Ақын мен батырдың достығы
Б.Момышұлының туғанына – 115 жыл
Бауыржан Момышұлы балалық шағында Шымкенттегі Ахмет Байтұрсынов атындағы (қазіргі Сыпатаев) мектепте оқып, оны 1928 жылы бірге бітірген сыныптас досы Әбділдә Тәжібаев туралы естеліктерінде, кейбір жазбаларында жиі еске алады. Оның ақындық шығармашылығы туралы, кейін ақындық қуаты туралы да өз ой пікірін айтып, жазып отыратыны бар.
Әсіресе, Баукең туған жер, өскен елден жырақ жүрген шақтарда ақын досы Әбділдә Тәжібаевпен жиі хат алмасып отырған. Ол хаттарында Қазақстандағы ақын-жазушылардың шығармашылық еңбектері, олардың әдеби жетістіктері, басқа да жаңалықтар туралы Әбділда Тәжібаевтың хаттары арқылы біліп, танысып, қадағалап отырады. Өзінің болашақтағы жоспарларымен де пікір алмасып, бөлісіп отырғанын аңғаруға болады. Бір қызығы, Ә.Тәжібев Қ.Жармағамбетов екеуі 1951 жылы Бауыржан Момышұлының автобиографиялық әңгімесінің 307 беттік қолжазбасын материал есебінде пайдаланып, бір хикаят жазу үшін рұқсатын сұраған екен. Бірақ Баукең қолжазбасын пайдалануға қарсы болған. Бір жазбасында Баукең досы Әбділдә Тәжібаевқа 16-18 беттік орыс тілінде жазған «Приговор» атты қолжазбасын да бергенін тілге тиек етеді.
Құрметті оқырман, ақын Әбділдә Тәжібаевтың сыныптас әрі әріптес жазушы досы Бауыржан Момышұлы туралы 1979 жылы теледидардан сөйлеген жанды дауысын компьютерден теріп, Баукеңнің туған күніне орай назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл сұхбатты «Facebook» әлеуметтік желісіндегі Нұржан Баймаханбеттің парақшасынан алғанымызды ерекше айтып өткеніміз жөн.
«Біз Бауыржан Момышұлымен қаршадайымыздан таныспыз. Ол 1941 жылы майданда жатып, соғыс басталған жылы қайта-қайта хат жазып, мені майданға шақырып жатты. Мен ғана емес, жалпы жазушылардың бәрін майданға шақырып жатты. Хатты маған арнап жазатын себебі – ол кезде мен Жазушылар одағы президиуымының бастығы едім. Мұқаңа арнап өзіне хат жазып, Сәбеңе арнап өзіне хат жазып, маған да жазып, ақырында мен 1942 жылдың көктемінде Панфилов атындағы 8-ші гвардия дивизиясына Холмның түбінде тұрғанда барып қайттым. Барып қайтып, он бес күндей соның штабында болдым. Ол кезде жауын, жер лайсаң кез. Майданның шамалы тоқтасып тұрған кезі еді. Көп әңгіме айттық. Көп сыр шертістік. Сөйтіп мен фронттан елге қайтып келіп, Бауыржанды көргенімді, Бауыржанмен болған әңгімелерді жазушылар одағында сөйлеп бердім. Жолдастарға айтып бердім. Ең ақыр аяғында, майдан бітті. Атақты полковник Бауыржан елге қайтты. Содан кейін баяғы «жазушы болсам» деген іздеген арманын орындады. Бауыржанның жазған кітаптарын, шығарған бірнеше томын жақсы білесіздер. Оны түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Сөйтіп жүріп Бауыржан да қартайды. Мына мен де қартайдым. Менен бір-ақ жас кіші болатын. Ақырында ол үйінде отырып күжілдеп өткенді ойлап «шіркін жастық шақ-ай» деуші еді. Ауылын еске алушы еді. Ауылын еске алғанда: «Алатаудың салқын лебі маңдайға тиіп, салқын бұлағы таңдайға тиіп, жастық шақта шұрқыратып жүруші ек-ау», – деп күліп сөйлеп те қоюшы еді.
– Сен маған фронтқа барғанда «Бауыржан – керемет жауынгер» деп өлең жазып едің. Енді қартайған кезімде маған неге өлең жазбайсың? – деді бір күні.
– Сенің оның жөн екен, – дедім. Мен сенің қартайған тұсыңдағы қазіргі суретіңе де арнап өлең жазайын. Ол бұрынғыдан да қызықтылау болу керек, – дедім. Егер рұқсат етсеңіздер, сол өлеңді қазір оқып берейін.
Бүркіттей тұғырда отыр сілкінбеген,
Шал бопты көкірегі күркілдеген.
Айдындай ақ маңдайын әжім торлап,
Көзінің алды да аздап күлкілдеген.
Тарылып күйкі тартқан кең кеудесі,
Секілді тозған тұлға көлеңкесі.
Ойласа от күндерді алады өксіп,
Қазақтың ай мүйізді ақ серкесі…» – деп айтыпты ақын өз сұхбат естелігінде.
Әбділда Тәжібаевтың қысқа ғана айтқан естелік әңгімесінен Баукеңнің өмірі мен шығармашылығына, жалпы даңқты жерлесімізге қатысты қызықты деректер айтылғанын аңғару қиын емес. Мұндай деректер бауыржантанушылар үшін құнды материал болмақ.
Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,
бауыржантанушы