Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адамзаттың келешегі үшін

0 115
Біздің Жамбыл жасыл өңір саналады. Дегенмен Таразды ара-тұра қалың түтін басатынын білетін шығарсыздар. Иә, оның бәрі қала маңындағы өндірістің кесірі. Сол секілді Жамбыл ГРЭС те қала ауасының ластануына аз үлес қосып отырған жоқ. Біздегі электр стансасы мазут пайдаланады. Әбден тозығы жеткен станса қаншалықты еуростандартқа сай болсын. Айналадағы жұртты әбден улайды.
Былтыр энергетика министрлігі Жамбыл ГРЭС-і 80 пайызға тозғаны туралы мәлімдеген болатын. Демек, бірнеше жылдан кейін әбден тозығы жетіп, ГРЭС-тің жұмысын тоқтатуға тура келеді. Егер оның қызметі тоқтаса, Жамбыл жұрты жарықсыз қалады. Амал жоқ, көрші қырғыздарға тәуелдігіміз арта түседі.
Енді қайтпек керек? Энергетика көзін қайдан табамыз? 6 қазанда бүкілхалықтық референдум өтеді. Онда АЭС салу не салмау мәселесі қаралады. Сіздерге қайдам, біздің Жамбыл жұртшылығы үшін қазіргідей жағдайда АЭС қажет-ақ. Өйткені себебін жоғарыда келтірдім.
АЭС туралы жиі айтылып жатқан соң біраз мәлімет іздестіріп көрген едім. Қарап тұрсам, қоршаған ортаны қорғауға, яғни ауаға парникті газдар шығарылымын азайтуға атом энергетикасының үлесі орасан көрінеді.
Қысқасы, АЭС-тің қоршаған ортаға дәстүрлі электр энергетика көздері тигізетін зиянды барынша азайтуға мүмкіндік беретінін аңғару қиын емес. Әсіресе, қазіргідей климат жылынып, жер жаһанда түсініксіз ауа-райы болып жатқанда керек-ақ. Ендеше, алдағы референдум тағдыршешті кезең болғалы тұр. Қазақстан халқының шағын қадамы барша адамзаттың келешегі үшін жасалған үлкен серпіліске жол ашады.
Ерман Әбдиев,
журналист
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.