Қалалық қоғамдық-саяси газет

Айтулы күн кең көлемде аталды

0 1  016

19 қазан – Құтқарушылар күні. Дәл осы күні еліміздің төтенше жағдайлар қызметі халық игілігі жолындағы өз жұмысын бастағаны белгілі.

Айтулы мерекеге орай облыс орталығында орналасқан төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері азаматтық қорғау жүйесінің ардагерлерді арнайы барып құттықтап, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар Байзақ ауданында болған жарылыс салдарынан ерлікпен қаза тапқан өрт сөндірушілердің рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Бұдан кейін жас мамандардың Отан алдындағы Ант қабылдау рәсімі өтті. Сондай-ақ Тараз қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің мәжіліс залында мерекеге орай салтанатты жиын ұйымдастырылды. Салтанатты жиын барысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Ермек Момбаев әріптестерді айтулы мерекемен құттықтады. Бірқатар қызметкерлер мен ардагерлер жоғарғы басшылықтың арнайы грамоталарымен, Алғыс хаттармен, түрлі сипаттағы төсбелгілерімен марапатталды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздің Азаматтық қорғау қызметі өзінен бұрынғы өткен буынның дәстүрін қалтқысыз сақтай отырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінде абыройлы қызметтердің қатарынан көріне білді. Қоғам мен аумақты түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар мен апаттардан қорғаудың алдын алу және қамтамасыз ету бойынша күрделі тапсырмаларды тиімді шешу жолында айтарлықтай мол тәжірибе жинақтады.

Азаматтық қорғау жүйесі қызметінің негізгі нәтижелері мен табыс индикаторына, жалпы жетістіктеріне қайғымен бетпе-бет ұшырасқан сан мыңдаған құтқарылған өмірлерді жатқызуға болады. Міне, еліміздің түкпір-түкпіріндегі өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті жұмыс тәртібі дәл осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталуда.

Төтенше жағдай саласының қызметкерлері тілсіз жау кезінде шұғыл әрекет ету және салдарын жою, адам өлімін болдырмау, шығынды азайту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету секілді міндеттерді табысты атқаруда. Батырлық, ерекше төзімділік пен қайтпас қайсарлық секілді мінез бітістерімен табысты еңбек етудің нәтижесінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылар ел азаматтарының алғысына бөленіп келеді. Ендеше, біз де өз тарапымыздан еліміздің барша құтқарушыларын бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, еңбекте табыс, отбасыларына амандық пен татулық тілейміз. Ел игілігі жолында атқарып жүрген еңбектеріңіздің жемісін көрулеріңізге тілектеспіз.

 

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.