АИТВ жұқпасының алдын алудың жолы
Әлемнің барлық елдерінде АИТВ жұқпасы өзекті ауру болып қалып отыр. Жұқпа адамның иммундық жүйесіне әсер етіп, дененің қорғаныс қабілетінің күрт төмендеуіне жеткізеді. Ал аурудың асқынуы ЖИТС –адамның жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына ұласады.
2023 жылдың 6 айы ішінде Жамбыл облысы бойынша АИТВ жұқпасының 56 жағдайы тіркелген, оның 75%-ға жуығы жыныстық жолмен жұқтырған. Өкінішке орай, адамдардың көпшілігі АИТВ жұқпасы өзіне ешқандай қауіп төндірмейді деп ойлайды. Олардың ойынша, бұл ауруды халық арасындағы жағдайы жайсыз отбасылар, есірткіге тәуелді адамдар, секс-қызметкерлер және ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсетін ер адамдар сияқты топтағылар жұқтыруы мүмкін.
АИТВ жұқпасы анықталғандардың көпшілігінде оны жұқтырмас бұрын бұл жұқпа туралы ақпаратты білмегенін күнделікті тәжірибеден көріп отырмыз. Сондықтан әр адам өзін қорғау үшін бірнеше ережелерді білуі қажет:
1. АИТВ жұқпасының берілу жолдарын білу. АИТВ қан арқылы, ұрық сұйықтығы және вагинальды секреция арқылы, сондай-ақ жұқтырған анадан балаға өтеді. Қарапайым ережелерді сақтай отырып, АИТВ жұқпасын жұқтыру қаупін төмендетуге болады. 2. Қауіпті мінез-құлыққа жол бермеу, есірткі қолданбау, ретсіз жыныстық қатынасқа түспеу. Адамның бетіне, келбетіне қарап, ол кісіде АИТВ бар-жоғын анықтау мүмкін емес екенін атап өткім келеді. АИТВ бар-жоғын анықтаудың жалғыз сенімді әдісі – АИТВ жұқпасына қан талдамасын тапсырып, тексерілу.
Жамбыл облысында АИТВ жұқпасына тексеру Тараз қаласы, Төле би көшесі, 64 «Г» ғимарат мекенжайы бойынша ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Жамбыл облыстық орталығының психо-әлеуметтік кеңес кабинетінде тегін және құпия негізде жүргізіледі. АИТВ жұқпасы бойынша ақпарат барлығына қолжетімді, бұл ақпаратпен тиісті оқулықтардан, ғаламтор желісінің ресурстарынан және біздің aids-zhambyl.kz сайтынан танысуға болады.
Мейіржан Ысқақ,
Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының алдын алу және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі