Қалалық қоғамдық-саяси газет

Билігі мықты елдің – тірлігі құтты

0 510

Бүгінде мемлекеттік қызметті мінсіз ету үшін аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Мемлекеттік қызмет – азаматтардың мемлекеттік органдар мен оның аппараттарындағы кәсіптік қызметі.

Арайлым Бақытжанқызы

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған Ұлт жоспарындағы «Кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру» бағытының меритократиялық ұстанымы, яғни «төменнен жоғарыға» өсу баспалдығының енгізілуі жастардың сенімін арттырғаны сөзсіз. Кез келген азамат өзінің іскерлік қабілетін, парасат-пайымын танытуы арқылы болашағын қалыптастырады. Ең бастысы, құлшыныс, туған елге, туған жерге қалтқысыз қызмет етуге шынайы ниет болуы қажет. Ел мүддесі, халық игілігі бәрінен жоғары тұрғанда ғана нәтижелі жұмыс болады. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы іспетті. Оның ар-ожданы биік, әділетті, ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды.
Қазіргі таңда облысымызда бес мыңнан аса мемлекеттік қызметкер еңбек етуде. Оның ішінде жергілікті атқарушы органда – 2848, ал орталық атқарушы органда 2122 қызметкер жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметте нәтижелі жұмыс атқарып, жаңадан келген жастарға үлгі көрсететін тәжірибелі әріптестеріміз баршылық. Ел игілігі үшін аянбай қызмет етіп, көпшіліктің алғысына бөленіп, мемлекеттік наградаларға қол жеткізіп жатқандар саны жыл санап артуда. Өз ісіне адал мемлекеттік қызметкердің бірі – Жеңіс Пәрімбеков. Бүгінде Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы қызметін атқарып отырған Жеңіс Қуанышұлымен мереке қарсаңында әңгімелесіп, қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметі туралы білген едік.

Сарысу ауданының тумасы, экономист-заңгер мамандығын тәмамдаған Жеңіс Қуанышұлы алғаш еңбек жолын 1993 жылы салық инспекторы болып бастаған. Түрлі қызметті тізгіндеген кейіпкеріміздің мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі – 25 жыл. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бірнеше жыл қатарынан Тараз қалалық аумақтық сайлау комиссиясын басқарған. «Мемлекеттік қызметкер деген биік атқа ие болу және сол сенімді абыроймен ұстап өту – әр қызметкердің басты мақсаты және міндеті» – дейді Жеңіс Пәрімбеков.

– «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді Алаш арысы Әлихан Бөкейхан. Қандай болғанда да, қызметкер әдеп нормаларын сақтауға қалыптасуы, Әдеп кодексін оқып, өзін-өзі үйретуі, өзгеден үйренуі және өзгені үйретуі керек. Оның өзге адамдардан білімі, мәдениеті бір табан жоғары болуы тиіс. Ізденісте болса ғана халық алдында абыройлы, сенімге ие болады. Мемлекеттік қызметкер қоғам мен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастың барометрі секілді. Халықтың мұң-мұқтажын зерделеп, еліміздің жүргізіп отырған саясатын халыққа насихаттап, қоғаммен қарым-қатынас жасауда белсенді болу керек. Сан түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен стратегияларды, ұлт жоспарын, жергілікті атқарушы орган қойған мақсат-міндеттерді іске асырушы – мемлекеттік қызметкер. Еліміздің абыройы іспетті мамандықтың өз қиындығы мен қызығы қатар жүретіні сөзсіз. Өздеріңіз білетіндей, еліміз төтенше жағдайды бастан кешіріп, әлі күнге дейін карантин режимінде. Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік қызметкерлер де алдыңғы шепке шығып, арнайы қойылған блок-бекеттерде екі ауысым бойынша кезекшілікке тұрды. Таң сәріден кешке дейін, кештен таңға дейін демалыссыз жұмыс істеген қызметкерлер аяқтарынан тік тұрып, індеттің алдын алуға өз үлестерін қосты. Ал бүгінгідей карантин режимінде әртүрлі саланың қызметкерлері санитарлық нормалардың қала бойынша сақталуына да ден қойып, қолдарынан келгенше жұмыс жасап жүр. Жалпы әр қызметкер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, өзіне артылған міндетті абыроймен атқаруда. Бұл – мемлекеттік қызметкерге қойылатын басты талап, – дейді Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Қуанышұлы.

Өз саласында 25 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Жеңіс Пәрімбеков 2015 жылы «Ең үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен марапатталған және де әр жылдары түрлі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды қанжығасына байлаған. Бұл – адал еңбектің әділ бағасы. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, бүгінде бірнеше шәкірт тәрбиелеген бөлім басшысының шәкірттері облыстың әртүрлі қызметтерінде қызмет атқарады екен. Қауырт жұмыспен қатар ол өнегелі отбасының қамқоршысы, төрт перзенттің әкесі.

Мереке қарсаңында қаланың ғана емес, облыстың келбетін жаңартып, сәулет пен қала құрылысының дамуына өз үлесін қосып жүрген Жамбыл облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешовтің де мемлекеттік қызметке қалай келгендігін білген едік.

Арман Әшімбекұлы қызметтік мансабын жобалау институтынан бастаған. Ол сол мекемеде І санаттағы инженер-жобалаушы болып, директорлық қызметке дейін көтеріліпті. Сол уақыттан бастап мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы артқан басқарма басшысы жан-жаққа түйіндемесін жіберіпті.

– Шыны керек, мемлекеттік қызметке қызығушылығым алғаш еңбек жолымды бастағаннан оянды. Жан-жақты зерделеп, Оңтүстік Қазақстан облысы сәулет және қала құрылысы басқармасына түйіндеме алып барып, жұмысқа сұранып, жеке еңбек шартымен инструктор қызметіне кірістім. Бір жыл өтпей аталған мекеменің бас маманы болып мемлекеттік қызметке тағайындалып, одан кейін бөлім басшысына дейін көтерілдім. Арада біршама уақыт шығармашылыққа көңіл бөліп, қызметтен кеткен болатынмын. Бірақ абыройлы, жауапкершілігі мол мемлекеттік қызметке қайта келдім. Бүгінгі қызметім аса жауапкершілік пен шығармашылықты талап етеді. Сәулет саласында облыс, қала, аудан орталықтарының архитектуралық келбетін жақсарту, дамыту және өз қолымызбен туындыларды жасау барысында қатаң тәртіп пен талап керек. Ал мемлекеттік қызметкерге қойылатын басты талап осы қасиеттер болғандықтан, салада жұмыс жасау мен үшін қуаныш сыйлайды. Әрине, қиындықсыз жұмыс жоқ. Біздің салада ең қиыны, заман талабына сай дизайнды конструктивті етіп жасайды. Ал құрылыс барысында ол дизайн келмей қалу жағдайлары да кездеседі. Сол кезде тез әрекет етіп, өзгеріс жасап, құрылыстың тоқтап қалмауына жол бермеу қажет. Жалпы біздің сала – креативтілік пен шығармашылықтың шыңдалып, тоғысатын жері, – дейді Арман Әшімбекұлы.

Мемлекеттік қызметке келгеніне 8 жыл енді болса да Арман Әбдешов талай биіктерді бағындырып, өз саласында көптеген марапат төрінен көрінген.

Баршаға белгілі Бес институционалдық реформаның бірінші бағыты «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» деп аталады. Расында да, тәуелсіз жас мемлекетіміз әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселесі ең өзекті деуге болады. Қазіргі таңда осы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруда ең бірінші кезекте мемлекеттік қызметті дамытуға көңіл бөлініп отыр. Бұл еліміздің мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, ең ақыры, жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуына деген салмақты саясаттың нәтижесі болатыны сөзсіз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.