Қалалық қоғамдық-саяси газет

Адалдық пен адамдық – егіз ұғым

0 437

Тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың тиімді әдістерінің бірі – өскелең ұрпақпен, атап айтқанда, мектеп жасындағы балалармен және студенттермен жұмыс жүргізу.

Осыған орай Тараз қаласының №12 гимназия-мектебінің оқушыларымен және ұстаздарымен кезекті кездесу өтті. Басқосудың басты баяндамашы Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша департаменті Превенция басқармасының бас маманы Гүлназ Бақытжанқызы болды.
Кездесу барысында сапалы білім мен тәлім-тәрбие, адалдық қасиеттерін бойға терең сіңірудің маңыздылығы туралы айтылды. Спикерлер өз өмір тәжірибелерімен бөлісіп, жетістікке жетудің негізгі қағидаттары адалдық, әділдік, парасаттылық сияқты құндылықтардан тұратынын жеткізді.
Мектеп басшылығының айтуынша, «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубының іс-шаралары ұйымдастырылу аясында рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбие беру мектеп ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
– «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары аясында түрлі тақырыптық іс-шараларды өткізу арқылы жас тараздықтардың сыбайлас жемқорлықпен күреске белсене араласуы еліміздегі сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуға түрткі болатыны сөзсіз, – деп атап өтті Гүлназ Бақытжанқызы жиында.
Білім ошағындағы еріктілер клубының мүшесі Адал есімді 8-сынып оқушысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілімен әңгімеге белсене араласып, құрдастарымен ой бөлісті.
Шара соңында оқушылар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға тиісті жауаптар беріліп, бейнероликтер көрсетілді.
Дәл осындай кездесу Жамбыл жоғары медициналық колледжінде ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аясында «Адалдық жүрген жерде адамдық жүреді» тақырыбына арналған басқосу оқытушылар мен студенттерді өз ісіне жауапкершілікпен адал қарауға баулу, бойында жемқорлыққа қарсы иммунитетті күшейту, патриотизмге тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға үйрету, білім беру, денсаулық сақтау саласы мамандарына лайық қасиеттерді ұғындыруға бағытталды.
Өз кезегінде Превенция басқармасының бас маманы Гүлназ Бақытжанқызы мемлекеттік сектор субъектілеріне комплаенс-қызметтерді енгізу, оны жетілдіру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар бойынша департамент тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, заңнамаға енгізілген өзгерістер мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдама» бойынша баяндама жасады.
Сонымен қатар білім алумен қатар жастардың бойында құқықтық сауаттылықты арттырып, адалдық, әділдік қағидаттарын кеңінен насихаттаудың маңыздылығына ерекше назар аудару қажеттігі туралы айтты.
Шара соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.
Лаура АБАЙҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.