Қалалық қоғамдық-саяси газет

Айбынымыз Абылаймен асқақ

0 248

Жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Абылай» атты тарихи драмасының тұсаукесері Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрында өтті.

Шапағат ӘБДІРҰЛЫ Суреттерді түсірген С.Абжапаров

Шығарма оқиғасында Абылай ханның қазақ даласын сырт жаулардан қорғап, ел тыныштығын сақтауда көрші жатқан алып мемлекеттер Ресей және Қытай елдерімен жүргізген саясаты, Жоңғар басқыншыларымен күресте көрсеткен батыл шешімдері мен қадамдары бейнеленеді. Абылайдың даналығы мен батылдығы, қайтпас қайсарлығы, ерлік істері кеңінен көрініс табады. Махаббат сезіміне беріктігі мен жасаған дұрыс байламы насихатталады.

– Бұл пьеса Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Абылай ханның 310 жылдығы, автор Елен Әлімжанның 75 жылдығына орай Қазақ елінде тұңғыш рет қойылып отыр. Біз ұлт көсемі ретінде адами қасиеттерімен қоса, батырлығын суреттеп көрсетуге тырыстық. Абылай туралы пьесалар көп, бірақ біз бұл жолы жастарға қарай бағыттап, түсінікті түрде баяндауға тырыстық, – дейді қоюшы режиссері Фархадбек Қанафин.

Иә, Абылай дәуірінде қазақтың басы бірікті. Алаштың сағанағы сарық, қағанағы қарық болған тұсы да осы кез еді. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қазығы сол дәуірде қағылды деуге де болады. Абылайды тірілту, оның ерлігін жастарға дәріптеу ол, шын мәнінде, егемендіктің тұтқасын болашақ ұрпақтың қолына табыс етумен бірдей деуге болады. Қазақ «Дұшпаның да ер болсын» дейді. Жау екен деп жарға жыға бергенді ұнатпаған осы бір көшпенді ұлттың тағы бір дала серісі жоңғарлармен айқасуы тегіннен-тегін болмаса керек. Соғыс ешкімді аяған жоқ, қылышта көз жоқ. Дегенмен сол кезеңде жасаған жоңғар хандары да ақылды, саясаткер, қарсы жақты әскермен ғана жеңу емес, сөзбен, іспен, айламен жеңудің де түрлі үлгісін қалдырып кеткеніне таңғаласың.

– Қалдан Серен – өз елінің қамын жеген ұлтшыл әрі тарихта әділдігімен қалғысы келген тұлға. Бұл қойылымда оны жоңғардың қаһарлы ханы емес, қайта өзінің ішкі күйзелісі бар, өзінің ойрат елінің болашағына, мемлекетінің ертеңіне алаңдап жүрген стратег адам ретінде, дарынды қолбасшы ретінде сомдап шығуға тырыстым. Сонымен қатар Қалдан Сереннің әкелік образын да, өзінің Абылай қолында тұрғанда өлтіре салмай, соның қадір-қымбатын білген тарихи тұлға екенін де ашуға барымды салдым, – дейді Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының директоры, Қалден Сереннің рөлін сомдаған Мәлік Ақүрпеков.

Қойылым Абылай ханның қолға түсуінен басталды. Жоңғар ханы Қалдан Серен оның төре тұқымы екеніне күмән келтіріп, оны түрліше әдістермен сынап бағады. Ақыры Абылайдың текті тұқым екеніне көз жеткізеді. Қалдан Серен тұтқындағы Абылайға «Шарышты өлтірдің» деп айып тағады. Абылай да өзінің аталарының қаны қайда төгілгенін айтып, қарымта жауап қайтарады. Оған сабасына түскен Қалдан «иә, жазмыш солай шығар» деп жаймашуақтайды.

Абылайдың ерен ерлігіне сүйінген жоңғар ханы Топыш атты сұлуды жар етіп қосып беріп, келісімге келеді. Ары қарай Абылайдың 1756 жылы қол астындағы 6000 қолмен 40000 шүршітті артқа шегіндіргенін көрініске тиек етеді.

Қойылымда жалпы рөлде 11 адам болса, Абылай образын талантты актер Кенен Ақүрпеков, Қалдан Серен бейнесін ҚР мәдениет саласының үздігі Мәлік Ақүрпеков, Топыш ханым бейнесін жас актриса Әсем Қондыбаева сомдады. Сонымен қатар қойылымда Бұқар жыраудың жырлары мен Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасынан үзінділер пайдаланылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.