Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Абай тәлімі – ұрпақ тәрбиесінің тұғыры

0 3  042

Бала тәрбиесі туралы сөз қозғағанда ұлы Абайдан артық саралаған ешкім жоқ шығар. Абайдың көзқарасында барлық адамдық ізгіліктің бастауы отбасы тәрбиесінен басталады. Шын мәнінде, баланың мінез-құлқын, бейімділігін тану – үлкен жауапкершілік. Баланы жастайынан өмір жолын тануға, білім мен ғылымға ұмтылуға баулу – ата-ананың ең басты міндеті. Адамдығымызды сақтап қалуда Абай ілімі қай заманда болсын бізге бағыттаушы құрал болып отыр. Өйткені ол шығыс пен батыс ғұламаларының білімін ой елегінен өткізіп, қазақы болмысқа туралап, ықшамдап, жетеңе жеткізе айтқан.

Абайдың еңбектері ішінде ерекше орын алатыны – оның философиялық ой толғамдарының жинағы саналатын қара сөздері. Оның 45 қара сөзінің кемінде 7-8-і тікелей бала тәрбиесіне бағытталып жазылса, қалғандарының көбі жанама түрде адамгершілік, рухани және азаматтық тәрбиеге қатысты. Оның басы 2-ші қара сөзінен бастау алатындай. Онда Абай адам бала болып туғанда екі түрлі мінезбен туатынын айтады. Бірі – жан құмарын, бірі тән құмарын тойдырып, қанағат таптырады дейді. Бірақ ішінде жан құмарын өсіріп, баптаудың маңызына тоқталып, жаны тоқ, рухани бай бала өмірлік жолынан адаспай, өзі үшін де, елі үшін де пайдалы адам болатынын жеткізеді.
Бала тәрбиесіне қатысты қара сөздер легі тізбектеліп келіп, 38-ші қара сөзімен тоқтайды. Мұнда баланың кемелденуі үшін керек нақты әрекеті турасында толғанады. Ол: «Адам адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой деудің бәрі ақымақшылдық», – деп, нағыз адамдық қасиеттердің мәнін айқындап берген.
Бүгінде ата-аналар баласына жан-жақты білім беруге ұмтылады. Бірақ баланы тек біліммен емес, тәрбие мен рухани байлыққа да баулу қажетін ұмытып кеткендей. Ғылым мен білімге ұмтылдыру, табандылыққа, адал еңбек етуге баулу – болашақ тұлғаның іргетасы. Баламен ашық сөйлесу, сенімге негізделген қарым-қатынас орнату – тәрбиенің басты тетігі.
Бала бойындағы бұзақылық, өтірік айту, менмендік секілді жаман қасиеттердің тамыры көбіне отбасынан бастау алады. Егер ата-ана өз ортасында күншілдік пен көре алмаушылық танытса, бала да сол мінезді сіңіреді. Ал мадақпен, жылы сөзбен, мейіріммен өскен бала өзіне сенімді, қайырымды болып қалыптасады.
«Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?» – деп басталатын 10-шы қара сөзі ойлы адамға, әсте, ауыр. Онда бала сүюдің мәніне тоқталып, оның тәлімі мен тәрбиесі отбасынан басталатынын тағы да нақ айтады. «Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кәпір-қияңқы, осыған тимеңдерші!» деп, оны масаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?», – деп бала өсіріп отырған әр отбасыға ой салады. Баланы тапқан соң, оның қу тамағынан бөлек тәлім-тәрбиесі, жауапкершілігі сенің мойныңда дейді. Яғни, дүниеге бала әкелген екенсің, оның адам болып қалыптасуы – сенің міндетің. Өзің дұрыс өнеге бере алмай отырып, балаңнан не күтесің? Алдымен өзіңді түзе, одан балаңның бағытын түзеп, дұрыс тәрбие бер дейді. Ол да бүгінде біздердің көңілге түртіп алар қажетті ақыл деп білген жөн.
Бала тәрбиесі дегеніміз – алдымен оны өз бетінше өмір сүруге бейімдеу, үйрету. Өмірге бейімдеу дегеніміз – баланы тек біліммен емес, өмірдің түрлі жағдайында өз орнын таба білуге, жауапкершілік алуға, қиындыққа мойымай күресуге үйрету. Бүгінде, Шерхан Мұртазаның сөзімен айтқанда, «боркемік» ұрпақ көбейіп бара жатқандай. Қарапайым тұрмыстық өмірден бастап үлкен қоғамдық ортадағы мәдениеті ақсап барады. Сәл нәрсеге ашу шақырып, өз білмегенінен қымсынбай, керісінше кейде оны мәртебе санап, ал қиындықпен бетпе-бет келгенде морт сынып, теріс ағымдардың жетегіне еріп, құмар ойындарға, психотропты дәрілерге, неше түрлі ойындарға тәуелді болып жүр. Бұл – тұтас қоғамды құлдырататын теріс үрдіс. Әдетте мұндай балаларды рухы әлсіздер дейді. Тұрағы мен тіні әлсіз. Жел тұрса, сайдан-сайға домалап кете беретін қаңбақ сияқты. Ондай адамдар мемлекет үшін де қауіпті. Сондықтан да әр отбасы, қоғам ұрпақ тәрбиесіне аса мән беруі керек. Ата-аналар да эгоистік жабайылықтан арылып, үлкендердің тәрбиедегі кемшілігін айтқанда дұрыс қабылдауды да үйренгені жөн. Әйтпесе, ертеңгі күні Абайша айтқанда: «Адам баласын заман өсіреді. Кімде-кім жаман болса, оның замандасы – бәрі кінәлі», – деп, қоғамымызбен үкім арқалап жүрмейік.
Ол үшін баланы, біріншіден, еңбекке баулу керек. Ол – өмірге бейімдеудің ең тиімді жолы. Бала өз еңбегінің нәтижесін сезінген сайын өз-өзіне сенімді бола түседі. Үй шаруасына араласу, кішкентай тапсырмаларды орындау арқылы жауапкершіліктің дәні егіледі.
Екіншіден, қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру. Қазіргі балалардың көбі гаджет арқылы сөйлесуге дағдыланған. Ал тірі әңгімелесуге, өз ойын анық жеткізуге қиналады. Балаға пікірталас мәдениетін, тыңдай білуді, өз ойын сыпайы жеткізуді үйрету – үлкен өмірге бейімдеудің басты бөлігі.
Үшіншіден, қаржылық және эмоционалды сауаттылықты дамыту қажет. Ақшаның құнын, еңбектің бағасын түсіндіру, өз эмоциясын басқара білуді үйрету – болашақта кездесетін өмір сынақтарына дайын болудың кепілі.
Жеке шешім қабылдау қабілетін дамыту да маңызды. Баланы әр нәрседе шектен тыс қорғап, шешім қабылдауға жол бермеу – оның өмірге бейімделуіне кедергі. Кішкентай кезінен өз таңдауы үшін жауап беруді үйренген бала ертеңгі күні де сенімді, табанды азамат болып өседі. Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі – осының айғағы.
Қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға қарсы күресіп, шындықтың жаршысы бола білген жазушы Шерхан Мұртаза бір сұхбатында былай деген еді: «Менде қамығу деген болмайды. Жүдеп-жадай беретін болсақ, әлдеқашан су түбіне кетіп қалған болар едік. Менде түрлі қиыншылықтармен күресе білу деген ұғым бар. Боркемік болу – кісі сүйер қылық па?».
Бұл сөздер – қайсарлықтың, рух биіктігінің көрінісі. Адам өмірде қаншама қиындық көрсе де рухын жоғалтпай, күресуге тиіс. Өйткені өзіне ғана пайда іздеген жан ешқашан бақыт таппайды.
Абай мен Шерхан Мұртаза секілді тұлғалардың өмірлік ұстанымы мен тәлімдік ойлары – бүгінгі ұрпаққа бағыт-бағдар болуға тиіс. Бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Сондықтан әр ата-ана өз отбасында адамгершілік пен мейірім дәнін сеуіп, саналы ұрпақ өсіруге күш салуы тиіс.

Фарида МЕТЕРҚҰЛОВА,
Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.