Қалалық қоғамдық-саяси газет

Абайды оқы, таңырқа!

0 301

Қазақ поэзиясының алыбы Абайдың 175 жылдығына орай Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Абайды оқы, таңырқа!» атты кеш өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Шараға абайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мекемтас Мырзахметов, жазушы-драматург Елен Әлімжан, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Жаратылыстану мамандықтары» кафедрасының профессоры Абдулла Жамбыл, ТарМПУ Бауыржантану ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері Әлімбай Найзабаев қатысты. Жиынды Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы-ғалым Рахат Саламатова жүргізді. Алғашқы кіріспе сөзді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев алып, қазақ әдебиетінде өшпес мұра қалдырған ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығы жайында сөз қозғады. Одан кейін абайтанушы-ғалым Мекемтас Мырзахметов сөз алып, бала Абайдан дана Абайға айналған ұлы классик туралы әңгіме өрбітті.
– Әлем қазақтың ұлы ақынын алғаш Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы білді. Кейін ақынның шығармалары араб, ағылшын, орыс, қытай тілдеріне аударыла бастады. Бірақ Абай ұлттық ақын болғандықтан, оны кез келген ақын аудара алмайды. Ұлттық ақынды түсіну үшін тілді, халықтың рухани табиғатын түсіну, оны терең ұғыну шарт. Абайды жаңа дүние тұрғысынан насихаттау дәуірі басталып келеді. Абайдың өлеңдерін оқып, шығармаларын жүрегіне түйіп өскен ұрпақтың болашағы жарқын болады, – деді Мекемтас Мырзахметов.
Кеш барысында жас буын ұлы ақынның поэзиясына тоқталды. ТарМПУ «Қазақ тілі және әдебиет» мамандығының 4-курс студенті Ерлан Нұрланов Абайдың «Сегізаяқ» өлеңін нақышына келтіріп оқыса, ардагер Абдір Уәшев Абайдың дәл сол «Сегізаяқ» өлеңін әнімен айтып, көпшілікті тамсандырды.
– Мен Абай атаның қара сөздерін, өлеңдерін оқып өстім. Анам әдебиет пәнінің мұғалімі болғандықтан, бала күнімізден Абай Құнанбаевтың ұлы ақын екенін түсініп, ол туралы түсірілген фильмдерін де көріп шықтым. Жазушы Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолы» шығармасын да оқыдым. Өзім де өлең жазып, әдебиетші, ақын болғым келеді, – деді кешті тамашалауға келген 9-сынып оқушысы Берікболсын Құрманбаев.
Дана Абайдың құрметіне орай өткен кешке «Құнанбай» киносында әжесі Зеренің рөлін сомдап, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған актриса Нұрсифат Салықова да төрден орын алған еді. Нұрсифат апай өз сөзінде Зеренің шынайы образын жасау арқылы Абайдың әжесі болып фильмге түскенін өзіне мәртебе санайтынын жеткізіп, көпшіліктің ілтипатына бөленді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.