Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайсар мінезді Қайыпов

0 549

«Армансыз адам – қанатсыз құс» дейді дана халқымыз. Себебі арманы бар адам оған жету жолында тынымсыз еңбек етеді, өмірдің қиыншылықтарымен күреседі. Сол сәтте ол кісіде батылдық, еңбекқорлық, сенімділік қалыптаса бастайды. Дәл осындай қасиеттерді бойына сіңірген кейіпкеріміз Шамқон Қайыповтың бала арманы тәртіп сақшысы болу еді.

Ш.Қайыпов 1962 жылы ақпан айының 9 жұлдызында атақты Қырғыз Алатауының бөктеріне орналасқан, көркіне көз тоймайтын, тотыдай түрленген Т.Рысқұлов ауданында белгілі ақын, журналист Мырқажы Қайыповтың отбасында өмір есігін ашады. Балалық шағы Луговой станциясында өткен ол күніне 6 шақырым жүгіріп, белтемірге тартылып, шымыр болып өседі. 1979 жылы оқуды үздік бітірген талапты жас арман қуып, Алатаудың бөктеріне оқуға аттанады. Сәби шағынан отарбаның дауысымен оянған ұлын үлкендер «болашақта осы саладан несібесін табар» деген үмітпен Алматы теміржол және көлік техникумына оқуға жібереді. Кейін оқуын бітірген соң Отан алдындағы борышын өтеу үшін Мәскеу маңындағы Щелково қаласына аттанады. Жауапты басшылар Шамқонды теміржол, көлік саласының маманы екенін ескеріп, Байқал-Амур магистралына жібереді. Жұмысына жауапты маман аталған салада абройлы қызымет атқарып, бірнеше рет марапат биігінен көрінеді.
– Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызды өтеу – әрбір азаматтың міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Десе де, «армия» дегенді естігенде ат тонын ала қашатындар да аз емес. Алайда олар дәл осы тұста Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу нағыз азаматтықтың белгісі екендігін ұмытпау керек. Ал мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. Біздің заманымызда әскерге бармау ұят саналатын, – дейді ол.
Әскери міндетті абыроймен атқарған ол туған ауылына оралып, Луговой станциясында кран машинисі болып еңбек жолын бастайды. Дегенмен оның санасынан бала кезден армандаған құқық қорғау саласында еңбек ету ойы бір сәтке шыққан емес. Осылайша талапты ұл асқақ арманын әкесіне айтып, үлкендердің алдынан өтеді.
– Әкемнің ақ батасын алған соң, Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына келіп, оқуға түсу жолдарын қарастырдым. Ол үшін бір жыл құқық қорғау саласында қатардағы қызметте еңбек ету керек екен. Облыстық атқару комитетінің жолдамасымен көне шаһардағы №4 Зауыт аудандық ішкі істер бөліміне кезекшінің көмекшісі болып орналастым. Аталған орында жұмысым жаман болмаған болар, бірнеше рет марапатталдым. Бастысы аңсаған оқу ордама түсуге толық мүкіндік алдым,– деп еске алады өткен шаққа көз салған Шамқон ағамыз.
1987 жылы КСРО Қарағанды жоғары милиция мектебіне құжат таспсырған 25 үміткердің арасынан, сайдың тасындай 12 жігітті іріктеп алады. Қатарында кейіпкеріміз Қайыповта бар еді. Осылайша аңсаған арманына қол жеткізген ол төрт жылдық оқуда түрлі тарихи оқиғалардың куәсы болады. Мәселен, 1988 жылы Армения мен Әзірбайжан елдері арасындағы қақтығыс орын алған кезде Ереванда үш ай жүріп, аса ауыр ұрыс қимылдарына қатысады. Араға бір жыл салып, 1989 жылы үш ай уақыт тағы да Армения жерінде өткізеді.
– «Тарих тағылым алу үшін жасалады» демекші, мұндай сұрапыл шақты, запыран заманды адамзат баласы енді ешқашан көрмесе екен деп тілейміз! Аллаға шүкір, асыл аталармыздың арқасында бүгінгі Тәуелсіз күнге жетіп, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. «Бақ бағалағанның басына қонады» деген екен дана бабаларымыз. Кемел ұрпаққа тыныштықтың қадірін білейік дегім келеді,– дейді ол.
Осылайша абыроймен міндетін атқарған кейіпкеріміз 1991 жылы Қарғандыдағы жоғары оқу орынын үздік тамамдап, Тараз қаласына келіп, лейтенат шенінде ЖД-158/4 мекемесінің жедел іздестіру бөлімшесінің құрамына қабылданады.
– Сол жылдары көне шаһарда қылмыс көп болатын. Бірде түрмеден бір қылмыскер қашып кетті. Ізіне түсіп едім, көршілес Қырғызстан Республикасының бір облысына қашып барғанын білдім. Қарабалта қаласынан бес-алты шақырым алыстағы Алексеевка ауылыннан бұзақыны жалғыз өзім ұстап, Қарабалта қаласына алып келдім. Сол жерден басшылыққа хабарласып, ары қарай Қазақстанға алып келдім.
Айтпағым, біздің жұмыс өте қауырт әрі қауіпты. Тоқырауға толы тоқсаныншы жылдары жұмыс бастадық, әйелім екеуміз екі жақтап еңбек еттік. Бүгін ойлап отырсам, 10 жылға жуық жалдамалы пәтерде жүріппіз. Таразда біз көшіп-қонбаған аудан жоқ шығар?! Өз табан ет, маңдай терімізбен баспана сатып алдық. Бүгінгі жастар қиындыққа аса шыдай бермейді, бастысы адал еңбек еткен адам мұратқа жетеді, – дейді ол.
Қызметтегі осындай ерлігі еленіп, көп ұзамай Қайыпов жедел іздеу бөлімшесінің басшысы болады. 2002 жылы өңірлік Қылмыстық-атқару басқармасында бөлім басшысы, одан кейін Маңғыстау облыстық қылмыстық-атқару басқармасы басшысының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары қызыметін аброймен атқарады. Мұнан соң Таразға оралып, ЖД-158/1 мекемесі бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары болып еңбек етеді. 2014 жылдан бері қылмыстық-атқару жүйесі саласының Құрметті зейнеткері.
Ардақты әке, асыл жар Шамқон ағамыз Құдай қосқан қосағы екеуі үш ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Олар бүгінде жоғары оқу орнын үздік тәмамдап, елі үшін абыройлы қызымет атқаруда. Шамқон Мырқажыұлының кеудесінде ҚР Ішкі істер министрлігінің «Қылмыстық-атқару жүйесінін үздігі» төсбелгісі жарқырайды. Осындай бірнеше марапаттардың иесі атаған ағамызға ұзақ ғұмыр тілейміз!

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.