Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Аймағамбетовтің айтқан бағасы бір балаға жетпейді»: Қазақстандықтар балаларына мектеп формасын әпере алмай отыр, ал баға шарықтап барады

0 247

16 тамызда оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектепке баратын ұлына бірнеше ақ жейде, шалбар, костюм және галстук үшін 36 мың теңгеге жуық қаражат жұмсағанын мәлімдеді. Кейіннен министр сөзіне дәлел болуы үшін дүкендегі түбіртектердің суретін жариялады. Алайда, шын мәнінде, ата-аналар бұл қаражаттың тіпті бір баланы киіндіруге де жетпейтінін айтып ағынан жарылды. Сөздеріне сенсек, шалбар мен костюмнің өзі 35 мың теңгеден асып түседі екен. Stan.kz олардың өтініш-тілектерін тыңдап, балаларын жаңа оқу жылына қалай дайындап жатқанын сұрады. 

14 тамыз күні үкімет басшысы санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылының басталатынына назар аударып, балаларын мектепке дайындауға кіріскен ата-аналар бағаның қымбаттауынан кедергілерге тап болғанын айтқан. Смайыловтың сөзінше, бағаның өсіміне әлемдік логистиканың қымбаттауы мен шикізаттардың құны тікелей әсер еткен. Осылай деген премьер-министр үкіметке шұғыл шараларды қабылдауды тапсырды.

«Аймағамбетов айтқан бағамен бір баланы толық киіндіре алмайсың»

Түркістан облысы Жетісай қаласына қарасты Жаңауыл ауылының тұрғыны Базаргүл Хайдарова Аймағамбетовтің айтқан бағалары базарларда болмайтынын және 36 мың теңгенің тіпті бір баланың өзіне толық жетпейтінін айтады.

«Базарда кім қандай бағада сатқысы келсе, сол бағаны қояды. Мәселен, бір жейденің өзі 7-8 мың теңге тұрады. Шалбар мен костюм орта есеппен 30-35 мың теңге шамасында. Аяқ киімді ең кемі 12 мың теңгеге ала аласың. Бұл киімдерден бөлек қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуың керек. Сөмке, дәптер, қағаз-қалам дегендей… Мұның өзіне 20-25 мың теңге қажет. Сонда бір баланың өзіне орта есеппен 60-70 мың теңге керек», – дейді әйел.

Базаргүл Хайдарованың бес баласы бар, балаларының екеуі студент, ал 3 баласы мектепке барады. Ол әлі күнге дейін балаларының ешқайсысына мектеп формасын сатып алып үлгермегенін айтады. Тіпті дәптер сатып алу да мұң болды дейді көп балалы ана.

«Бұл мәселе жыл сайын қайталанады. Кейде өзіміз сатып аламыз, кейде туысқандар көмектеседі. Ұл бала жарайды, бірінің киімін бірі алмасып жүре береді, ал қыз балаға жыл сайын жаңасын сатып алу қажет», – деп қосты ол.

Әйел жергілікті әкімшілік пен мектептен көмек сұраған. Алайда олар жәрдемақы тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға ғана көрсетілетінін айтқан. Хайдарова әлеуметтік көмекті ала алмайды, себебі оның бір баласы онкологиялық аурумен ауырады. Баласына тағайындалған мүгедектік зейнетақысы болғандықтан, қаржылай көмектен қағылып қалған.

Әкімдік соңғы бес жылда тек балалар күніне арналған мейрам кезінде қарандаш пен дәптерлер ғана таратып көмектесті деген әйел балаларын мүгедектік зейнетақысымен киіндіретінін жеткізді. Алайда бұл ақша да толық жетпейді.

«Үш балаға 400 мың теңге керек»

Алматы қаласының тұрғыны Айгерім Оразалиеваның төрт баласының үшеуі мектепке барады. Базарға жақында барып келген әйел бағалардың тым қымбат болып тұрғанын жеткізді. Бағаның шарықтап тұрғаны сонша, ол үш баланың өзін толық киіндіру үшін 400 мың теңге қажет екенін айтады.

«Базарға барғанда да костюм мен шалбар алған жоқпыз, кеңсе тауарларын алмадық, спорт киімдерін де ала алмадық. Тек сөмке мен екі-үш жейделерін алдық. Соның өзінде 60 мың теңге ақша жұмсадым», – дейді Оразалиева.

Әйел жаңа оқу жылының жақындап қалғанына қарамастан,  екі қызына мүлдем ешнәрсе сатып алмағанын сөз етті. Бұған қоса ұлыма мектеп формасы қажет деген ол үкімет адамдарды мұқтаждыққа итермелеп жатқанын айтып қалды.

«Неге біз өз жұмысымыз үшін лайықты айлық алмаймыз? Мысалы, менің күйеуім автобус айдайды.Таң атпастан жұмысқа барып, үйге кеш түскенде ғана келеді. Ал айлығы мардымсыз. Біз, әрине, көп затқа шүкір етіп үйренгенбіз. Бірақ бір балаңа мектеп затын алып бере алмау – масқара. Меніңше, билік халықтың айлық табысын арттыруы керек. Сонда ғана мұндай мәселелер азаяды», –  дейді Айгерім Оразалиева.

«Ауылдықтар үшін бір баланың өзін киіндіру қиын»

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Шұбар елді мекенінің тұрғыны Жанар Асанованың бір баласы мектепке барады. Базардағы бағаның тым қымбаттап кеткенін айтқан ол үкімет бағаларды бақылауға алса екен дейді.

«Жақында ғана базарға бардым. Бағасы өспеген зат жоқ. Біздің елімізде баға өсімін қадағалап жатқандар жоқ секілді. Себебі бір жерде дәптердің бағасы 20 теңге болса, басқа жерде 36 теңгеден сатып жатыр. Мектепке қажетті заттардың бағасы мүлдем аспандап тұр. Бір баланың өзіне 80-90 мың теңге қажет. Министр айтқан бағаны қайдан тауып алғанын білмеймін. Қалада, бәлкім, арзан шығар, ал ауылдықтар үшін бір баланы киіндірудің өзі қиын», – дейді әйел.

Асанова көмек сұрап жергілікті әкімдікке барған. Алайда әкімшілік жіберген комиссия үйдің ауласында өсіп тұрған алма ағашының жемісін сатып, күн көруге болады деп, сондай-ақ үйдегі тоғыз тауықтың көп екенін айтып, оларды тұрмысы орташа отбасылардың қатарына қосып қойған.

Қазір қарт ата-анасымен үйде отырған әйел жалғыз баласына мектепке қажетті жабдықтарды қалай алып берерін білмей отыр. Ал алғашқы қоңыраудың соғылуына санаулы күндер қалды.

Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылында тұратын Эльмира Керімбекованың екі баласы мектепке барады. Балама әлі киімін алып бермедім деген ана бұған жағдайы келмейтінін айтады. Эльмираның төрт баласы бар, жалғызбасты ана бұған дейін мектепте оқыған балаларын да өзі жетілдірген. 

«Үлкен балам мектеп бітіріп, қазір жұмыс жасайды. Екінші қызым жоғары оқу орнына грантқа түсті. Одан кейінгі екі балам мектепке барады. Балаларымның бірі онкологиялық аурумен ауырады. Осыған дейін бізге «Амила» қоры көп көмектесті. Биыл да балаларымның мектеп формасын сатып алып беруге көмектесеміз деді. Қазір сол көмекті күтіп отырмын. Басқа амалым жоқ», – дейді әйел.

Елімізде онкологиялық аурумен ауыратын балалары бар ата-аналар мүгедектік зейнетақысын алатын болғандықтан мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыларды ала алмай қалады. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) бар. Дәл осы атаулы әлеуметтік көмек ала алмайтын болғандықтан мұндай отбасыларға үкімет тапсырған балаларды мектепке дайындау үшін берілетін 37 мың теңге көлеміндегі бір реттік көмектен де бас тартылған.

«Амила» онкологиялық науқастарға көмек көрсету қоғамдық қорының директоры Жанна Ахметованың айтуынша, онкологиялық ауруға шалдыққан балалар көбінесе көпбалалы отбасылардан шығады. Мұндай отбасылардың көп жағдайда дәрі-дәрмек сатып алу үшін, балаларын емдету үшін көп қаржы жұмсайтынын айтқан ол, басқа балаларына ақшалары жетпей жататынын айтады.

«Мен тек қордың директоры ғана емес әрі еріктімін, әрі мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесімін. Біз ұзақ жылдан бері аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып келе жатырмыз. Дәл қазіргі уақытта бізде «Мектепке барар жол» деген акция болып жатыр. Маған тіпті мұғалімдер де хабарласып, кейбір балаларға көмектесуді өтініп жатады. Өкінішке орай, үкімет отбасыларға әртүрлі көмек көрсетіп жатырмыз деп есеп береді, шын мәнінде олай емес», – дейді Ахметова.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.