Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адам құқығы – басты назарда

0 181

Адам құқығын қорғауда үкіметтік емес ұйымдардың маңызы орасан зор. Өңірдегі «Отандастар», «Болашақ», «Аналар кеңесі» сынды бірқатар қоғамдық бірлестіктер 10 жылдан бері полиция органдарымен бірлесіп жұмыс істеп келеді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Тараздағы Достық үйінде аталған үкіметтік емес ұйым басшыларының қатысуымен «Адам құқықтарын қорғау үшін үкіметтік емес ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің ішкі істер органдарымен өзара әрекеттестігі: тәжірибе, мәселелер, шешімдер» тақырыбында конференция өтті. Жамбыл облысы бойынша жергілікті полиция қызметі басқармасы ұйымдастырған басқосуға «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Ақсақалдар кеңесі», «Ақ желкен» лигасы сынды 10-нан аса қоғамдық бірлестіктің басшылары қатысты. Қазақстанда үкіметтік емес сектордың дамуы демократиялық, зайырлы мемлекеттің құрылуымен қатар жүрген процесс болып табылады. Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасында әлеуметтік саясат жүргізудегі қарым-қатынастардың жаңа моделін қалыптастыру. Бұл ретте құқық қорғау органдары да уақыт ағымына ілесіп үкіметтік емес ұйымдарды назардан тыс қалдырған емес. Жиын барысында құқық қорғау мекемелерінің түрлі қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқарған жұмыстары ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғау мен жалпы қылмыстық профилактикалық шараларға оң әсер беретіні кеңінен айтылды. Конференция Жамбыл облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Серік Жүнісбековтің алғы сөзімен ашылды.

– Бүгінде полиция органдарына бұқара халықтан сауатты түрде түсетін ұсыныстар мен өтініштердің саны артып келеді. Бұл құқықтық сауаттылықты арттыру, түрлі қылмыстық оқиғалардың алдын алу шараларының нәтижесі деп білеміз. Мұндай сипаттағы үлкен істердің барлығы – үкіметтік емес ұйымдардың қоғам үшін білек сыбана атқарған жұмыстарының көрсеткіші. Бұрынырақ, әйелдер тұрмыстық жағдайда жылдар бойы жәбір көріп жүргенін жасыратын. Бүгінде олар көрген қиыншылықтарын тиісті мекемелерге келіп баяндап, ашық түрде арызданатын болды. Өз кезегінде мұндай факторлар қылмысқа бейім, отбасы мүшелері үшін қауіпті кейбір азаматтарды қоғамнан оқшауландырып, оларға тиісті көмектер көрсетуге жол ашады. Әйелдер құқығын қорғау бөлімінің мамандары үкіметтік емес ұйымдардың ресурстық қолдауын пайдалана отырып жұмыс істеу үшін жыл сайын меморандумға қол қояды. Бұл үрдіс түрлі тұрмыстық деңгейдегі қылмыстардың алдын алып, жанұядағы берекені сақтап қалуға септігін тигізуде. Мұндай көрсеткіштерге қарамастан, қазіргі таңда полиция органдары қызметінде тұрмыстық зорлық фактілерін азайту бойынша жаңа жұмыс жүйесін құру қажеттілігі артып отыр. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдеріндегі үлкен мәселелердің бірі. Жаңа жүйе құру жолында да біз міндетті түрде үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне жүгінеміз, – деді Серік Тұрсыналыұлы.

Сөз алған келесі баяндамашы Жамбыл облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықова көпшілікке «Бастау» жұмыс тобының атқарған шаралары туралы айтып берді.

– Өткен жылдан бері Жамбыл облыстық сотында «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске асырылып келеді. Жоба аясында өңірдегі бірнеше мекеме бірлесіп, «Бастау» жұмыс тобын құрды. Аталған жұмыс тобы ағымдағы жылдың ақпан айында Жамбыл облысы әкімінің №48 өкімімен құрылған. Ондағы мақсат – шаңырағы шайқалғалы тұрған отбасын сақтап қалып, жұптардың жарасып кетуіне ықпал ету. Жұмыс тобы жанұяны сақтап қалумен қатар, олардың ажырасудағы себеп-салдарына үңіледі. Осы арқылы жұбайларға дұрыс жол сілтеп, кеңестерін береді. Тіпті жұмыссыз жұптардың екі қолға бір күрек табуына, жас аналардың арнаулы білім алуына, қысқа мерзімде мамандық игеруіне ықпал етіп, мүмкіндік жасайды, – деді Бақыт Саухымбекқызы.

Жиын барысында облыста әлеуметтік қызметтер ұсынатын дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалымбекова өзі басқаратын мекеменің жұмысы туралы баяндап өтсе, Аналар кеңесінің басшысы Мухаббат Миражапова құқық қорғау органдарымен бірлесіп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара қызмет етіп, жеткен жетістіктерін ортаға салды. Ал «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Убайдуллаева қоғамдық конфессиялармен жұмыс істеуде полиция органдарының атқарған шараларына тоқталды.

Басқосудың қорытынды бөлімінде сала мамандары мен үкіметтік емес ұйым басшыларына конференцияға қатысушылар тарапынан түрлі сауалдар қойылып, пікірталас жүргізілді. Қорытынды бөлімде аталған ұйым басшыларына ішкі істер органдарына көрсеткен қолдаулары үшін облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиевтің арнайы Алғыс хаты табысталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.