Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайдан келдің, балмұздақ?

0 510

Биыл маусымның 10-ы Балмұздақ мерекесінің атап өтіліп келе жатқанына 235 жыл толмақ. Бұл мереке 1786 жылы балмұздақтың жаппай сатылған күніне орай аталып, кейін айтулы күнге айналған.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Балмұздақ десе баланың ғана сүйікті асы деп ойламаңыз. Бірде NASA ғарышкерлерден Жерден нені сағынатынын сұрап, сауалнама жүргізген көрінеді. Нәтижесінде ғарыштағы ең сағынатын тамақтар қатарына пицца, газдалған сусын және балмұздақ кірген екен. Шілденің шөлін басатын осы бір сусынның әр елде, әрқалай атауы және сол берілген атының өзіндік мағынасы да бар. Мысалы: Ежелгі Таяу Шығыс «қар шербеті» деп атаса, ортағасырлық Францияда «сүт мұзы» деп атаған екен. Дегенмен балмұздақтың тарихына қарасақ, Қытай елінен бастау алып тұр. Ол туралы дерек көздерде б.з.д. III мыңжылдықта Юань патшалығы кезінде бір дүкен сатушысы мұзды ақшаға қалай айландырсам болады деп, оған адамдарды қызықтыру үшін сыртына бал, сүт және інжу ұнтағын жағып сатып, нәтижесінде әлемдегі алғашқы балмұздақты жасап шыққан екен. Ал XIII ғасырда әлемге әйгілі италиялық саяхатшы Марко Поло балмұздақ жасаудың қытайлық әдісін өз еліне алып келеді. Кейін 1500 жылы француз корольдігі мен италиялық корольдің отбасы мүшелері құдаласып, балмұздақ Италиядан Францияға әкелінген. Соның нәтижесінде Франция «балмұздақ елі» болып аталды. Тіпті осы бір сусынға құмартқаны соншалық, 1625 жылы Англияның королі Карл І жазғы тағамның осы түрін жеу үшін балмұздақ жасауға бас аспаз жалдап, оған балмұздақтың рецептін қатаң түрде сақтауды тапсырып, арнайы жасатып жеген екен.

Тарих сахнасынан түспеген тәтті мұздың алғашқы салонын 1686 жылы сицилиялық Франческо Парижде ашса, 1846 жылы АҚШ-тағы Нэнси Джонсон есімді ханым күрделі процесті жетілдіріп, балмұздақ өндіру процесін жеңілдету үшін қолмен иінді мұздатқыш жасайды. 1851 жылы АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Балтимор қаласында алғашқы балмұздақ фабрикасы ашылса, 1900 жылы электр және термодинамика теорияларын кеңінен қолдануға байланысты балмұздақ өндіру процесі жеделдетіліп, өзіндік құны арзандатылады. Содан бері балмұздақ адамдарды салқындататын танымал тағамға айналды. Ал кей балмұздақтардың таяқшамен тұратынының да өзіндік тарихы бар. Таяқшадағы балмұздақты ойлап тапқан – америкалық Фрэнк Эпперсон. Ол бала кезінен бастап үйдің кіреберісіне ішіне сабанның сабағын салған бір стақан сода қалдырып кетеді. Сонымен, түнде әлгі су қатып қалатын көрінеді. Міне, содан оған ой туып, «Жемісті мұз» деп аталатын зауыт ашып, таяқшалы балмұздақтар өндірген екен.

Біз қандай балмұздақ жеп жүрміз?

Содан бері аты да, өзі де ауыздан түспей келе жатқан балмұздақтың Қазақстанда да неше түрі өндіріліп, айналымға келді. Жеңіл өнеркәсіпке жататын сауданың бұл түрі базарларда қызып-ақ тұр. Әдеттегі дүкендерде қаптамалы балмұздақтың неше түрі бар. Мысалы, жекеменшік дүкен сатушыларының бірі балмұздақ сатып, ақша табуға болатынын айтады. Ол: «80 теңгемен дүкенге кірген балмұздақты 160 теңгеге сатамыз. Қарап отырсақ, өзіміз өндірмей-ақ, оны сату арқылы теңбе-тең пайда табуымызға болады», – деп отыр. Ал «Ауыл-Береке» базарындағы құйылмалы балмұздақ сатушылар негізгі материалы өздерінен екенін, яғни балмұздақ машинасына өздері сүт жинап, оған қант, шоколад қосатындарын айтып, «бір күнде 15 литр сүт құямыз, шамамен 15-20 мың теңгедей табамыз» дейді. Ал мен тіпті де ішкерлей оның жасалу жолдарын, дәмді қылу амалдарын және қалай оны бабында аларманға беру керек екенін сұрағанымда, ешқайсысы жауап бермей, бірауыздан «құпия» деп қайтарды. Ал еліміздің әр өңірінде балмұздақ өндірілетін цехтар жұмыс жасайды. Мысалы, Атырау асыл тұқымды ешкі сүтінен жасалған балмұздағымен әйгіленсе, Көкшетау жеміс шырынды балмұздағымен танылған. Ал Жамбылда «Империя» атты балмұздақ цехы іске қосылып, ол тәулігіне 8 тонна балмұздақ өндіреді деп жоспарланған болатын. Дүкендердегі бағасы мен дүңгіршектердегі бағалары да басқа болып тұратын, осы бір мезгілдік сауданың көрігін қыздыратын тағам төңірегінде ізденіп, оның қай түрі балаларға ұнайтыны турасында сауал қойғанымызда, көп бала «Бомба оригинал крем-брюле» деген қаптамасыз түрін жейтіндерін айтады. Демек, балалардың талғамында да қайсысы арзан болса, сол тәтті болып тұрғаны ғой.

Базардағы бағасы балаларға қолжетімді болғанмен, дүниедегі ең қымбат балмұздақтың бағасы 1000 долларға тең екен. Ал ол АҚШ-та сатылатын «Алтын» деген атауы бар балмұздақ. Зерттеулерге қарағанда, балмұздақтың негізгі тұтынушылары балалар және 45 жастан асқан адамдар екен, ал жыл сайын әлемде 15 миллиард литр балмұздақ желінеді екен. Бұл мөлшермен 5000 олимпиадалық бассейнді толтыруға жететін судың көлемі болып есептеледі. Міне, осындай жазғы уақытта 1 минутта 20-сы сатылатын балмұздақтың Жер бетінде ең көп таралған түрі ванильді балмұздақтар болса, Португалияда үй жануарларына арнап қантсыз балмұздақтар да өндірілген екен. Ал Мексикадағы ең танымал тағам – қуырылған балмұздақтар болса, салмағы 10 тоннаны құрайтын ең үлкен балмұздақты Канада елі жасаған. Ал Ресей болса, балмұздақтан биіктігі 2 метр, ал салмағы 300 килограмм болатын Ақшақар жасаған.

Ғалымдар «балмұздақ жейтін әйелдердің бала көтеру мүмкіндігі жоғары болады» деген тұжырым да жасаған екен. Ал балмұздақ сапасын тексерудің оңай жолы – алдымен бір бөлігін алып көресіз, егер ол оңай алынса, оның сапасының жақсы болғанын білдіреді. Егер ол мұз кристалдарымен қапталған болса, ол оның екінші рет қайта қатырылғанын білдіреді. Ал балмұздақ сарғыштау болса, оның құрамына өсімдік майы қосылғанының белгісі. Егер сыртқы пішіні айқыш-ұйқыш болса, сапасыз өнім екенін көрсетеді екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.