Қалалық қоғамдық-саяси газет

Абзал жандар ардақталды

0 404

«Баласағұн» ОКЗ-да Медицина қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзаxметов алғашқы болып сөз алып, денсаулық сақшыларына ізгі тілегін білдірді. Облыс басшысы медицина адам өміріндегі ең құрметті салалардың бірі екендігін айтып, ақ халатты абзал жандардың ісіне сәттілік тіледі.
– Барша ақ халатты жандарды осынау мерекесімен құттықтай отырып, денсаулықтарыңыз зор, адамзат игілігі үшін атқарған әрбір істеріңіз берекелі болсын дегіміз келеді. Былтыр алғашқы медициналық көмек көрсетуге қатысты 39 нысан пайдалануға берілсе, биыл 65 нысанды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы медициналық қызмет көрсететін көліктердің саны 27 болса, биыл 44 көлік алынғалы жатыр. Медицина саласының маңыздылығын ескере отырып, Үкімет тарапынан жылдан-жылға осы салаға көңіл бөлу де артып келеді. Медицина қызметкерлерінің адам өміріндегі рөлі орасан, – деп тілек білдірді облыс басшысы Асқар Мырзахметов.
Салтанатты кеш барысында Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласына көп жылдар бойы үлес қосып, медицинаның дамуына еңбегі сіңген дәрігер ардагерлер Сейтхан Жошыбаев, Төленбек Сәуірбаев ізгі ниетін білдіріп, сөз алды.
– «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деп қазақ бекер айтпаған. Денсаулықтан өзгенің барлығын сатып алуға болады. Әлеуметтік желі арқылы алысты жақын етіп, ақпарат алмасуымызға көп игілігі артып отыр. Кардиохирургия медицина саласының визиттік картасы болып саналады. Осы орайда, жүрекке ота жасайтын орталығы бар аймақ өніп, дамыған жер деп айта аламыз. Қазір біздің барлық аймақтарда кардиохирургиялық орталықтар ашылу қолға алынды. Бүгінгі өз облысымызда медицина саласында аппараттардың барлығымен қамтылғаны көңіл қуантады. Енді осы барды бағалап, еңбек ету – біздің міндетіміз. Барлық әріптестерімді осы айтулы мерекесімен құттықтап, ең аяулы армандарының орындалуына тілектестігімді білдіремін, – деді Тараз қаласындағы Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры Сейтхан Жошыбаев.
Өңір медицинасының дамуына еңбегі сіңген дәрігерлер мен сала қызметкерлеріне Құрмет грамоталар мен арнайы төсбелгілер табысталды. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының онколог дәрігері Жұлдыз Байманасова, «Садыхан» облыстық кеңес беру және диагностикалау медицина орталығының невропатолог дәрігері Өлмескүл Өмірбекова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Сарысу аудандық орталық аурухана мейірбикесі Тұрсынкүл Бекболатова, Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы санитариялық авиациясы бөлімшесінің аға фельдшері Сахыт Бақбергенов, Қордай аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Арчил Ганиев, №1 қалалық ауруханасының гинекология бөлімшесінің меңгерушісі Рымкеш Қошқарова марапатталды. Сонымен қатар «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен денсаулық сақтау саласының ардагерлері Сағындық Ордабеков және Кенжехан Бекқұлиев, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасына №2 қалалық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Жанар Сатыбекова, Жамбыл облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігері Талғат Шымырбаев, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хатымен облыстық тері-венерологиялық диспансерінің бөлімше меңгерушісі Аида Раймқұлова, облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр дәрігері Бағила Төлегенова, облыстық балалар ауруханасының хирург дәрігері Иван Мойсюк ие болды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.