Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақындар Қайырбек АСАНОВ пен Күләш АХМЕТОВАҒА

0 341

Ақындар Қайырбек АСАНОВ пен
Күләш АХМЕТОВАҒА

Қабағы ашық, Күн көзіндей шуақты,
Сұлу жігіт ақын қызды ұнатты.
Ақылы мен ажары сай келген соң,
Қосылды олар, бір көрсек деп жұмақты.
Жарты ғасыр жыр тілінде ұғысқан,
Көңілдері көктем сынды гүлстан.
Берекелі шаңыраққа құрметпен,
Жиналады дос-жаран мен туысқан.
Қамшы керек кәдімгідей шабытқа,
Делбе керек арғымақ пен пыраққа.
Асыл жырын сыйлап дархан халқына,
Сай болды олар ақын деген ұлы атқа.
Кеудесіне орнатқандай жанды гүл,
Махаббаттың оты лаулап жанды бір.
Ақын жүрек, екі жүрек сезімтал
Жырлайтыны – өмір атты мәңгі нұр.
Сүйіп тәтті ұл-қызынан немере,
Жүзіп келед тірлік атты кемеде.
Бұтақтары, жапырақтары жайылып,
Кітаптары тұр әр үйде, сөреде.
Бұл ақындар киген кезде жыр тәжін,
Айрықша бір жайқалады гүл қазір.
Поэзия – құс тіліндей құпия,
Өріледі өр сезіммен ұлпа жыр.
Ел тілегі, ел мақсаты, мүддесі –
Жазары да, айтары да күнде осы.
Үйлеріне кіріп-шығып жататын
Парасатты, ойлы жастар – кіл досы.
Жүрегінен үзіп беріп жақұтты,
Бірін-бірі аялаған, бақытты.
Қос ақынға тілеріміз көп болып,
Берсін Алла денсаулық, мол уақытты!

Айша КӨПЖАСАРОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.