Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақыртас – жұмбақ мекен

0 287

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Ақыртас сарай кешенінде «Ақыртас құпиялары» атты республикалық ғылыми семинар өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жамбыл облысының Жамбыл ауданы аумағында орналасқан орта ғасырлық қазыналы құпияға толы жұмбақ мекенде өткен семинарға елімізден және шет елдерден бірқатар ғалымдар мен Әулиеата өңіріндегі жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Семинардың ашылу салтанатында ҚР Мәдениет қайраткері Тәкен Молдақынов сөз алып, жалпы адамзат баласы үшін тарихын білу ұлы мұрат екенін, сондықтан да Ақыртас сияқты алып кешендердің тарихын тану, әсіресе, жастар үшін тағылымды іс екенін айтып өтті. Ал «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев: «Ақыртас кешені – көне мәдениеттің озық үлгісі. Бұл – тасқа жасырылған тарих. Тарихты білу, оны қадірлеу әрдайым елдіктің көрінісі болмақ» –
деп өз ойын білдірді.

«Ақыртас құпиялары» атты ғылыми жиынды Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина ашып берді. Бұдан кейін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Айман Досымбаева сөз алды. Ал Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD докторы Ералы Ақымбек Ақыртас кешенін 2007 жылдан бері зерттеп келеді екен. Кезінде академик Карл Байпақовтың жетекшілігімен осында зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалым:

– Ақыртас кешені бірнеше бөліктерден тұрады. Сарай маңынан табылған сақ, үйсін дәуірінің обалары біздің заманымызға дейінгі VII-IV ғасырларға жатады. Сонымен қатар Қырғыз Алатауының жиегінде екі керуен сарай бар. Бұл жерден су қоймалары мен екі шатқалдан келетін су құбырлары табылған. Ақыртас сарай кешені жайында айтылар аңыз да көп. Аумағы екі жарым гектар жерді алып жатқан тау бөктеріндегі тарихи нысанды осы күнге дейін еліміздің ғалымдары зерттеп тексеруде. Себебі мұның әлі де ашылмаған құпия сырлары жеткілікті. 1222 жылы Қытай саяхатшысы Чаң Чуң Шыңғыс ханның шақыруымен Бадахшанға бара жатып, Ақыртас және Жетітөбе қорғандарын көреді. Бұл деректер сол атпенен Чаң Чуң жазбаларында кездеседі, – деді өз сөзінде Ералы Ақымбек.

Сондай-ақ ғалым көне кешен туралы Байпақов, Басенов, Пациевич сияқты атақты ғалымдардың да пікірлерін ортаға салды. Одан кейін Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа Әулиеата өңіріндегі Өрнек қалашығы туралы өз ойымен бөлісті. Жалпы тарих тағылымын тану да ұлт рухын көтеретін дүние.

Жиынға қатысушылар кешен жайында мол мәліметтермен таныс болды. Тарихи орын жайындағы түрлі тәмсілдерді тыңдады. Соңыра семинарға қатысушылар тас қалашыққа саяхат жасап, тарихи кешеннің жәдігерлерін аралап қайтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.