева және аудандық мәслихат депутаты Эльдар Апаев 2 млн. теңгеге музейге қосымша қажетті үстел, тақтайша орындықтар сыйлады және ашылу салтанаты келген қонақтарға түскі ас ұйымдастырды.
«Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі Хамида Турдыеваның бастауымен әлеуметтік жағдайы аз қамтылған 10 отбасына азық-түлік себетін таратты. 1 маусым Балаларды қорғау күніне орай облыстық және аудандық этномәдени бірлестіктер білім бөлімінің балалар мен жасөспірімдердің арнаулы мектебінің балаларына, балалақшалардың балаларына, мектептердің оқушыларына мерекелік кеш ұйымдастырылып, жалпы 1 450 балаға 12 млн. 300 теңгеге сыйлықтар, және тәттілер, киімдер, балмұздақтар таратылды. Сонымен қатар Жуалы аудандық этномәдени бірлестік мүшелері тыл ардагерлері мен жалғызбасты қарттарға 60 мың теңгеге азық-түлік себеттерін сыйлады. Аудандық этномәдени орталықтар және «Ассамблея жастары» ҚБ Тараз қаласындағы және аудандардағы ҰОС ардагерлеріне азық-түлік себеттері мен тәттілер сыйға тартты.
Аталған мерекеге орай облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі 600 балаға 1 млн. 400 мың теңгеге ойыншықтар, киім-кешек, тәттілер және тағы басқа қажетті жабдықтармен көмек көрсетті. Сондай-ақ, 2024 жылдың Құрбан айт мейрамына орай дүнген этномәдени бірлестігі 136 отбасына 5 млн теңгеге 2 000 кг ет таратты және 1 млн. 700 мың теңгеге жетім балаларға және 38 отбасына қайырымдылық көмек көрсетті. Сонымен бірге, шілде-қыркүйек айларында республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстық этномәдени бірлестік төрағалары мен өкілдері 6 млн 800 мың теңгеге 169 отбасының 308 баласына мектеп формасы, аяқ киім, спорттық киім, сөмке, оқуға қажетті құралдармен қайырымдылық көмек жасады.
Сауапты шара биыл да өз жалғасын тапты. Айталық, биыл жалпы есепті мерзімде 54 млн. 280 мың теңгеге 4 653 адамға қайырымдылық жасалды. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 2025 жылдың І-тоқсанында «Ерікті донор», 1 наурыз – Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қайырымдылық керуені» акциясы, «Наурызнама» онкүндігі қарсаңында қайырымдылық шараларын ұйымдастырды. Мәселен, Қордай аудандық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі 25 ақпан депортация күні қарсаңында аз қамтылған 23 отбасына 575 мың теңгеге ет таратты. Сонымен қатар, 1 наурыз – Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында «Жомарт жан» қайырымдылық орталығымен бірлесе, өңірдегі этномәдени бірлестік өкілдері аудан, ауылдарда және Тараз қаласында 810 отбасына 16 млн 200 теңгеге азық-түлік қоржындарын сыйлады.
Ұлық мерекеміз Наурыз мейрамының тұжырымдамасына сәйкес 15 наурыз – қайырымдылық күніне орай «Жомарт жан» орталығы «Сыбаға» қайырымдылық акциясы аясында Тараз қаласында аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына 1 млн. 250 мың теңгеге 50 отбасына, облыстық «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігі 5 млн. теңгеге 280 отбасына, облыстық «Хазар» әзірбайжан этномәдени бірлестігі 250 мың теңгеге 10 отбасына, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі Қордай ауданында 1 млн. 500 мың теңгеге 150 адамға, «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы 10 отбасына 250 мың теңгеге азық-түлік қоржындарын таратты. Шу аудандық этномәдени бірлестік өкілдері мүмкіндігі шектеулі 110 балаға қайырымдылық дастархан жасады.
Сонымен қатар, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері өмірлік қиын жағдайға тап болған, қамқорлықсыз қалған балаларды қолдау орталығына барып, «Айналайын» жобасы аясында қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, балаларға сыйлықтар ұсынды.
Қасиетті Рамазан айында Тараз қаласында «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі 100 адамға 80 мың теңгеге құрма мен су, тәттілер сыйласа, Т.Рысқұлов аудандық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің өкілі Ахаев Сейт-Хасан иелік ететін «Ақтоған» ШҚ тұрақты түрде аудандық әлеуметтік сөрелерге макарон және ұн өнімдерін нарықтан 20-30 пайызға арзан бағамен сатылымға қойды.
Дана халқымыз «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің!», «Бір қолың жасаған жақсылықты екінші қолың көрмесін» деп тегін айтпаса керек?! Сондықтан, ұйымдасып істеген игілікті шаралар мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай да өз жалғасын табады.
Бибігүл ШАХЗАДА,
«Қоғамдық келісім» КММ «Ақпараттық
жұмыс жəне қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы, бас сарапшысы