Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адамзаттың алыбы – хакім Абай

0 627

Жалпақ әлемді түгел аралап келмесе де, бар дүние дүбірін дөп басқан, жердің асты-үстіндегі кереметтерді көре білген тұлға – Абай Құнанбайұлы.

Абайдың туындысы біздің дәстүрлі мәдениетімізде жасалған барлық дүниелерден түбегейлі ерекшеленеді. Ол жаңа ойлауды, жаңа дүниетанымды негіздеп, жаңа этикалық және эстетикалық құндылықтарды қалыптастырып, өмірдің жаңа қағидатының, болмыстың және жаңа идеалдардың қажеттілігін дәлелдеп берді. Жаңа идеялар мен дүниетанымдық қағидаттар тұрғысынан ол өз замандастарының өмірін, құндылықтарын, идеалдарын, дүниетанымын сынға алды. Оның шығармаларында ең алдымен қазақ, қазақ қоғамы – сынның басты объектісі болды. Бірақ бұл жағдай – жалпы адамзаттың негізгі мәселелерін, мейірімділік пен сұлулық идеяларын көтеретін өзіндік және ерекше нысан. Абай ағартушылық, даму, прогресс және өркениетті өмір сүру принципі және өзге де іргелі ұғымдарға ерекше назар аударды.
Хакімнің дәстүрлі идеяларды, құндылықтарды, ескі өмір салтын сынға алып қана қоймай, сонымен қатар оларға дамудың идеясын, өмір сүрудің өркениетті тәсілін білдіретін жаңа идеялар мен ұғымдарды қарама-қарсы қойды. Ақын фатализм идеясын батыл түрде қабылдамады, қазақтарды қызметке, белсенділікке, жеке жауапкершілікке шақырды. Абайдың қара сөздерінде қазақ халқының өмір салтын басқа халықтардың өмір сүруі арқылы салыстыра отырып, қазақ халқының өмір сүруінің артта қалғанын атап өтеді.
Мәселен, төртінші қара сөзінде: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды. Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», – деген.
«Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Ол айтқан тірлік – көкірегі, көңілі тірі болу. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмасаң, адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың деген мағынада айтады.
«Әзір тамақ, әзір ас.
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас, – болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық», – дейді Абай.
Ал сегізінші қара сөзінің аяғында: «Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады.
Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – еш нәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай Тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме?.. Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай жүр. Аналар анадай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!», – дейді.
Сонымен қатар оныншы қара сөзінде: «Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем, орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?.. Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік… Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма?.. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды», – дейді.
Абай өзінің кіршіксіз ақ жүрегін тебіренткен ойлары мен сырларын қара сөздерінде, жалынды жырларында маржандай төгілдіреді. Оның әрбір жолынан, әрбір сөзінен соншама ыстық леп сезіледі. Ол өткен заманды бүгінмен жалғастырған. Абайдың сөз өнегесіне үңілсек, оның ар жағында айшықты әлем жатыр. Ол халық тағдырымен бірге жасап келе жатқан өлең әлемі. Бозбалалық шағында алғашқы ғашығы Тоғжанға арнаған бір өлеңінде:
Сап, сап, көңілім, сап, көңілім,
Сағынышқа сарғайма!
Жай жүрсең де қыз қумай,
Сені біреу қарғай ма?
Қыз іздесең, қалың бер,
Мұным ақыл болмай ма?
Көріп алсаң көріктіні,
Таңдап алсаң тектіні,
Сонда да көңіл толмай ма? – деп, бозбалаға тән ғашықтық күйін ұмытқысы келіп, кайталанбас көңіл әсерлерін сағына жырлайды.
XIX ғасырдағы қыр көшпенділері арасында аса білімді саналатын, қатарынан озық Абай жеке басы Ислам дінін қолдағанымен, қазақтың арғы тегін арабтармен байланыстыруды шындық көрмеді. Ол оқуы, жазу бар елдерді қалай сыйласа, бәрін ауызша естелік айтумен жеткізетін сауатсыз жұрттар үшін соншалықты қынжылады. Өйткені көп нәрсе ұмытылады, көп нәрсе өзгертіліп беріледі, кейде тіпті біреулер ойдан сөз қосып та жібереді. Абай жақсылық пен іріліктің өлшемі білім мен мәдениет екенін шегелеп айтады. Ақынның келер күнге, келер заманға байланысты ауыр күрсінісі сезіледі. Абайдың ауыр күрсінісі туған жерінің өзгеге бодан болмай, тәуелсіз күн кешуін аңсаған сәттерімен тамырлас. Қазақ елінің тәуелсіздік, еркіндік күніне Абай жетпесе де ұрпақтары қадам басты.
Абай туындысының туы жығылған жоқ. Халықтың мұң-зарын жоқтап, шындық іздеп, «мыңмен жалғыз алысқан» ұлы ақынның өмірі сан ұрпаққа үлгі болып қала бермек.

Әсемай ӨМІРБЕК,
«TARAZ HIGH SCHOOL» түлегі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.