Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайтар қаражаттан қайыр бола ма?

0 671

Ақпанның басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтарудың ұсынысын әзірлеуді тапсырғаны есте. Маусымда Бас прокуратура активтерді қайтару бойынша арнайы комиссия құрған болатын. 18 шілде күні сол комиссияның жиыны өтті.

Елімізден заңсыз шығарылған ақшалардың бары, ол қаражаттың аз емес екені де бұрыннан бел­гілі. Қазақстанда байлықтың 55 пайызы бар болғаны 162 адамға тиесілі деген ақпарат тек біз­дің елде ғана емес, әлем бойынша талқыға түсті. Ұлыбритания парламентінде Қазақстандағы жемқорлыққа арналған пікірталас та өтті. Ұлы­бри­тания парламентіне 1994 жылдан бері мүше Маргарет Ходж санкция салынуға тиіс 28 адам­ның атын атады. Депутат біздің еліміздегі жемқорлықтың етек алуына Ұлыбританияның да үлесі бар екенін, заңсыз ақша осы елден де та­бы­ла­тынын айтқан болатын.
Активтерді қайта қайтару туралы мәселе ал­ғаш көтерілген кезден бастап олардың қайта­ты­нына сенетіндер аз екенін, ал сарапшылар бұған үлкен еңбек, мол қажыр-қайрат керек екенін айт­­қан болатын. Сол кезде Үкімет нендей ұсы­ныс­тар айтады, қандай бас­тама көтереді, оны уақыт көрсетеді деп түйіндеген едік.

Жеке фирма 629 теміржол желісін ақысыз алған
Сонымен, Бас прокуратурада актив­терді қайтару жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жаңылыспасақ, бұл – комиссияның алғашқы отырысы. Комиссия құрамы құқық қорғау, арнаулы және бірқатар орталық ат­қару­шы органдардың, Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және «Самұрық-Қазы­на­ның» бірінші басшыларынан жасақ­талған.
Жиында комиссияның атқарып жатқан жұмыстары туралы біраз мәлі­мет айтылды. Мәселен, қазір прокура­тура органдары жекешелендіру, мемле­кеттік активтерді олигополиялардың иелігінен шығару туралы 8 мыңға жуық Үкімет актілерін және сот шешімдерін зерделеп жатыр екен. Олардың кей­біреулеріне шара қолданылып, нәтиже беріп үлгерген.
Мәлімдемеде айтылған нақты де­рек­ке сүйенсек, Үкіметтің қаулысы мен сот шешімдері бойынша жеке фирма 629 теміржол желісін ақысыз алған. Бұл тарифтің 10 есе өсуіне ықпал еткені анық­талыпты. Нәтижесінде, 332 кірме және магистралдық теміржол желісі мемлекетке қайтарылып, қалғандарына бай­ланысты ревизия жалғасып жатыр.
Одан бөлек, Жамбыл облысында 1,7 миллиард теңгеге заңсыз жекешелен­діріл­ген 3 нысан мемлекетке қайтарыл­ды. Сонымен қатар «Қазақтелеком» (28,75 пайыз), «Көліктік сервис орта­лығы» (100 пайыз), «Акмолит» (100 пайыз) тәрізді және басқа компания­лардың ақшалай қаражаты мен акция­лары мемлекетке қайтарылған. Осы ак­тивтердің сомасы – шамамен 200 миллиард теңге.
Бұрын заңға қарамастан тәркі­лен­бей қалған ел аумағындағы нысандарға ревизия жалғасып жатыр. Қазір 36 нысан (коммерциялық және тұрғын жыл­жымайтын мүлік, жер учаскелері) анықталды. Шығыс Қазақстан облы­сын­да орналасқан Храпуновтың 8 жер учаскесін тәркілеу туралы іс қозғалған.
Одан бөлек, Жоғарғы Сот Төле­шов­тің Шымкенттегі балабақша және Сарыағаштағы профилакторийді қай­тару туралы прокуратураның кассация­лық өтінішхатын қарастырып жатыр. Сондай-ақ олигополиялардың пайда­сына шешілген сот актілері бойынша жоғары сотқа 4 наразылық түскен. Олар­дан шамамен 30 миллиард теңгеге жуық залал өтеу көзделіп отыр. Бұдан өзге комиссия жұмысы қалай жүріп жат­қаны туралы халыққа ақпар беретін арнайы веб-сайт құру туралы шешім қабылданғаны айтылды. Осы жұмысқа қоғамды тарту үшін сайтта арнайы бөлім құрылмақ екен. Ол арқылы әрбір адам хабарлама жібере алады немесе комиссия қызметінің мәселелері бойынша ұсынысын айта алады.

Қылмыстық істер бойынша 230 миллиард теңге қайтарылды
Одан бөлек, ерекше резонанс ту­дыра­тын, шетелдегі заңсыз активтерді иемденуге байланысты Қ.Сатыбалды-ұ­лы­на, Г.Сатыбалдыға, Қ.Боранбаевқа, «ӨКМ» ЖШС операторының басшы­лары­на қатысты істерге ерекше көңіл ау­дарылып отырғаны айтылды. Қазір тергеп-тексеру органдары қабылдаған шаралар арқылы шамамен 230 мил­лиард теңге қайтарылғаны айтылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қыз­мет тергеп-тексеріп жатқан іс бойынша айыпталушылар Люксембургтен 170 миллион АҚШ долларын өз еркімен қай­тарған. Одан бөлек, «Қазақтелеком» АҚ, «Көліктік сервис орталығы» АҚ және басқа мүлікті жымқыру ісі бойын­ша шамамен 36 миллиард теңгені қай­тартқан. ӨКМ Операторы ісі бойын­ша ша­мамен 180 миллиард тең­гені жым­қырмақ болғандардың жолы кесілген, оның 100 миллиард теңгесі жеңілдікті автонесиелеуге бағыттала­тыны ай­тылды.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрын­ғы басшылары мен қызметкер­лері­­не қатысты іс бойынша Гонконг пен БАӘ-ден шамамен 3 миллион АҚШ дол­лары қайтарылған. Қаржы мони­торингі агенттігі Боранбаевқа қатысты істі тергеп-тексеру кезінде «Қазмұнай­газ» АҚ-ға шамамен 11,3 миллиард тең­ге өтелген. Одан бөлек басқа да қара­­жатты қайтаруға байланысты шара­лар атқарылып жатқаны туралы айтыл­ды. Жауаптылар күдіктілердің қыл­мыс­тық активтерін, оның ішінде шет­елде анықтау, тыйым салу және тәр­кілеу жұмыстары жалғасып жат­қа­ны да тағы бір рет еске салды.

Халықаралық тәжірибе ескеріледі
Сондай-ақ активтерді қайтарудың әдіс-тәсілдері қандай болатыны қара­жат қайтарылады деген мәлімдеме тара­ғаннан-ақ қызу талқыланған бо­латын. Сарапшылар, мамандар да заң­сыз қаражатты қалай қайтаруға бола­тыны жөнінде пікірлерін айтқан еді. Ал жауаптылар тексеру мен заңсыз жекеге өткен активтерді қайтару дамыған елдердің тәжірибесі бойынша жүзеге асырылып жатқанын айтады.
Бас прокуратура тергеп-тексеру ор­гандарына ұрланған активтерді қай­тару бойынша алгоритмдер, әдістемелер мен сұрау салу үлгілерін дайындаған.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура Дү­ниежүзілік банктің және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқар­масының Ұрланған активтерді қайтару жөніндегі бастамасымен («СтАР») ынтымақтастық орнатыпты.
Қаржы министрлігі Еуропалық Одаққа, Түркияға және БАӘ-ге аталған ел­дердің кедендік аумағына кіру ке­зінде қолма-қол шетел валютасын дек­ларациялаған Қазақстанның рези­дент­тері (шамамен 340 жеке тұлға) бойын­ша ақпарат беру туралы сұрау салу жіберген.
Сондай-ақ Еуроодақ Қазақстаннан шығарылған активтерді қайтаруға кө­мектесуге дайын екенін білдірді. Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Төрағасы Олжас Бектенов Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Тери Хакал бастаған Еуроодақ делега­циясымен кездескен болатын. Еуропа­лық әріптестер елдің сыбайлас жемқор­лыққа қарсы саясатының екпінін оң бағалап, ГРЕКО-ның Халықаралық сы­байлас жемқорлыққа қарсы стан­дарт­тары мен озық тәжірибелеріне сәй­кестігіне ұмтылысын атап өтті.
– Агенттіктің еуропалық серіктес­тер­мен өзара іс-қимыл мәселелерінде ашықтығы мен дайындығын ерекше атап өткім келеді. Біз өз тарапымыздан Қазақстаннан Еуропаға шығарылған активтерді қайтару туралы сұра­ныс­тарға қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті Т. Хакал.
АҚШ та елден заңсыз шығарылған активтерді іздеуге және қайтаруға қол­дау көрсетеді деген ақпар тарады. Бұл туралы АҚШ-қа жұмыс сапарымен бар­ған Бас прокуратура өкілдері мәлім­деді. Олар АҚШ әділет департаменті мен Дүниежүзілік банк өкілдерімен нақ­ты қылмыстық істер бойынша ын­тымақтастықты нығайту, соттал­ған­дар­ды ұстап беру туралы шарттар жа­сасу мәселелерін талқылады. Шетел­діктерге елімізде құрылған экономи­калық ресурстарды заңсыз шоғырлан­дыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия­ның жұмысы да таныстырылған.

Расул РЫСМАМБЕТОВ,
экономист:

Ел игілігіне жұмсалуына назар аудару керек

– Егер комиссия жұмысының нә­ти­жесінде осыншама қаражат қай­тарыл­ған болса, бұл – жаман нәтиже емес деп айтуға әбден болады. Дегенмен уақыт көрсете жатар.
Екіншіден, құқық қорғау орган­дары­ның бұл іске шынайы атсалысып, жұмыс істеп жатқаны да өте жақсы деп айтар едім. Қазіргі кезде, қолда бар ақ­параттарға сүйене отырып, олар жедел, тез қимылдап, нақты шаралар атқарып жатыр деп айтуға болады. Дегенмен мына мәселеге назар аударған жөн: заң­сыз шығарылған, ұрланған қара­жатты қайтарудың кері әсерін болдыр­мауға, қайтарылған қаражат тағы да басқа арнаға бұрылмауына, ел игілігіне жұмсалуына назар аудару керек.

Жауаптылардың мәлімдемелеріне қарағанда, сең қозғалған сияқты. Дегенмен жоғарыда аталған миллиардтаған қаржылар 30 жыл бойы шетке жылыстаған қаражаттың тек мардымсыз бөлігі екені де жасырын емес. Дегенмен жұртшылық бұл іске үмітпен қарап отыр.

Д. Жанатқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.