Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайырымды жүрек, жомарт қол

0 342

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері «Қарттарға көмек» жобасы аясында қарттарға көмек көрсетуде. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде жасалынып жатқан қайырымдылықтың шапағатын көріп жатқан қазыналы қарттарымыз ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудыруда.

Зере Қуаныш

Іскер әйелдер қауымдастығының әр секциясы өздеріне жалғызбасты қарттарды бөліп алып, қажетті көмек қолын созуда. Бүгінгі таңға дейін аймақта 20-дан астам жалғызбасты қарттың үйлеріне барған қауымдастық мүшелері тек азық-түлік емес, қажетті медициналық құрал-жабдықтарды да алып берген.

– Қайырымдылық көрсету – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жақсы адам жәрдем беруге, жанашырлық танытуға, көмек көрсетуге, қолдау жасауға әрдайым дайын тұрады. Риясыз жақсылық жасау – биік адамгершіліктің белгісі. «Қарттарға көмек» қайырымдылық акциясы бізде төтенше жағдай басталмай-ақ қолға алынған болатын. Біз көмек қолын созып жатқан қарттардың басым бөлігі жалғызбасты. Елімізде ғана емес, күллі әлемде коронавирус тарап, емі табылмай жатқанда, біздер сақтық шараларын барынша сақтауымыз керек. Ал егде адамдарға бұл вирустың қауіпті екені айтылып жатыр. Бұл кісілерге азық-түлік пен дәрі-дәрмектен де құнды ол – мейірім. Кейбір жалғызбасты қарттарға жылы сөз ғана керек. Облыстық әйелдер қауымдастығының мүшелері акция аясында дәрігерлердің төтенше жағдай кезіндегі нұсқаулықтарын да түсіндіріп, көпшілікті барынша үйде отыруға үндеп жатыр, – дейді облыстық әйелдер қауымдастығының мүшесі Елена Балло.

Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы, мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйлауы мүмкін, ал біреулер қиын сәтте қол ұшын беріп көмек жасайды. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын көрерсің» дегендей, қайырлы істің ұршығын иірген жерлестеріміз нағыз адамгершіліктің үлгісін көрсете білді. Ал игі бастаманың жаршысы болып жүрген – облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова. Халқымыздың қанына сіңген игі қасиетіміздің сауабы мол болғай.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.