Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қаңтар оқиғасы кезінде азаматтарды азаптаған полицейлер сотталды

0 834

Талдықорған сотында Қаңтар оқиғасы кезінде азаматтарды азаптаған экс-полицейлерге сот үкімі шықты.

Қылмыстық іс барысында 2022 жылдың қаңтарында Алматы облысының полиция қызметкерлері қаңтар оқиғасына қатысты деген күдікпен азамат С.-ны полиция бөлімінің әкімшілік ғимаратына әкелгені анықталған.

Экс-полицей Т. департамент дәлізінде қолы кісенде тұрған С.-ның белінен ұрған.

Іс материалында тағы үш полицейдің 2022 жылдың 7-16 қаңтары аралығында 5 адамды кінәсін мойындату мақсатында оларды қорқытып, сол арқылы моральдық және физикалық зиян келтіргені айтылған.

Бір экс-полицей өзіне тағылған айыпты мойындады, шығынды өтеді. Қалған үш азамат кінәсін мойындамай, соттан өздерін ақтауды сұрады.

Кінәсін мойындаған азамат қылмыстық кодекстің 146-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен 2,5 жылға бас бостандығы шектелді.

Азамат А. қылмыстық кодекстің 146-бабы 1,2,3-тармақтары, қылмыстық кодекстің 58-бабының 3, 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Б. қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігінің 1,2,3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды және оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Е. қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Қаңтар оқиғасынан кейін қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

qaz365.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.