Қалалық қоғамдық-саяси газет

Айтып келмейтін апатпен қалай күресеміз?

0 463

Табиғи апат айтып келмейтіні белгілі. Көктем мезгілінде бірқатар аймақта су тасқыны болып, тұрғындар үйсіз қалды. Осындай қиын- қыстау кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар облысындағы су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Қазақстан халқына Үндеу жасады.

– Баршаңызға белгілі, қазір елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат деуге болады. Тасқынға байланысты еліміздің он аймағында төтенше жағдай жарияланды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Үндеуінде айтып өткендей, табиғаттың тосын мінезі су саласындағы қордаланған көп мәселелердің бетін ашты.

Сала мамандары тапшы

Президенттің сөзінше, апаттардың алдын алуға бірқатар кемшіліктен бастап су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы да әсер етіп отыр. Әрине, саланың қордаланған мәселелері осыған алып келді. Сондықтан да өткен жылы қыркүйектің басында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылған болатын. Көп түйткілдің бірі – лайықты кәсіби құзыреті бар мамандардың жетіспеуі. Мемлекет мәселені шешуге көмектесетін жаңа тұжырымдамалық құжаттар әзірлеп жатыр, ал сарапшылар қолға алып жатқан шаралар жеткіліксіз деп санайды. Жалпы түлектердің тек 22 пайызы ғана мамандығы бойынша жұмысқа орналасады екен. Мұның бір себебі – жалақы мен әлеуметтік қамсыздандырудың төмендігі, жұмыс көлемінің көптігі. Мамандардың айтуына қарағанда, «Дипломмен ауылға» деген сияқты мемлекеттік бағдарламаларға су саласының мамандары кірмейді, ал еңбек жолын жаңадан бастаған маман 100 мыңнан төмен жалақы алады. Ал болжам бойынша, 2029 жылға қарай кадрға қажеттілік 800 адамға дейін артады, ал оларды даярлау үшін 350-ге жуық педагогика маманы қажет болады. Оның ішінде 170 маманның ғылыми дәрежесі болуы керек.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Кенжеғали Шилібектің пікірінше, су шаруашылығын дамыту мақсатында батыл қадамдар керек.
– Үкімет батыл қадамдар жасауы қажет. Су шаруашылығындағы ғалымдарға жағдай жасап, жоғары жалақы тағайындау қажет. Сондай-ақ мемлекет су проблемалары бойынша технопарктер мен заманауи зертханаларды ашуға қолдау жасау қажет. Бұл даярланатын кадрлардың сапасына, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін арттыруға оң өзгерістер әкеледі. Су бағытында оқитын студенттерге ерекше статус беріп, олардың шәкіртақысын екі-үш есеге дейін көтеру және жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана мемлекет тарапынан беріліп отырған білім гранттарын толық игеруге мүмкіндік болады. Қазіргі кезде тек 30% шамасында игерілуде. Мамандардың әлеуметтік қамтамасыз етуді кепілдендіру, біліктіліктерін жүйелі арттыру, жалақыны көтеру, сала еңбеккерлерін насихаттау арқылы ғана мұрап мәртебесін жақсарта аламыз, – дейді Кенжеғали Қошқарбайұлы.
Ал Жоғары білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, су саласы үшін елдегі 9 оқу орнында маман даярланады. Жыл сайын олардан 200-ден астам студент түлеп ұшады. Ал оқыған мамандығын қуып, жұмысқа тұрып жатқандардың саны белгісіз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық штабтың отырысында жергілікті билік өкілдері тасқын суға қарсы шараларды тиісті деңгейде атқармағанын қатаң сынға алды. Сондай-ақ шұғыл кеңесте су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін бірнеше лауазымды қызметкерге сөгіс жариялады.
Мамандар еліміздің әр өңірін жыл сайын тасқын су басуының бірнеше себебін алға тартады. Инженер-гидротехник Әмірхан Кеншімов әлемнің түкпір-түкпірінде табиғи апаттарға себеп қазіргі уақыттағы жаһандық жылынуға, климаттың өзгеруіне байланысты дейді.
– Кейінгі 30 жылдан астам уақыттан бері ауа температурасы 1,5 градустан астамға жылынды. Мұхиттар мен теңіздердің суы жылына бастады. Кей ғаламдар мұхиттар мен теңіздердің беткі жағы ғана емес, түбі де жылынып жатқандығын айтады. Оған әртүрлі дәлелдер келтіреді. Қалай десек те, судың булануы артқан сайын циклондардың пайда болуы, олардың жүретін жолдарын өзгертуі қалыпты үрдіске айналып келеді, – деді инженер-гидротехник.
Су шаруашылығы саласының ардагері биыл өңірлерде неге су тасқыны көп болғанын түсіндірді. «Қазақстан Жердің ортасында, теңізге шығар жолы жоқ, шалғайда орналасқан, су тасқыны болмайды» деуші едік. Бірақ болады екен. Бізге де жетті. Көктемде жаңбыр, өткен күзде қар жауып, ол қайта еріп, топырақты ылғалдандырып тастады», – деді ол.
Қазақстан гидрогеологтары қауымдастығының сарапшысы Эскандер Тұрсыновтың сөзінше, елімізде еріген қар суын пайдалану бойынша арнайы жеке ережелер жоқ.
– Қалай болғанда да, бұл туралы естімедім. Кеңес үкіметі кезінде құрғақ дала аймағында көктем мезгілінде еріген қар суы есебінен жиналған көптеген су ағыны шағын су қоймаларының каскадын салу арқылы қолданылды. Мұнда еріген қар суы көктемде жиналып, жаз бойы пайдаланылды. Қазір олардың қандай жағдайда екені белгісіз. Ғарыштан түсірілген суреттерден олардың бір бөлігі қолданылатынын байқауға болады, – деді ол.
Мамандардың пікірінше, ғарыштық суреттер арқылы қар жамылғысының қалыңдығын анықтау мүмкін емес, қар өлшейтін бағдарлар қажет. «Қазгидромет» осындай қар өлшеуіш маршруттарды жүргізуі тиіс, себебі олардың негізінде көктемгі су тасқынының көлемі анықталады.

Су қоймалары қаншалықты қауіпсіз?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған Үндеуінде бастысы өткеннен сабақ алу керек екеніне ерекше тоқталған болатын. Су министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, мемлекет меншігінде 94 су қоймасы бар. Олардағы су қоры көлемі – 86 текше километр. Ал жалпы ел аумағында 309 су қоймасы бар.
– Біз болжам жағын әлі де дамытуымыз керек. Наурызда су қоймаларына 3 текше километр су жиналған, әлі 2 текше километр су қалдықтары бар. Мәселен, «Бұқтырма» су қоймасында 20 куб километрден астам су бар. Онымен қоса «Көксарай» су қоймасында 1,5 текше километр су бар. Ал Батыстағы 7 ірі су қоймасы 68 пайызға толған. Бұл өткен жылғы көлемнен 7 пайызға аз. Өйткені біз Жайық өзені арқылы Ресей Федерациясынан су келеді деп күтіп отырмыз. Солтүстік Қазақстандағы 11 су қоймасы 84 пайызға толған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 5 пайызға артық. Шығыс Қазақстандағы 3 ірі су қоймасы 65 пайызға толған, – деді министр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, жалпы 11 облыста 20 жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. Жұмыс 2024-2028 жылдар аралығында орындалуға тиіс. Жаңа су қоймалары суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтуға және 137 мың тұрғыны бар 70 ауылдық елді мекенді су басу қаупін азайтуы деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары су шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес жүргізіледі. Қазір жаңа су қоймаларын салуға инвесторларды тарту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жоба елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және трансшекаралық өзендерге тәуелділікті азайту үшін іске асырылмақ.

Жамбыл облысындағы ахуал қандай?

Өңірде қазіргі таңда су тасқынынан ешқандай қауіп жоқ. Жағдай тұрақты. Ахуал бақылауда. Дегенмен су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр ахуалды көріп-біліп отырған облыс тұрғындарын су қоймаларының жағдайы алаңдатып тұр. Себебі «Киров» су қоймасынан су көп мөлшерде тасталса немесе басқа да түрлі төтенше жағдай орын ала қалса өңірдің көптеген елді мекенін су басу қаупі бар.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыровтың айтуынша, өңірдегі су қоймаларын толтыру бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда.
– Бүгінгі таңда «Тасөткел» су қоймасы 94 пайызға толған. Әлі 30 миллион текше метр су қабылдай алады. Ал «Теріс-Ашыбұлақ» су қоймасына 97 пайыз су жиналған. Сол секілді «Қарақоңыз» және «Қақпатас» су қоймалары 99 пайызға толыпты. Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» су қоймасының толу деңгейі – 80 пайыз. Су қойманың барлық су өткізу қабілеті – секундына 405 текше метр. Ал түсіп жатқан су көлемі секундына 20,8 текше метрді құрайтындықтан қауіп жоқ. Су қоймасына толық көлемде су жиналмау қаупі бар.
Ішкі кіші өзендерден де ешқандай қауіп жоқ. Су торабтар, су қоймалар бойынша сегменттік қақпаның жұмысы, қақпасының ашылып-жабылу режимі, қақпа көтеретін моторлардың майланып, жұмыс істеуі тексерілді. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының теңгеріміндегі барлық 7 су қоймасының жұмыс істеу графигі жасалып, су тасқынының алдын алу бойынша кезекшілік ұйымдастырылып, қатаң бақылауға алынды. Су қоймалары транзиттік режимге ауыстырылды, – дейді Асқанат Пернебайұлы.
Жалпы облыс аумағында 141 гидротехникалық нысан орналасқан. Барлық су қоймаларының жалпы толымдығы 77 пайызды құрайды. Ал Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков су тасқынының алдын алу мақсатында өңірдегі каналдар, дренаж каналдары, арық желілері мен су өткізу құрылғылары толықтай тазартылғанын айтады.

Шетелдік тәжірибеден үйренеріміз мол

Мамандардың пайымдауынша, тасқын су қауіп төндіретін жерлерге тұрғын үйдің салынуы – басты мәселелердің бірі. Соның салдарынан көптеген баспана су астына кетіп отыр. Осы орайда, әлемнің басқа елдері мұндай мәселенің шешімін қалай тапқанына назар аударып көрген едік.
АҚШ-тың Солтүстік Дакота штатынан өтетін Ред-ривер деген өзен бар. Жыл сайын қарғын су өзенді толтырып, арнасынан асып жатады. Сонау 1997 жылы өңірде жауған қалың қар мен ауа райының күрт жылынуы салдарынан Ред-ривер тасып, айналасындағы елді мекендерді шайып кетті. Әсіресе Гранд-Форкс қаласына үлкен қауіп төндіріп, талай үй су астында қалды.
Осы апаттан кейін шаһар басшылығы тосын шешім қабылдапты. Өзен маңындағы ғимараттар тасқыны салдарынан әбден бүлінген. Оларды қайта қалпына келтіргенімен, келешекте өзен тағы да арнасынан шығуы мүмкін. Осыны ескеріп, жергілікті билік шаһар ортасынан өтетін Ред-ривердің екі жағалауын бойлай үлкен саябақ салуға шешім қабылайды. Сөйтіп, бүлінген ғимараттардың орнына жасыл желек пайда болады. Саябақтың шет жағына бірнеше метрлік бөгет, яғни жасанды төбешік қалдырады. Алда-жалда өзен суы арнасынан тасып жаса, саябақ бойымен ағады да, қалаға қауіп төндірмейді. Бұдан бөлек, шаһардың ішіне тасыған суды жинайтын арнайы орындар ашылды. Ондағы қуатты сорғылар бөгетке бой бермеген суды сыртқа айдап шығаруға арналған. Осындай тосын шешімнің нәтижесінде 2009, 2011, 2022 жылдары болған тасқында шаһар зардап шеккен жоқ.
Жалпы шетелдік тәжірибе туралы айтқанда, Нидерланды еске түседі. Қызғалдақты елдің 30 пайызға жуығы теңіз деңгейінен төмен жатыр. Соған қарамастан, халықтың әбігерге түсіп жатқанын байқамайсыз. Теңіздің түбінде тұрса да, бейқам өмір сүреді.
1953 жылы дауылдан кейін Нидерланды билігі іске бел шешіп кірісті. Сөйтіп, топан су қауіп төндіретін өңірлерге бөгеттер, шлюздер мен дамбалар салды. Осындай қажырлы еңбектің нәтижесінде, Нидарланды аумағының үштен бірі теңіз деңгейінен төмен жатқанына қарамастан, мұхит астына кетпей, аман қалып тұр.
Ал топан сумен күресте тиімді тәсіл көрсетіп отырған мемлекеттің тағы бірі – Жапония. Күншығыс елі теңіздің ортасында орналасқандықтан, су тасқыны жиі қауіп төндіреді. Статистикаға сүйенсек, табиғи апаттардың 70 пайызға жуығы тасқыннан туындайтын көрінеді. Сондықтан жапондар 1992 жылы тайфун мен нөсер жауыннан қорғану үшін Токиода су тасқынына қарсы кәріз жүйесі құрылысын бастап, 2006 жылы аяқтап шықты. Ауқымды жүйеге 2 миллиард доллар көлемінде қаражат кетіпті.
Аралдағы мемлекет су резервуарында тереңдігі 60-70 метр болатын алып бөшкелер мен цистерна орнатылған. Өзен арнасына сыймай тасығанда, нөсер жауын кезінде артық судың бәрі осында келіп құйылады. Содан кейін цистерна арқылы сыртқа шығарылады. Цистернада суға төтеп беретін, салмағы 500 тонналық 59 баған орнатылған. Аталған кәріз жүйесі 48 сағат бойы тоқтамай жауған нөсерге төтеп беруге қабілетті. Секундына 200 шаршы метр су сіңіре алады.
Шетелдік тәжірибелерге көз жүгірткенде, бір нәрсені нақты айта аламыз. Қай елді алып қарасаңыз да, үлкен жобаны жүзеге асырар алдында мұқият зерттеу жүргізіп, терең талдау жасаған. Ықтимал қауіптердің бәрі ескеріліп, оны шешу жолдары сараланыпты.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Дегенмен мұндай қиын кезеңде «маман жоқ» деп қол қусырып отыруға келмейді. Мемлекет басшысы өз Үндеуінде: «Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер да көмектесіп жүр», – деді.
Әрине, жұмыла көтерген жүк жеңіл. 10 сәуірдегі жағдай бойынша Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 444 жеке тұрғын үй, 336 аула аумағы су астында қалып отыр. Сондай-ақ су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемін жіті бақылауда. Бірлескен күштермен 8,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорылған. 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынан су бұрылған.
– Су тасқыны кезеңінің басынан бері 96 472 адам құтқарылды, оның ішінде 31 640 бала. Тартылған әуе кемелерімен – 2 823 адам, оның ішінде 865 бала құтқарылды. Уақытша орналастыру пункттерінде – 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала бар. Қауіпсіз жерге 82 559 ауыл шаруашылығы жануарлары айдалды, – деді ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш.
Сондай-ақ ол зардап шеккен аймақтарға 167 935 кг гуманитарлық көмек жеткізілгенін айтты. Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24 295 адам және 2 655 техника, 469 су айдау құралы және 139 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылған.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз Үндеуінде ел болып қиындықты еңсеруге нұсқау берді.
– Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі. Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес, – деді Президент.
Айтып келмейтін апатқа әулиеаталықтарда өз үлесін қосуда. Атап айтқанда, күні кеше Жамбыл облысынан құны 40 миллион теңге тұратын азық-түлік, топан судан зардап шеккен Маңғыстау облысына 2 жүк көлігіне тиелген 70 тонналық көмек жіберілді. Қайырымды іске жергілікті тұрғындар, мәслихат депутаттары мен ҚХА өкілдері атсалысқан екен.
Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиевтің айтуынша, гуманитарлық көмектің ішінде азық-түлік, гигиеналық заттар мен қайық, су соратын қондырғылар, резеңке етіктер де бар. Мұнымен қоса, 1,5 миллион теңге қаржылай көмек беріліп отыр.
– Бұл көмекке Жамбыл облысының тұрғындары, облыстық мәслихаттың депутаттары тарапынан су тасқынынан зардап шеккен аймақтағы ағайынға көмек беру үшін жұмылып, шамасы келгенше атсалысты. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы да өздері жинақтаған заттарын осы көмекке қосып отыр. Біз зардап шеккен облыстардың тұрғындарымен біргеміз. Біз бар көмегімізді көрсетіп, қолдауымызды аямаймыз, – деді Абдалы Нұралиев.
Айтып келмейтін апатқа бауырлас халықтар да өз көмегін танытуға ниетті екенін білдіріп жатыр. Ал Алатаудың арғы жағындағы айырқалпақты ағайындар Қазақстанға 270 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Сонымен қатар Түркия Сыртқы істер министрлігі еліміздегі ауқымды су тасқынына байланысты Қазақстанға көмек көрсетуге дайын екендігін білдірсе, Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі су тасқынының салдарымен бетпе-бет келіп, қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына көңіл айтқан болатын.
Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы күресте көрсеткен қолдауы мен көмегі үшін қазақстандықтарға және шет мемлекеттердің басшыларына ризашылығын білдірді.
– Еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апат орын алған сәттен бері менің атыма достас мемлекеттердің басшыларынан жылы лебіздері мен көмек көрсету жөнінде ұсыныстары жазылған хаттар келіп түсіп жатыр. Қазақстан жойқын су тасқыны кезінде жәрдем беруге дайын екенін білдіргені үшін достас елдерге шын жүректен алғыс айтады. Менің тапсырмам бойынша Премьер-Министр бастаған Республикалық штаб төтенше жағдайдың салдарын барынша азайту үшін пәрменді шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен барлық азаматқа қажетті көмек көрсетілуде. Олардың бүкіл шығындары өтеледі. Бірде-бір адам назардан тыс қалмайтынын жуырда отандастарыма арналған Үндеуімде айттым. Апатқа қарсы күрес жалғасуда. Қиын-қыстау кезде халқымыз өзін тағы да ең жақсы қырынан танытып, бірлік пен төзімділіктің үлгісін көрсеткені қуантады. Қазақстан азаматтарына шын жүректен алғыс айтамын», – деді Мемлекет басшысы.
Әрине, апатты жұрт болып еңсереміз, бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.