Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адамзат азғындықтан қашан арылады?

0 282

Заман өзгерді дейміз ғой. Әсілінде заман емес, адам өзгерген сыңайлы. Құрдымға кеткен құндылықтар мен адам айтса сенгісіз аяусыздықты күн сайын көретін болдық. Оған да етіміз үйреніп барады. Әсіресе, балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық пен педофилия тыйылмай тұр. Бала құқығы аяқасты қалмасын деп ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанымен, хайуан екеш хайуанның өзі жасамайтын бассыздыққа бел буғандардың айылы жиылар емес.

Арайлым Шабденова

Заң жылда өзгергенімен…

Дәл мұндай сорақылық халқымыздың ата салтында да, асыл дінінде де болған жоқ еді. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ұлтымыз әйелге ең алдымен ана деп қарап, баланы елдің ертеңі деп бағалады. Қонақ деп қызын төрге отырғызып, соңымдағы ізім деп балдырғанды тізесіне жайғастырды. Сол сана, сол түсінік, сол ұстанымнан қашан айырылып қалдық екен? Енді келіп қыз зорлаған, педофилдер жайлаған елдің қатарына қосылдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз шамадан тыс қудалау шаралары мен сот төрелігінің қатаң жазалау тəжірибесінен бас тарттық. Алайда елімізде ауыр қылмыстардың саны азаймай тұр. Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мəн беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, əйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жəне басқа да ауыр қылмыстарға, əсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мəселені шешуді Парламентке жəне Үкіметке тапсырамын», – деді.

Рас, елімізде бұған дейін заңнаманы ізгілендіруге бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында: «Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет», – деген еді. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында тараптарды татуластыруға, зәбір көрсетуші барлық талаптарды орындағаннан кейін оны жауапкершілікке тартпауға зор күш салынды. Қылмыстық кодекстің 262-бабына, Қылмыстық-процестік кодекстің 45-бабына және Қылмыстық-атқару кодексінің 9-бабына бірқатар өзгертулер енгізілді. Қоғамды ізгілендіру шараларына 2 мыңға жуық адам тартылып, бас бостандығынан айырылғандардың саны 30 мыңға азайды. Бірақ бұл ізгілендіру ісі ауыр қылмыс саналатын кісі өлтіргендер мен зорлағандарға, азаптағандарға, экстремизм мен терроризмге барғандарға, қылмыстың ұйымдастырылған түрлерін жасағандарға қолданылған жоқ. Соған қарамастан, еліміздің қылмыстық-құқықтық саясатын жазалаушыдан құқық қорғаушы қызметке қарай бұру жұмысы қордаланған мәселелерді түбегейлі шеше алмады. Президенттің былтырғы Жолдауындағы азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында айтылған: «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мəн беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық», – деген сөзі осы ойымызды ұштай түсетіні анық. Ендігі мәселе – азаматтардың негізгі құқықтарын назарға алу еді. Президенттің осы мәселеге қатысты Парламент пен Үкіметке берген тапсырмасы аяқасты қалған жоқ. Заңға енгізілетін бірқатар өзгерістер мен толықтырулар әзірленді. Осылайша, өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Соның нәтижесінде зорлау жəне нəпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану əрекеттері орташадан ауыр қылмыс санатына ауыстырылды. Сондай-ақ жас балаға қатысты зорлау немесе нəпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану əрекеттері үшін қылмыскер 20 жылға немесе өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болды. Бұдан бөлек, педофилия фактілерін хабарламағаны, жасырғаны жəне бұрмалағаны үшін жазаның ең жоғары мерзімі ретінде сотталушы 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бастысы, қылмыстың осы түрі жасалған кезде тараптардың ымыраласуына жол берілмейді.

Сандарды сөйлетсек…

Солай бола тұра, қылмыстық жаза қатаңдады екен деп қылмыс саны азая қойған жоқ. Мәселен, өткен жылдың жазында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев БАҚ өкілдеріне берген баспасөз мәслихатында: «Жыл басынан бері зорлық-зомбылық, педофилия, балаларға қатысты қылмыс үшін заң қатайды. Жыл сайын елімізде осы сипатта 2 мыңға жуық қылмыс жасалады. Мұндай қылмыстың қатарында балаларды азаптау, ұрып-соғу, бопсалау, қауіп-қатерлі жағдайда қалдыру фактілері жиі кездеседі. Сондай-ақ жасалатын қылмыстардың үштен бірі зорлық-зомбылық, педофилия мәселесіне қатысты болып отыр», – деді. Сорақылық емей немене, бір жылда 2 мың адамның өмірі өзгеріп, қайта қалпына келе қояры күмәнді психологиялық, физиологиялық зардап шегеді. Ал облыстық полиция департаментінің берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, 2019 жылы балалар мен жасөспірімдерге қарсы зорлық-зомбылықтың 55 фактісі тіркелсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш 37-ні құраған. Облыс үшін бұл көңіл көншітер сандар емес. Бұл сандардың артында қаншама сынған тағдырлар жатыр десеңші…

Бейресми деректерге сүйенер болсақ, жасалған қылмыстың тең жартысынан көбінде баланың жасы 14 жастан аспайды (14 жасқа дейін – 61,3%, 14-16 жас аралығында – 38,7%). Тіпті кей жағдайда баланың анасы күйеуінен не болмаса бірге тұрып жатқан азаматынан айырылып қалудан қорқып, мұндай зорлық-зомбылық оқиғаларын жылы бүркеп жауып қоюдан да тартынбайды. Мұндай зорлықты 40,6 пайыз жағдайда балаға бейтаныс адам жасайтын болса, 26,4%-да танысы, 17%-да өгей әкесі немесе анасының бірге тұрып жатқан азаматы, 7,5%-да туысы, 6,6%-да әкесі, 1,9%-да көршісі жасайтын көрінеді.

– Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 2020 жылдың 12 айында 95 тұлғаға қатысты 77 қылмыстық іс қаралды. Ал 2019 жылдың 12 айында 88 тұлғаға қатысты 78 қылмыстық іс қаралған. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 2020 жылдың 12 айында қаралған істер саны 1-ге, яғни 1,2%-ға азайған. Қазақстан Рспубликасы Қылмыстық кодексінің 122-бабымен (Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) 2019 жылдың 12 айында 25 қылмыстық іс қаралса, 2020 жылдың 12 айында 21 қылмыстық іс қаралған. Ювеналды сотпен мектеп және колледж студенттерімен онлайн-кездесулер өткізіліп, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен «Отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар», «Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау» атты тақырыптарда семинар сабақтары мен дөңгелек үстелдер өткізілді, – дейді Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айгүл Бексұлтанова.

Иә, тәрбиенің талбесіктен басталатынын ескерсек, бұл тұста мектеп мұғалімдері мен психолог-социологтарға да артылатын жүк жеңіл емес. Мектепке келген әр баланың зорлық-зомбылыққа ұшырамауын, егер ондай жағдай бола қалса, алдымен құқық қорғау органдарына хабар беретін де – ұстаздар.

– Мектептерде ұлттық санада тәрбие беру мақсатында барлық мектепте қыздардың «Қыз Жібек» клубтары жұмыс жасайды. Бүгінгі күні құрамында 427 мүшесі бар. Қыздар клубы 2020-2021 оқу жылында 181 мектепішілік қыздар жиналысы мен 19 дөңгелек үстел, 8 кездесу өткізді. «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы», «Қыздар арасында ерте жастағы неке мен мәжбүрлі түрдегі тұрмыс құрудың салдары туралы» онкүндік іс-шаралары атқарылды. Сонымен қатар «Репродуктивтік денсаулықты қорғау және жыныстық тәрбие» бойынша білім беру ұйымдарының 8-9 сыныптағы қыз балаларына №1 қалалық емхана жанындағы «Жанұя» жастар денсаулық орталығында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өткен жылдың басынан бері 34 мектептен 1018 оқушы қамтылған. Тараз қаласы аумағында құрылысы бітпеген немесе тоқтаған, қиратылған, қараусыз қалған ғимараттарда кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстар мен әртүрлі құқық бұзушылық әрекеттер орын алуы мүмкін кешендер анықталып, бірқатарына білім мекемелерінің педагогтары тарапынан «Абайлаңыз, қауіпті аймақ!» тақтайшалары орнатылды. Осы аталған кешендер маңында аптасына бір рет педагог және мектепке бекітілген учаскелік полиция инспекторы тарапынан рейд жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып отыр. Бала қауіпсіздігі – басты назарда, – дейді облыстық білім басқармасы қалалық білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов.

Бала тағдырын балталағандар…

Аталмыш тақырыпты кеңінен ашу мақсатында осы салада 20 жылдан астам қызмет етіп жүрген сот сарапшысы, психолог Гүлім Жамбековамен кездесудің сәті түсті.

– Гүлім Әлиханқызы, педофилия деген не? Бұл ауру неден туындайды?

– «Педофилия» балаларға жыныстық қызығушылықты білдіреді. Алайда бізде бұл терминді көбіне тек балаларға ғана емес, жалпы кәмелетке толмаған балаларға жыныстық әрекеттер жасаған адамдарға да қолданады. Педофилия – 12-14 жасқа дейінгі балаларға жыныстық қызығушылық. Бұл құбылысты зерттей келе, педофилия ауру деп қорытынды жасауға болады. Алайда бұл аурудың нақты неден туындайтыны толықтай зерттелмеген. Кей жағдайда ол генетика арқылы берілуі мүмкін, кей жағдайда жүре келе пайда болады, бірақ көп жағдайда педофилдердің өздері балалық шағында зорлық-зомбылық көрген, сондықтан дәл сондай әрекетке өздері де барып жатады. Негізінен педофилия 18 жасқа толғанда өзінен кіші балаларға құмартушылықтың артуымен пайда болуы мүмкін. Тіпті егде жасқа жеткенде де осындай ауытқулар байқалады. Педофилдердің көпшілігі – ер адамдар, арасында әйелдер де болуы мүмкін. Олардың назарын ұлдар да, қыздар да аудара алады. Педофилдер бір жыныстағы балаларға қарағанда, қарама-қарсы жыныстағы балаларға құмар болады. Көп жағдайларда жәбірленуші балалар педофилмен таныс болып шығады, ол отбасының мүшесі, өгей әкесі немесе танысы, туысы бола алады.

– Педофилді қалай анықтауға болады? Яғни белгілі бір іс-әрекеті, қимыл-қозғалысы арқылы дегендей…

– Педофилдің нақты бір белгілері жоқ. Ол көрші, таныс, туыс, сирек жағдайларда бейтаныс адам болуы мүмкін. Олар қарапайым адамдарға ұқсайды және сіздің ортаңызда бола алады. Мінезі көбінесе тұйықтау келуі мүмкін, өздерінің қызығушылығын, ойын барынша жасыруға тырысады. Мұндай адамдардың ішінде үлкен арпалыс болады, өйткені олар өз ойы мен қалауына қарсы шыға алмай, осы іске барайын ба, жоқ па деген ой мазалайды. Алайда тек қиялдары бар адамдар мен оны жүзеге асыратындардың айырмашылығы жер мен көктей, дегенмен қиялдан іске өтіп кету шегі кішкентай ғана. Сондай-ақ педофилдің балалармен қарым-қатынаста өте қамқор екенін, баламен физикалық байланыста болуға тырысатынын атап өткен жөн. Ол балаларды еркелету, үнемі мақтау арқылы сенімге кіріп алады. Көбісі ғаламторда отыруы мүмкін, өйткені ешкім байқамайтын жерде баламен тілдесіп, оны құрбанына айналдыру оңай.

– Ата-аналар баласын қалай қорғауы керек, қандай әрекет етуі керек?

– Ата-ана үшін басты мақсат – педофилді анықтау емес, баласына бас-көз болу. Өйткені егер ата-ана өзінің баласымен тығыз қарым-қатынаста болса, бала өзінің ата-анасына толықтай сенім білдірсе, қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады. Егер де балаға жүйелі түрде назар аудармай, оның не істеп, не қойғанын, қандай адаммен сөйлесіп жүргенінен бейхабар болсаңыз, соңы жақсылыққа апармайды. Балалар өзіне сенімсіз болғандықтан, бейтаныс адамға «жоқ» деп айта алмай, оның жетегінде кетіп жатады. Кей жағдайларда педофилдер баланы қорқыту арқылы жылдар бойы қорлауы да мүмкін. Сондықтан баланы тыңдай білу керек, өйткені бала ата-анам жазалайды деген оймен бәрін жасырын ұстауы мүмкін. Зорлықшылардың барлығы дерлік – жұмыссыз, маскүнем, ұрыс-төбелеске бейім, көбіне бұған дейін түрмеде отырып шыққандар.

«ҚР Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы» республикалық МҚК Жамбыл облысы бойынша сот сараптамалы институтының аға сот сарапшысы, психолог Гүлім Әлиханқызы өзінің жұмыс барысында кездескен оқиғалармен де бөлісті. Маманның айтуынша, психологтар педофилияның шынайы және алмастырушы түрі бар деп түсіндіреді. Біріншісі – адамның тек балалармен ғана жыныстық қатынас жасауға деген құштарлығы. Екіншісі – ер адам жыныстық қатынас жасайтын серігін баламен алмастыратын жағдай. Бізде тіркелген жағдайлардың басым бөлігінде зорлықшылардың тұрақты төсектес серігі – әйелі, көңілдесі бар. Олар әйелдермен қатынасынан қанағат таппай, порнография көріп алып, сексуал құштарлығын қоздырып барып, балаларға назар аударады екен.
Педофилия дертінің өршіп кетуіне тағы бір себеп – аналар еш ойланбастан балаларын мүлде бөтен адамдарға сеніп тапсыра салады, алыс ағайындарының үйіне жібере береді немесе өгей әкесімен азаннан кешке дейін жалғыз қалдырып, өздері жұмыс істейді.

– Шыны керек, мен жұмысқа тұрған алғашқы жылдары мұндай жағдайлар жылдап бір кездесетін. Ал қазір айына 4-5 оқиға тіркеледі. Тіпті жағаңды ұстайтын жайттар көп. Мәселен, біздің тәжірибеде 2,5 жасар қызды зорлаған азғын ұсталған. Бүгінде серіктесі бола тұра, өгей қыздарын қорқытып, үркітіп зорлап келген жандар қаншама. Ең өкініштісі, көбі бостандықта жүр. Неге десеңіз, зорланған баламен алдымен біздер жұмыс істейміз. 15 жасар қызды өгей әкесі зорлап, бірнеше жыл жасырып келген. Қылмыскердің қылмысы әшкере болғаннан кейін ол қыз маған барлығын айтып берді. Ал сот отырысында арызын өзгертіп, қылмыскер жазасын алмады. Неге десеңіз, қыздың туған анасы мен өгей әкесі қызды барынша көндіріп, арызын өзгертуге «күш жұмсаған». Көбінде туған аналары тіпті қыздарын кінәлап, болған жайтты жылы жауып қоятын жағдай көп. Ал бірде туған әкесі жарының ауруханада жатқанын пайдаланып, өз қызын қорлаған. Қыз бірден анасына қоңырау шалып, полиция қызметкерлері келіп, әкесін барлық қатаң жаза бойынша соттатқан. Мұндай жағдайлар да кездеседі, бірақ ол кезде бауырларының сөзін сөйлейтін туған-туыс ортаға түсіп, үлкен айқай-шу болады. Бірде 8 жасар қыз өзінің сіңілісін оқуға апарып келе жатып, саябақтан өтіп бара жатқанда маскүнемге жолығып, ол оны талдардың арасында зорлап кетеді. Бұл жағдайды барлық мектеп оқушылары мен ата-ана естиді. Тіпті сол қыздың өзіне сол жағдай туралы сұрап жазған сыныптас-тары да болады. Содан бұл қыз мектепке бармайды. Бұл жайтты естігеннен кейін мен қызбен кездесіп, мән-жайды біліп, жетім қыздың тағдырына араша түсіп, мектебін ауыстыруға, онымен психологиялық жұмыс жасауға тырыстым. Бұл тек бір тағдыр. Кішкентай қыздар өздерінің зорланғаны туралы көбінде терең түсіне бермейді. Олар сексуалдық зомбылықтың не екенін де білмейді. Ал есін біліп қалған 13-16 жасар қыздардың болашағына қатты алаңдаймын. Өйткені олардың алдағы өмірі қалпына келу үшін арнайы сала мамандары тереңнен жұмыс істеп, ол «травманы» жазу керек. Ал көбінде ондай жағдайға тап болғандардың болашағына балта шабылып, кейбірі жеңіл жүріске, бірі өзіне-өзі қол салумен аяқталып жатқан жағдайларды да естіп, көріп жүрміз. Азғындық ауылды жерде көп болады. Тіпті отбасы бар жас ер адам көшедегі балаларды компьютер ойындарымен алдап, үйіне шақырып, «моншаға бірге түсейік» деп алдап, өзінің «ісін» бітірген. Ал ер бала үшін бұл да үлкен соққы. Қорлық көрген 8 жасар ұл бала ағасына шағымданып, көршісінің іс-әрекеттерін айтады. Ағасы оны анасына айтып, әйел істі сотқа жеткізді. Алайда көп аналар «жұрт біліп қойса ұят болады» деп шу шығарғысы келмейді. Ондай сәтте олар өз балаларының жағдайын мүлде ойламайды, – дейді психолог Гүлім Жамбекова.

Сонымен қатар психологтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңға қатысты өз ойын сұрағанда: «Мен бұл заңның қабылданғанын қалаймын. Әрине, әлі толықтырулар мен өзгерістер енгізілуде. Бірақ азғындаушылар барынша қатаң жазаланса… Менің Америкада таныстарым көп. Солармен әңгімелесу барысында онда бұл заңның қатаң екенін білдім. Балаң жыласа да, тіпті көлікте жалғыз қараусыз қалса да, көршілер «911» қызметкерлерін шақырып, мән-жайды анықтай алады. Олар келіп, үйді тексеріп, тіпті тоңазытқышыңа дейін ашып қарауға құқылы. Сондай-ақ көшеде сіз танымайтын баланың қасына жолай алмайсыз. Өйткені сізді сырттан біреу көрсе, құқық қорғау органдарын шақырады. Шыны керек, мұндай қатал заң бар кезде тәртіп те болады. Меніңше, мектеп, ювеналды сот, полиция қызметкерлері бірігіп өз қарамағындағы тұрмысы төмен, өгей әке-шешемен тұратын отбасының үйіне жиі барып, тексеріп, мамандар кәдімгідей жұмыс істеуі керек. «Для галочки» емес, психологтар мектептегі балалармен байланысты нығайтса, қоғамда зорлық-зомбылық та азаяр ма еді?! Бірақ бұл тұста отбасындағы жағдай да қатаң ескерілу керек. Түптің түбінде бала үшін ата-ана жауапты екенін ұмытпауымыз тиіс», – деді.

P.S. Елімізде балаға көрсетілетін зорлық-зомбылық пен педофилдер тарапынан жасалатын қылмыстарға қатысты мысалды көптеп келтіруге болады. Өзекті өртейтін де – осы. Әсіресе, пандемияға байланысты сабағына бармай ұстаздың да, ата-ананың да қадағалауынсыз қалған, аула-аулада улап-шулап жүрген балаларды көргенде, ойға бататын болдық. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Індеттен қорғаймыз деп жүріп, баланы жүзі қараның құрығына іліндіріп алмасақ жарар еді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.