Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аграрлық аймақтың асыраушы саласы

20 қараша – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні

0 409

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажеттігін және бұл стратегиялық міндет екенін атап өтіп, саланы дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берген болатын.

Биылғы жылы негізгі бағыттарды жүзеге асыру мақсатында өңірде ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті өнім өндіру мен агроөнеркәсіп кешені жүйе- сін тиімді жүргізу бойынша ілкімді істер атқарылды. Мәселен, «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру» аясында облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 30,3 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі күні 11 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді.
Жыл басынан бері салада 526,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 39,5 пайызға артты. Ауыл шаруа- шылығының негізгі капиталына 18,9 миллиард теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 1,7 миллиард теңге инвестиция салынды.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 756,2 мың гектарға жетіп, 5,4 мың гектарға артты. Сондай-ақ ағымдағы жылы 371,0 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 17,1 центнерді құрады және 633,4 мың тонна астық бастырылып, 166,7 мың тонна өнім артық алынды. Сонымен қатар осы жылы аймақта 72,7 мың гектарға көкөніс және бақша дақылдары егіліп, 6,3 мың гектарға ұлғайды. Бүгінгі күні бұл алқаптардан 1,5 миллион тоннадан астам көкөніс пен 524 мың тонна бақша дақылдары жиналды.
Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы. Өңірде жыл басынан бері 1 242 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынып, 10,1 пайызға жаңартылды. Жалпы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 457 өтінімге 1,6 миллиард теңге субсидия төленді. Қазіргі уақытта техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда.
Ағымдағы жылы аймақта 5,5 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылды. Дегенмен жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізіліп, әр гектардан алынған тәтті түбір 500,0 центнерді құрап отыр. Жыл соңына дейін қант зауыттарына 125 мың тоннаға жуық тәтті түбір өткізу жоспарланып, болжаммен 16 мың тонна отандық қант өндіріледі деп күтілуде.
Облыста ағын суды үнемдеу және өнім көлемін арттыру мақсатында су үнемдеу технологиялары биыл 50,0 мың гектар егіс алқабына енгізілсе, оның 32,7 мың гектарына тамшылатып суару, 17,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.

Ауыл шаруашылығы алқаптарындағы су жүйелері мен каналдарды тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында биылғы жылы 11,3 шақырымды құрайтын 10 су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2,1 мың гектар суармалы алқап қалпына келтірілді. Одан бөлек, өңірде егіс көлемін арттыру мақсатында ұңғыма қазу арқылы жетіспейтін суды жерасты сулары есебінен қамтамасыз ету үшін 84 ұңғыма қазылып, 3,7 мың гектар алқап сумен қамтылды.
Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 1,0 пайызға, сүт өнімдері 1,8 пайызға ұлғайды. Жыл басынан бері 1,5 мың тонна ет экспортталды. Бұған қоса, облыста мал басында да өсім бар. Қазіргі уақытта өңірдегі жалпы мал саны 4,1 миллион басты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,1 пайызға артты. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 1, қой мен ешкі саны – 5,6 және жылқы саны 11 пайызға көбейді.
Соңғы 2 жылда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында алыс және жақын шет мемлекеттерден 3,0 мыңға жуық мүйізді ірі қара мал алынса, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 26 мың бастан астам қой сатып алынды. Осының нәтижесінде облыстағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлес салмағы 26 пайызды құраса, асыл тұқымды қойдың үлес салмағы 30 пайызға жетті. Қазіргі уақытта облыста ет бағытындағы 5 асыл тұқымды мал өсіретін репродуктор, 4 құс фабрикасы, 27 мал бордақылау алаңдарымен 52 орта және ірі сүт фермалары жұмыс істеуде.
Аймақта биылғы жылы жалпы құны 19,2 миллиард теңгені құрайтын 16 жобаны жүзеге асырып, 324 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінгі күні Жуалы, Қордай, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында 4,8 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып, 121 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, Жамбыл облысының даму жоспары аясында 2,2 миллиард теңгені құрайтын 59 кіші инвестициялық жобалар іске қосылып, 209 жаңа жұмыс орны құрылды.
2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы да өз жемісін беруде. Айталық, биыл жобаның жалғасы ретінде өткен жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ енгізіліп, 253 жоба іске асырылды. Бұған қоса, алдағы уақытта облыстағы 26072 тұрғынды қамтитын тағы 10 ауылдық округте пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жалпы Президент құлағдар болып, Үкімет қолдаған жоба бүгінде республикалық деңгейде масштабталып, барлық облыстарда жүзеге асыру жұмыстары жүріп жатыр.
Қорыта айтқанда, бүгінде асырау-шы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады.
Осы орайда сала қызметкерлерін мерекемен құттықтағым келеді. Аграрлық аймақтың көкжиегін кеңейту жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Ербол Жиенқұлов,
облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.