Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаңғыбас иттен қауіп көп

0 379

Қас қарайған шақта Тараздың көшелерінде бұралқы-қаңғыбас иттердің қаптап кететіні бүгінде үлкен мәселеге айналды. Әсіресе, оқу жылы жақындаған сайын ата-аналардың көңіліндегі алаң басылмай тұр.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қаңғыбас иттермен күрес шаралары қоғамда әрдайым қызу пікірталас тудырады. Гуманистік көзқарасты алға тартқан топ оларды аулап, асырап бағуды жөн санаса, келесі топ олардың көзін жойғанды дұрыс көреді. Десек те, қаламыздағы бүгінгі ахуал көңіл көншітпейді. Ветеринарлық қызметтің бұралқы иттердің көзін жою жолында атқарып жатқан жұмыстары біреуге жағады, екінші бір адамға жабайылықтың нышанындай көрінеді. Алайда мамандардың иттердің көзін ату жолымен жоймасқа шарасы болмай отыр. Себебі қала аумағында оларды асырайтын пана жоқ. Қазақстанда «Ветеринария туралы» Заңға сәйкес жануарларды жансыздандыру адам өміріне қауіп төнген жағдайда рұқсат етілген. Сондай-ақ ит иелерінде үй жануарының құжаты болуы міндеттелген. Ал үй жануарын сейілге алып шыққан жағдайда мойнында қарғыбау, тұмсығында тұмылдырық болуы тиіс. Көп жағдайда ит иелері үй жануарын қараусыз қалдырғандықтан, ит аулаумен айналысатын ветеринарлық қызметтің мамандары мақұлықты көзсіз атып тастап, арада кикілжің туындайды. Мұндай жайттың алдын алу үшін жануардың иесі сақтық шараларын қатаң жүргізуі тиіс.
Айта кететін дәйек, биыл Қазақстанда қаңғыбас мысықтар мен иттерді аулауға және жоюға 1 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар құтырма ауруының алдын алу мақсатында 980 590 ит пен мысыққа екпе егілген. Бұл деректер мәлім болған жиында сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев үй иттері мен мысықтарды ұстау және серуендету бойынша жалпыреспубликалық ережелердің қабылдануын орынсыз деп атаған болатын. Енді өңірдегі ахуалға тоқталсақ. Белгілі қоғам белсендісі, блогер Жанна Әбдірахманқызының айтуынша, иттерді ату жолымен жою мәселені тек күрделендіре түседі.
– Әрбір дамыған мемлекетте үй жануары болсын, жабайы жануар болсын көшеде қараусыз жүрмеуі тиіс. Бұл мәселе бойынша біз екі жылдан бері әлеуметтік желілер мен баспасөз беттерінде дабыл қағып келеміз. Ит асыраушылар үй жануарларын ветеринарлық бөлімге тіркеп, есепке қоюы тиіс. Өз уақытында ем-шараларын жүргізіп, екпе егуге міндетті. ҚР Заңына сәйкес ит пен мысықтарды аулаған соң арнайы панаға апарып, олардың иелерінің келуін күту керек. Ал иелері келмеген жағдайда ол жануарлар гуманитарлық әдістермен, яғни эвтаназиялау арқылы жойылады. Өкінішке орай, бұл нормалар бізде сақталмайды. Бұл – аудиторлық тексеру нәтижесінде тіркелген дерек. Бұл деректі анықтау кезінде біз қалалық ветеринарлық бөлімнің заңға қайшы әрекет жасап отырғанына көз жеткіздік. Итті ату – мәселенің шешімі емес, – дейді қоғам белсендісі.
Сонымен қатар Жанна Әбдірахманқызы қала тұрғындарының шаһар аумағында ветеринарлық бөлімдердің жұмыс істейтінінен хабары жоқ екенін айтады. Бұл ретте аталмыш қызметтің мамандарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстары жөнінде сауалымызға жауап алдық. Қала әкімдігінің ветеринарлық бөліміне қарасты қызметтің директоры Жанат Иманбаевтың айтуынша, бұл мекеме мамандарының ұсынатын қызметтері баспасөз беттері мен телеарнада тұрақты түрде жарияланып келеді. Әңгіме барысында маман алдағы уақытта халыққа үгіт-насихат жұмыстары әлеуметтік желілерде кеңінен жүргізілетінін айтып, уәде етті. Орайлы сәтті пайдалана отырып, ветеринарлық бөлімнің басшысы Әнуарбек Қалтаевпен де тілдесіп, мәселенің жай-жапсарына тереңінен үңілдік.
Бүгінде Таразда 32 мың ит заңды тіркеуде тұр. Ал жоба бойынша барлығы 70 мыңға жуық ит бар. Жылына ату тәсілімен жойылатын иттердің саны – 15 мың. Бұл шараны жүргізуге бағытталған жұмыстарға 20 миллион 178 мың теңге көлеміндегі қаражат жергілікті қалалық бюджет есебінен аударылады. Аталған қаржы 3 бригада, 3 көлік жүргізушісі, 1 мал дәрігері, 1 диспетчерге жалақы, жағармай және оқ-дәріге жұмсалады.
– Жабайы иттерді ату жолымен азайтпасқа амалымыз жоқ. Олар 3 ай сайын көбейеді. Бір туғанда 10 күшіктен туады. Иттердің иелері ол күшіктерді қоқыс маңына, автотұрақтарға, базарға тастап кетеді. 6 айлығында әрбір мақұлық көбеюге қабілетті болады. Бүгінде ит пен мысықтарға арналған пананың жобасы әзірленіп, келесі жылдан бастап құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Пана салынған тұста біз жұмысымызды заңға сәйкес орындауға мүмкіндік аламыз. Өкінішке орай, заңда үй жануарын қараусыз жібергендерге жаза тағайындалмаған. Ал біздің тұмылдырықсыз, қарғыбаусыз жүрген иттерді атпасқа амалымыз қалмайды. Осының кесірінен талай мәрте тұрғындармен кикілжіңге келген сәттер болған, – дейді Әнуарбек Шамжандыұлы.
Әуелде атап өткеніміздей, жабайы иттерден әсіресе оқушыларға төнетін қауіп көп. Мысалы, бар-жоғы 7 ай ішінде шаһарда 1120 ит қауып алу дерегі тіркелген. 1 ит құтыру диагнозымен өлтірілген. Ал иттерден жұғатын жұқпалы аурулардан барлығы бірдей қорғалған деп айта алмаймыз. Олардың қала аумағында, көше қуыстарында, тротуарлар мен қоқыс жәшіктерінің маңында, көлік тұрақтарында өріп жүруі көптің зәресін алатыны жасырын емес. Мың жерден итті жеті қазынаның бірі деп әспеттесек те, бұралқы иттен келетін бәледен ешкім алдын ала сақтанбаған. Ал мамандар бұл мәселені барынша тиімді жағынан реттеуге тырысып бағатындарын, алайда жағдайдың күн тәртібінен түспей тұрғанын айтып, қынжылыстарын білдірді. Дегенмен үй жануарларын уақытша ұстауға лайықталған пананың салынатыны көңілге медеу болды. Қарапайым қала тұрғындары үшін де көшеде тауып алған күшіктерді жайлы орынға тапсыратын күн алыс емес.
Мекеме мамандарынан ветеринарлық қауіптің алдын алу мақсатындағы иттердің өлексесін тастайтын арнайы орын туралы да сұрадық. Айтуларынша, қала аумағында «Тектұрмас» кешені маңында 2 «Беккари» шұңқыры, яғни мал өлексесін тастайтын орын бар. Бүгінгі күні екеуі де жабылған. Осы себепті Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылдық округіне қарасты Шөлдала аумағында жаңа «Беккари» шұңқыры салынбақ.

Түйін:

Әдетте, кез келген саладағы олқылықтарды ойға алғанда, дамыған мемлекеттердің тәжірибесін алға тартқанды жанымыз сүйеді. Мысалы, Еуропа елдерінде жануарларды ешбір әуре-сарсаңсыз есепке алу үшін оларға арнайы чип тағылады. Бұл тәжірибе еліміздің ірі қалаларында да біртіндеп іске асырылып келеді. Үй жануарларының қожайындарын аталмыш чипті алуға міндеттеу арқылы қосымша қаражат бөлу мәселесін жеңілдетуге болар еді. Алайда қоғамға зиянын тигізбеудің орнына немқұрайлылық танытудан танбайтын біздің бұқараға бұл тиімді бастаманы түсіндіріп, санаға сіңдіреміз дегенше талай адамды ит қауып, талай үй жануары оққа ұшады. Мұндайда «үмітсіз шайтан» демеске лажымыз да жоқ. Тек оқу жылы басталар тұста балаларыңызды қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Көшеде бейберекет жүрген бұралқы иттерден сақтаныңыз, айналаңыздағыларды да қорғаңыз!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.