Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Абырой асқарындағы Асқарбек

Ардагер журналистің бенефис кеші өтті

0 441

«Достық үйінде» Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ардагер журналист, мәдениет майталманы Асқарбек Сейілханның мерейлі 75 жасқа толуына орай «Шер-ағаның шекпенінен шықпасам да…» атты бенефис кеші мен кітабының таныстырылымы өтті.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның шымылдығы кеш кейіпкерінің орындауындағы монологпен басталды. Әрі қарай А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актерлары өнер иесінің сомдаған образдарынан сахналық қойылым көрсетті.
Келесі кезекте Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов мерейтой иесін кітабының жарық көруімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Асқарбек Ақылшаұлы – саналы ғұмырын тек өңіріміздің ғана емес, еліміздің мәдениет, әдебиет, ақпарат саласының дамуына арнап келе жатқан арда азамат. Әлі де алда алар асуыңыз бар деп сенемін. «Шер-ағаның шекпенінен шықпасам да…» деп өзіңіз айтқандай, болашақта «Асқарбектің шекпенінен шыққанбыз» деп мақтанатын азаматтардың қарасы көп болары анық. Осы ретте ерекше бір жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Ол – биыл өңірде жастар театрының ашылатыны. Бұл да Ас-ағаның ұзақ жылдан бері көтеріп жүрген мәселесінің бірі еді, – деген Серік Жақсылықұлы облыс әкімінің Құрмет грамотасын табыстады
Сонымен қатар Алматы қаласынан арнайы келген қазақ киносы мен театр өнерінің ардагері, Қазақстанның халық артисі Тұңғышбай Жаманқұлов та замандас досына ақжарма тілегін арнап, сый-сияпатын ұсынды.
Өз кезегінде Асқарбек Ақылшаұлы төл туындысын өскелең жас ұрпаққа табыстап, кештің мерейін асырған көрермен қауымға шынайы алғысын білдірді.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.