Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Б. Адамбаев көшесінің тұрғындарымен кездесті. Бүгінде мұндағы жұртшылықты осы аумақтағы үйлерді сүру мәселесі алаңдатады.
Кеңірек тоқталсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 ақпандағы №104 қаулысының негізінде бекітілген Тараз қаласының Бас жоспарына сәйкес және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын іске асыру мақсатында, Тараз қаласы, Байзақ батыр және Адамбаев көшесінің қиылысынан бастап, Қылышбай ақын көшесіне дейінгі аралықтағы 123 жеке меншік құқығындағы жер учаскелері мен өзге де жылжымайтын мүліктерге орта қабатты көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын салу үшін мемлекет мұқтажына мәжбүрлеп иеліктен қайтару туралы Тараз қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 1 наурыздағы №823 қаулысы қабылданған болатын. 2021 жылғы тәуелсіз бағалаушы «Бағалау және Сараптама» ЖШС жүргізген бағалау нәтижесі бойынша жалпы жер учаскесінің көлемі 6,10 гектарды құрайтын 109 нысанды мемлекетке қайтаруға қажет қаражат 3,2 миллиард теңгені құраған. Жергілікті атқарушы орган тарапынан республикалық бюджеттен қаражат бөлуге бюджеттік өтінімдер жолданғанымен бұл қаражат бөлінбеген.
Сол себепті Тараз қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 8 маусымдағы №3159 қаулысымен «Тараз қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 1 наурыздағы №823 қаулысының күші жойылды деп тану туралы» қаулысы қабылданды.
Осылайша, қазіргі таңда жер учаскелерінен барлық ауыртпалық алынып тасталып, тұрғындардың өз иелігіндегі жер учаскелерін заң талабына сәйкес пайдалануға құқықтары шектелмеген. Осыған орай тұрғындар тарапынан түрлі сұрақтар туындауда.
Басқосу барысында шаһар басшысы бүгінгі күні бұл аумақта мемлекеттік мұқтажы үшін жер телімдерін алып қою, қалыптасқан ғимараттарды бұзу жұмыстары Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан жоспарланбағанын баса айтты.
– Үкімет Қаулысымен бекітілген қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарына сәйкес шаһардың тарихи келбетін сақтауға ерекше мән беріліп отыр. Осыған байланысты бұл аумақтағы үйлер сүрілмейді. Демек, аумақтың әрбір тұрғыны өз иелігіндегі жер телімдерін құқықтық құжаттарында белгіленген нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға құқылы. Сондықтан тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Алайда, жеке инвесторлор аталған аумақта құрылыс жұмыстарын жүргізгісі келсе, оған шектеу қойылмайды. Дегенмен, 5 қабаттан жоғары тұрғын үй кешенін салуға тыйым салынады.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл осы аумақтың инфрақұрылымын жақсарту жоспарлануда. Айталық, Қылышбай ақын, Павлов, Адамбаев, Артем, Ақмола көшелерін бұрылыстарымен бірге орташа жөндеу көзделуде. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру да басты назарымызда, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Кездесуде тұрғындар тарапынан қоқыс тазалау, кәріз жүйесін тарту, қаңғыбас иттерді аулау сынды маңызды мәселелер де көтерілді.