Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аймақ басшысы аналарды құттықтады

0 160

Халықаралық әйелдер күніне орай облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сан салада жетістікке жетіп, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосып жүрген әйелдер қауымымен кездесіп, мерекемен құттықтады.

Сәндібек Піренов

Жиында аймақ басшысы сөз сөйлеп, нәзікжандылардың қоғамдағы орнына ерекше тоқталды. Әсіресе, көпбалалы, мәдениет, спорт, әдебиет саласымен қатар кәсіп бастап, азаматтарды жұмыспен қамтып отырған аналарды айрықша атап өтті.

– Ана баланы тәрбиелей отырып, болашақты тәрбиелейді. Анадан Президент те, ғалым да, кәсіпкер де туған. Егеменді еліміздің даму жолында аналардың қосқан үлесі айрықша. Сонау ашаршылық, репрессия, соғыс жылдары, бертін келе елде індет тараған кезінде де ерлермен тең еңбек етті. Халқымызда ертеден аты әйгілі аналар да баршылық. Соның ішінде Әулиеата жерінен шыққан аналарды жұртшылық біледі. Осы ретті Айша бибіден бастап, бүгінгінің батыры Зульфия Габидуллинаға дейін жалғасақ болады. Олардың еңбегі – бізге үлгі. Аумалы-төкпелі заманда бірлікті сақтау маңызды. Отбасында береке болмай, қоғамда бірлік болмайды. Сіздер шаңырақтың ұйытқысысыздар. Сіздер жұмыста да, отбасында да жетістікке жетіп жүрсіздер, – деген облыс әкімі Бердібек Машбекұлы әйелдер қауымына алғыс білдірді.

Артынша еңбек ардагері, облыстың құрметті азаматы Нильзия Рахишева нәзікжандылардың еңбегін атап өтіп, мерекемен құттықтаса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айша Көпжасарова «Ана» атты өлеңін оқыды. Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының пульмонолог-дәрігері Нұрсұлу Мұхамбетқалиева денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек етіп жүрген аналардың еңбегі орасан екенін айтты. Осыдан кейін сөз алған жеке кәсіпкер Анар Бексұлтанова өзінің көпбалалы отбасыда өсіп, бүгінде іс бастап, көпшіліктің үмітін ақтап отырғанына дән риза екенін жеткізді. Бұдан кейін К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртісі Айгүл Мақашова нәзікжандыларға ән арнап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Меруерт Лештаева карантин кезінде жұдырықша жұмылып, карантиндік стационарға ыстық тамақ жеткізіп, оттегі аппаратын алуға және жедел жәрдем қызметіндегі медицина қызметкерлерін арнайы қорғаныш киімдерімен қамтуға мейлінше қол ұшын созған іскер әйелдерге алғыс айтты. Сонымен қатар полиция майоры, көпбалалы ана Дильяфруз Кенжеханова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайни Әлімбекқызы, «Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер, «АРСМИ» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанна Мамашева, «Жібек Жолы» волонтерлік қозғалысының белсенді мүшесі Динара Берекеева, қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, «Нағыз патриоттар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Әбітаевалар Жамбыл жерінде туған батыр аналарды сөзіне арқау етіп, өңірдің бүгінгі үлгі тұтар аналарына құрмет көрсеткен облыс әкіміне ыстық ықыластарын білдірді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.