Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте халық санағының ұйымдастырылу барысы қаралды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.
Облыстық статистика департаментінің басшысы Ерназар Құлтаевтың айтуынша, 15 қазанға дейін халық санағын ұйымдастыру және өткізу барысында ақпарат жинау онлайн режимінде жалғасады. Жалпы бұл науқанда санақ сұрақтарына жауап берудің бірнеше әдісі қарастырылған. Атап айтсақ, санаққа қатысушылар мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында, немесе Egov порталында, сонымен қатар, Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасын қолдану арқылы да қатыса алады.
10 қазан күнгі жағдай бойынша облыстың 519971 адамы онлайн санақтан, яғни облыс халқының 45,4 пайызы өткен (ағымдағы есеп бойынша 2021 жылғы 1 тамыздағы халық саны 1 146 473 адам).
Санақтан онлайн режимде өткендер саны бойынша Тараз қаласы (150 472 адам) мен Байзақ ауданы (66 945 адам) көш бастап тұр. Ал төмен көрсеткіш Мойынқұм мен Сарысу аудандарында тіркелген. Бұл аудандарда санақтан 36369 (бірінде 15 227, екіншісінде 21 142) адам өткен.
– 1 қазаннан бастап жалпылай үй аралау кезеңі басталды. Ол ағымдағы жылдың 30 қазанына дейін жалғасады. 31 қазаннан 6 қараша аралығында 10 пайыздық іріктеу өткізіледі. Қазіргі таңда облыста 180 нұсқаулық учаскелері жұмыс істейді. Санаққа 1132 адам жұмылдырылған. Оның 882-і интервьюер. Барлық интервьюерлермен планшетпен жұмыс істеу, сауал салуды жүргізу әдістері бойынша оқыту ұйымдастырылған. Ағымдағы жылдың 9 қазанындағы жедел мәліметтерге сәйкес, облыс бойынша 68045 адамға планшетпен сауалнама жүргізілді, – дейді баяндамашы.
Департамент басшысы бүгінгі таңда халық санағын жүргізуге қажетті кадр жетіспеушілік мәселесінің барын да жеткізді. Негізінен мұндай жағдай қалаларда орын алуда екен. Мәселен, Тараз қаласында 74, Шу ауданында 11 санақшы жетіспейді. Бұған дейін халық санағына қатысып келген студенттер оқу процесін бұза алмай, жұмысты жарты жолдан тастап кеткен. Статистика басшысы кадр мәселесін шешуге көмек беруін сұрады.
Облыс әкімі халық санағының аяқталуына жиырма күндей қалғанын ескертті.
– Бүгінге дейін облыс тұрғындарының бар болғаны 45,5 пайызы ғана халық санағынан өткен. Қалған уақыт жиырма күнге жетер жетпес. Бұл аралықта қалған облыс тұрғындары өтіп үлгере ме? Қала және аудан әкімдерімен статистика департаменті арасында санақ бойынша байланыс орнатылған ба?
Кейбір аудандардағы елді мекендерде, қала маңындағы саяжайларда интернет, әлеуметтік желі байланысы жоқ немесе төмен. Бұл мәселені қалай шештіңдер? Сондай-ақ Тараз қаласына жақын орналасқан аудан тұрғындары қалаға қатынап жұмыс істейді. Олардың екі жерден өтуі де мүмкін ғой. Ол қалай болады? – деді Б. Сапарбаев.
Департамент басшысы бірінші кезекте интернеті жоқ елдімекендер мен саяжайларға арнайы мамандар жіберіп мәселені алдын ала шешіп қойғанын айтты. Ал ауылда тұрып қалада жұмыс істейтіндер екі жақта да сауалнамаға қатысқан күнде де, олар базаға ИНН нөмірі арқылы бірақ тұлға болып тіркелетіні белгілі болды.
Облыс әкімі осы және халық санағын өткізу барысында төмен пайыз көрсеткен аудан және қала әкімдерінен жауап алды. Барлығы белгіленген межеден кешіктірмей халық санағын аяқтайтындықтарын жеткізді.
– Халық санағы маңызының қаншалықты жауапты екенін бұған дейін де айтқан болатынмын. Сондықтан бұл науханға жайбарақат қарауға болмайды. Халықты барыншат қамтуға тиіспіз. Насихат жұмыстарын күшейту керек, – деп түйіндеген облысы әкімі тиісті сала басшыларына нақты міндеттер мен тапсырмалар жүктеді.