Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ағын судың азабы

0 164

Ағымдағы жылы ауа райының жылы болуына байланысты көктемгі дала жұмыстары ертерек басталуда. Бұл орайда дайындық барысындағы мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте жан-жақты айтылды.

Аймақ басшысы болжамды көрсеткіш бойынша биыл да суармалы су мәселесі туындайтынын ескертіп, ол бойынша алдын ала нақты шаралар қабылдау үшін тиісті тапсырмалар берілгендігін атап өтті.
– Мен бұған дейін қоймаларды барынша су қорымен толықтыру, ол үшін канал, арықтарды тазалау, жер асты суларын тиімді пайдалану, ұңғымалар қазу секілді нақты тапсырмалар берген болатынмын. Дегенмен ол тапсырмалар ойдағыдай орындалуда деп айта алмаймыз. Биыл да су мәселесі туындайды. Тауға қар аз түсті. Бұл ретте менің жүктеген міндеттерімнің маңыздылығын айтпасақ та түсінікті. Ылғалды аз қажет ететін дақылдарға көңіл бөліңіздер. Қолда бар суды үнемді, тиімді пайдалану үшін қазірден арнайы кесте әзірлеп, бекіту керек. Қай аудан, қанша жерге, не егеді? Сол бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіңіздер, – деген аймақ басшысы аудандардағы жұмыстарды өзі барып тексеретінін баса айтты. Орынбасарлары мен тиісті басқарма басшыларына да әрбір канал мен қоймалардың, егістік алқаптардың жай-күйін көзбен көруді тапсырды.
Облыс әкімі судың далаға кетпеуін, қазірден жайылым, шабындықтарды суара беру керектігін жеткізді.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов баяндама жасап, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 741,2 мың гектарға орналастыру жоспарланып отырғандығын айтты.
– Судың түсу көлемі және ішкі су көздерінің толу көрсеткіші қажетті деңгейден төмен болған жағдайда 741,1 мың гектардың ішінде суды көп қажет ететін дақылдар суды аз қажет ететін дақылдармен алмастырылатын болады. 179,2 мың суармалы алқапта орналасатын дақылдарға талдау жасалынып, қажетті су көлемі есептелді.
Су жиналу деңгейі өткен жылғыдай болған жағдайда «ҚазСуШар» мекемесінің теңгеріміндегі су қоймалары арқылы 1 млрд 358,0 млн м3 су беру жоспарлануда. Ал бүгінгі күнге төмен деңгейдегі су түсуін ескерсек, 1 млрд 148 млн текше метр сумен қамту көзделуде, – деді Е.Жиенқұлов.

Басқарма басшысының айтуынша, облысымызда орналасқан 106 ішкі кіші су қоймалары және тау сулары арқылы 65,0 млн м3 су жоспарлы түрде беріледі деп күтілуде.
Жер үсті су тапшылығы бар аудандарда, жер асты суының әлеуетін толығымен пайдалану мақсатында ұңғымалар қазу жұмыстары қолға алынған.
Бүгінгі күнге шаруашылықтар тарапынан 182 ұңғыма қазуға өтінім түсіп, ,жұмыстары басталып кетті. Атап айтқанда, жалпы облыс бойынша 86 ұңғыма қазылып, 3,8 мың гектар алқап сумен қамтылды. Қалған 94 ұңғыманы қазу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Ербол Жиенқұлов өңірде көктемгі дала жұмыстары басталғандығын, Байзақ, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында жер жыртылып, арпа егу шаралары қолға алынғандығын атап өтті.
Облыс бойынша механикалық тазалауға жататын ішкі шаруашылық каналдарға зерделеу жүргізілді. Жалпы ұзындығы 478,6 шақырымды құрайтын 122 каналға ақпан және сәуір айлары аралығында канал маңындағы су пайдаланушылармен бірлесіп, асарлатып тазалау жұмыстарын жүргізу жұмыстары жоспар ретінде бекітілген. Бүгінгі күнге ұзындығы 725 шақырымды құрайтын 80 каналда 1,5 мың шаруашылықтар мен қызметкерлер жиналып, тазалау жұмыстарын ұйымдастырды. Жоспарланған тазалау жұмыстары вегетациялық кезеңге дейін толық аяқталатын болады.
– Егістік алқабын кемітуге болмайды, барынша арттыру керек. Мол өнім алу үшін, ең бірінші, тұқымның сапасына, оны талдап-тексеруге көңіл бөліңіздер. Тыңайтқыштарды тиімді пайдалану бойынша жұмыстар нашар орындалуда. Қызылша алқабын да кемітпеуге тиіспіз.
Халықтың негізгі күнкөрісі – жер және мал шаруашылығы. Картоп, қырыққабат, сәбіз бойынша мол өнім алып, өзімізді толығымен қамтуға қол жеткізу қажет. Су үнемдеу технологияларын биыл 50,0 мың гектарға жеткізу бойынша да жұмыстарды ұтымды ұйымдастыру маңызды, – дей келе, облыс әкімі жылыжайлар көлемін арттыруға да қатысты тапсырмалар жүктеді.
Басқосуда аудандарда тұқым инспекторын енгізу, сапалы тұқым мен тыңайтқыштарды мүмкіндігінше пайдалану мәселелері көтерілді.
Облыс әкімі жауапты орынбасарлары мен басқарма, аудан басшыларына бір апта ішінде бүгінге дейін қанша аумақ сумен қамтылғандығы туралы талдау жасап, қорытындысын ұсынуды міндеттеді.
Кеңесте өңірдегі эпидемиологиялық-санитарлық жағдайдың жай-күйі мен КВИ-дің алдын алу мәселелері де қаралды. Облыс «жасыл» аймақта. Аймақ басшысы арқаны кеңге салуға әлі ерте екендігін, ревакцинация бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жиын барысында жұмысы сылбыр басқарма, аудан басшыларынан жауаптар алынды.

Шіркей Аида
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.